Оның сөзіне сүйенсек, өңірде қазір 175 нотариус жұмыс істейді. Олар 336 071 нотариалдық құжат рәсімдеген. Облыс бюджетіне 116 миллион теңгеден астам салық төлеген.
Алайда атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша нотариустердің жұмысымен кемшіліктер анықталған. Нәтижесінде, 6 нотариусты жауапқа тартты.Ал 26-на ескерту берілген. Десе де жыл ішінде жеке сот орындаушылар борышкерлердің берешегін өндіріп ғана қоймай, өздері де заңсыз әрекеттерге жол берген. Мәселен, облыстағы 100 жеке сот орындаушының 64-і тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Бұл – аймақтағы жеке сот орындаушылардың тең жартысы жұмысына салғырт қарады деген сөз. Жалпы, сот орындаушыларына бүгінгі бұқараны өкпесі қара қазандай. Себебі, аталған сала мамандары борышкерлерді ескертпей есепшоттарын бұғаттап, зар жылатқанын сан мәрте естігенбіз. Тіпті кейбірін кеңсесінен таба алмай, табан тоздырғандар да аз емес. Сондықтан жеке сот орындаушылардың жұмысының өзін құзырлы мекемелер майшаммен қарауы қажет.Ал сот орындаушыларына келсек, аймақта 15 мемлекеттік және 100 жеке сот орындаушы бар. Оларға былтыр 281 борышкердің ісі жолданып, 100 борышкерге айыппұл салынып, 155-сі әкімшілік қамауға алынған.
Департамент басшысы Ермек Алтынбеков тоқсан сайын олардың жұмысы қадағаланатынын, заңсыздық анықталса, ісі өңірлік палатада қаралып, нақты шара қолданылатынын айтуда. Әйтеуір, айтылған уәде сол жерде қалмаса болғаны.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы