Талдықорғанда майорды үйінің алдында атып кеткен
Талдықорғанда майорды үйінің алдында атып кеткен
5,086
оқылды

Алматы облысында 36 жастағы майорды үйінің алдында басынан атып кетті, – деп хабарлайды «КТК» арнасы.

Алматы облысында әскери бөлімше басшысының орынбасарын атып кетті. 36 жастағы майордың денесі өзі тұратын үйдің алдынан табылған. Рүстем Жанықбаев Талдықорғандағы №48386 әскери бөлімшеде қызмет еткен. Сондықтан марқұмның әкесі бұл қастандық оның қызметіне тікелей қатысты болуы мүмкін дейді. Алайда майорды мерт қылғандардың кім екені әзірге белгісіз. Тәртіп сақшылары әскериге оқ атқандарды іздеуге кірісті.

Телеарнаның хабарлауынша, Рүстем Жанықбаевтың өлі денесі өзі тұратын үйдің алдынан кеше кешқұрым табылған.

Талдықорғандағы Қаратал ықшамауданындағы аулада жатқан марқұмды куәгерлер көріп, жедел-жәрдем шақыртқан екен.

Алайда дәрігерлер келгенше 36 жастағы майор жан тапсырған. Оны белгісіз біреулер аңшы мылтығымен басынан атыпты.

Алматы облыстық ПД ресми өкілі Серік Үпиев: «Аталған дерекке қатысты жедел іздестіру тобы құрылды. Топтың құрамына тәжірибелі мамандар жұмылдырылды. Қазір қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған кеңауқымды іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді.

Қаскөйлердің қолынан қаза тапқан майордың артында екі баласы қалды.

Тергеу жалғасып жатыр.