Арман Қырықбаев Nur Otan партиясының хатшысы болып тағайындалды
Арман Қырықбаев Nur Otan партиясының хатшысы болып тағайындалды

Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың келісімімен Арман Қырықбаев Nur Otan партиясының хатшысы болып тағайындалды.

Бұл туралы партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Twitter-дегі парақшасында:  «Партия Лидері Н.Ә. Назарбаевтың келісімімен Арман Қырықбаев Nur Otan-ның Хатшысы болып тағайындалды. Оның партиядағы, сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік органдардағы мол жұмыс тәжірибесі алдағы міндеттерді табысты іске асыруына мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деп жазды.

Ол 1992 жылы Жезқазған облысы, Приозерск ауданының Шашубай кентінде (қазіргі - Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы) №7 мектебін бітірді.

1992-1996 жылдары Қазақ Мемлекеттік Экономикалық Университетінде «халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша оқыды. Еңбек жолын 1996 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ТМД және Балтия елдері басқармасының референті ретінде бастады.

1997 жылғы сәуір-мамыр айларында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ТМД департаментінде атташе болып қызмет атқарды.

1997 жылдың мамырында Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшілігіне атташе ретінде тағайындалды. 1999 жылғы наурыз-2000 жылғы шілде аралығында Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшілігінің үшінші хатшысы қызметін атқарды.

2000 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жолдамасымен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясына оқуға түсіп, оны тәмәмдағаннан кейін ТМД Комитетінің Орта Азия және Закавказья бөлімінде Екінші хатшы болып қызмет етті.

2002 жылғы қазаннан бастап «Корпорация «АВЕ» ЖАҚ Стратегия және маркетинг департаментінің директоры, кейін Корпоративтік даму департаментінің директоры.

2004 жылғы қарашадан 2005 жылғы наурызға дейін «К-МАРТ» ЖШС бас директоры міндетін бірлесе атқарды.

2005 жылғы наурыз-мамырда Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары, 2005 жылғы мамырдан 2006 жылғы сәуірге дейін Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту қорының директоры қызметтерінде болды.

2006 жылдың сәуірінен 2008 жылдың ақпанына дейін Мәдениет және ақпарат министрлігі қоғамдық-саяси жұмыс және қоғаммен байланыстар департаментінің директоры, ал 2008 жылғы ақпаннан бастап 2010 жылғы қаңтарға дейін Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетінің төрағасы болып қызмет етті.

2010 жылдың қаңтарынан 2012 жылдың ақпаны аралығында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

2012 жылдың ақпан айынан бастап Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі. Министрлікте ақпарат, тіл саясаты, ішкі саясат бөлімінде басшылық қызметтер атқарған.

Сонымен қатар Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.