Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның басқарма төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады. Кездесу кезінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті назарына қордың 2019 жылғы даму қорытындылары туралы ақпарат ұсынылды. А.Есімовтің мәліметінше, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының таза табысы 1,2 триллион теңгені құрады. Бұл жоспарлы көрсеткіштен 38%-ға көп. Қарыз жүктемесі 2017 жылдан бері 1 триллион теңгеге азайған. Сыртқы борышы 5,1 миллиард долларға кеміді. Ұлттық әл-ауқат қоры компанияларының қаржылық жағдайын ары қарай жақсарту, портфельді компанияларды ІРО-ға шығару және жекешелендіру жоспарын жүзеге асыру бойынша шараларға ерекше көңіл бөлінді. Кездесу соңында Н.Назарбаев бірқатар нақты тапсырма берді. Елбасы осы күні «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматовпен кездесті. Жүздесу барысында Ғ.Пірматов Тұңғыш Президентке «Қазатомөнеркәсіптің» 2019 жылғы қызметінің қорытындылары және 2020 жылғы даму жоспарлары туралы баяндады. – Өткен жылға белгіленген барлық өндірістік және қаржылық көрсеткіштерге қол жеткізілді. Биылғы жылғы даму стратегиясы және басымдықтары анықталды. Компания екі жыл қатарынан тек ең ірі уран өндіруші ғана емес, сонымен қатар әлемдегі ең ірі уран сатушы болып танылды, – деді ұлттық компания басшысы. Бұған қоса, «Қазатомөнеркәсіп» басқарма төрағасының айтуынша, компания еңбекті қорғау, қоршаған ортаны сақтау және корпоративтік басқару мәселелеріне үлкен мән беріп отыр. Айхан ШӘРІП