Жаңа жүйе талқыланды
Жаңа жүйе талқыланды

Nur Otan партиясының Алматы қалалық филиалында «Денсаулық» бағыты бойынша арнайы комиссияның жиыны өтті. Бұл күні екі мәселе қаралды. Бірі – Алматы қаласы медицина мекемелерінде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізудің дайындығы туралы болса, екіншісі – ауру-сырқау мен қатерлі аурулардан болатын өлім-жітім мәселелерін талқылау.

Жиынды Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі, «Денсаулық» бағыты бойынша комиссияның төрағасы, №5 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Болат Садықов ашты. Ол биыл Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге үлкен дайындық жүргізілгенін атап өтті. Сондай-ақ халыққа үлкен профилактикалық скрингтік тексеру жүргізілгеніне тоқталып, бүгінгі жиын осы екі ауқымды мәселеге арналатынын айтты. Жыл бойы не атқарылып, келер жылғы жоспарларды ортаға салатын күн екендігіне тоқталды.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Алматы қалалық филиалы директорының орынбасары Жанар Кенжебаева «Алматы қаласы медицина мекемелерінің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайындығы туралы баяндама жасады. Ол қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге барлық қажетті шараларды атқарғанын атап өтті. Оның айтуынша, 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысында Міндетті әлеуметтік медициналық жүйені енгізудің қанатқақты жобасы іске асырыла бастаған. Ай сайын оның қалай жүргізіліп жатқаны жөнінде қорытынды жасалып, кездескен мәселелер дер кезінде талқыланып отырды. Тұрғындар арасында міндетті әлеуметтік медициналық жүйе туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

– Nur Otan партиясы медициналық қызметкерлермен бірге денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді талқылауды және оны халыққа жеткізуді үрдіске айналдырған. 2020 жылдан Міндетті медициналық сақтандыру қоры жұмысын бастайды және медицина қызметкерлері сол бағдарлама аясында жұмыс істейтіндіктен медицина мекемелерінің сол бағдарламаға дайындығы пысықталды. Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың жоспарымен танысты. Тағы бір көтерілген мәселе елімізде обыр ауруымен ауыратын тұрғындардың саны артып, өлім-жітімнің көбеюіне байланысты қандай іс-шаралар жүргізіліп жатыр және қала тұрғындарына қандай көмек көрсетіліп жатқаны айтылды. Сақтандыру енгізілгеннен кейін қала тұрғындарына қандай медициналық көмектер тегін көрсетілетіні, ол қызметті қандай мекемелер атқаратыны сөз болды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін барлық медициналық мекемелерде скрингтік тексеру жүргізу жалғасын табады. Омырау безінің обыры мен жатыр мойны обыры профилактикалық скрингтен өткізілуі әрі қарай да жүргізіле береді. Скрингтік тексерулердің нәтижесінде Алмалы ауданында 13 обыр анықталды. Обырдың бірінші және екінші сатысында анықталғандықтан, олардың өмір сүру қабілеті 10-15 жылға дейін ұзартылады. Бұл өте жақсы көрсеткіш болып есептеледі, – дейді №8 қалалық емхананың бас дәрігері Фарида Ағыбаева.

Сондай-ақ бұл күні тұрғындар жыл сайын өзі тіркелген медициналық мекемеге барып, профилактикалық тексеруден өтіп тұрғаны маңызды екені сөз болды. Мемлекеттік бағдарлама енгізілгелі халықтың өз денсаулығына қарау, алдын ала барып тексерілуі 50-60 пайызға ғана жақсарған. Әлі де болса халық арасында өз денсаулығына немқұрайлы қарайтындар көп. Сондықтан медицина қызметкерлері тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп келеді.