12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделіп отыр.
Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды.
«Біріншіден, мал ұрлығы деген жеке бап енгізілмек. Ол қылмыс үшін басқа ұрлық түрлеріне қарағанда жаза қатал болмақ. Жалпы, бұл норманың маңызы зор. Төрт түлікке қол сұғу – ауыл адамын күнкөріс көзінен айырумен бірдей. Осыған тосқауыл керек. Қазір мал ұрлау кәсіпке айналған», – деді Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.
Енді бұл санатта теріс қылық пен орташа ауыр қылмыс деген болмайды. Заң жобасында жай құрам үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру ескерілген. Егер топ болып алдын ала сөз байласып, ірі мөлшерде ұрлық жасаса – 7 жылға дейін сотталады. Бірнеше рет мал қораға, қоймаға бұзып кіргені үшін – 10 жыл. Аса ірі көлемде және қылмыстық топ болып ұрлық жасаса, 12 жыл бас бостандығынан айыру көзделген.