Ақмолалық полицейлер мемлекетаралық іздеуде болған шымкенттік алаяқты қолға түсірді, деп хабарлайды «Айқын» республикалық газетінің тілшісі Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ақмолалық тәртіп сақшылары халықаралық іздеуде болған алаяқты Жақсы ауылынан тауыпты.
"Жақсы аудандық криминалды полицияның қызметкерлеріне 26 қаңтарда мемлекет аралық іздеуде жүрген қылмыскердің жүргені туралы хабар түсті. Дереу жедел-іздестіру шаралары ұйымдастырылып, полиция сақшылары іздеудегі ер адамға ұқсас адамды тапты. Ол расында да Шымкент қалалық Әл-Фараби аудандық сотымен іздеу салынған, өткен жылы алаяқтығы үшін қамауға алынуы тиіс 28 жастағы жігіт екені анықталды. Қазір ол Жақсы аудандық полиция бөлімінің уақытша изоляторына қамауға алынды", - деді Ақмола облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.Іздеу салған бастамашыға қылмыскердің ұсталғаны туралы хабарлама жолданған. Жалпы ақмолалық полицейлер өткен жылы 80-нен астам қылмыскерді ұстаған. Олардың 13-і бірнеше жыл іздеуде болыпты.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы