Қазақстан жемқорлықпен күрестің әлемдік рейтингісінде бірден 19 сатыға жоғарылады
Қазақстан жемқорлықпен күрестің әлемдік рейтингісінде бірден 19 сатыға жоғарылады
637
оқылды

Коррупцияға қарсы жаһандық қозғалыс саналатын Transparency International ұйымы бүгін 2020 жылғы «Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексін» (CPI) жариялады. Дүниежүзілік осы рейтингте Қазақстан тұңғыш рет 38 балл жинап, бірден 19 тұғырға жоғарылады.

Бұл жолы жемқорлықтың денсаулық сақтау жүйесін күйрететін ықпалы және COVID-19 пандемиясы аясында елдерде демократиялық принциптердің бұзылуы – жаһандық зерттеудің негізгі тақырыбына айналды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан 38 балл жинап, 94-ші орынға шықты. Мемлекетіміз бұл орынды Бразилиямен, Эфиопиямен, Перумен, Сербиямен, Шри-Ланкамен, Суринаммен және Танзаниямен бөлісіп отыр. Қазақстандағы жағдай 9 дереккөзден алынған мәліметтер негізінде бағаланды. Нәтижесінде, бірден 4 рейтинг агенттігінің сарапшылары республикада қабылданып жатқан антикоррупциялық шараларға деген бағасын былтырғыға қарағанда жоғарылатты. Мысалы, Global Insight Country Risk Ratings Қазақстанға қатысты өз бағасын 2019 жылғы 35 балдан 2020 жылы 47 балға дейін, IMD World Competitiveness Yearbook – 55-тен 61-ге дейін, PRS International Country Risk Guide – 43-тен 58-ге дейін, ал World Justice Project Rule of Law Index – 36-дан 38 балға дейін көтерді. Қалған 5 агенттік те төмендетпей, өткен жылғы жақсы деңгейде қалдыруды жөн санады. Transparency International ұйымы денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайға және әлемде демократиялық институттардың ұстынын шайқалтқан қауіп-қатерлерге қарамастан, рейтингтегі Қазақстан бағасының өсуін жақсыға жорыды. «Бұл Қазақстанда коррупцияға қарсы іс-қимыл бағытында жүйелі, бірізді жұмыс жүргізіліп жатқанын куәландырады. Әлемдік қоғамдастық Қазақстан басшылығының қызметін оң бағалап отыр. Қазақстан басшылығы пандемия кезеңінде халық пен бизнесті қолдау бойынша іс-шаралар топтамасын қабылдады. Сондай-ақ ол сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейту, мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру бойынша түзетулер енгізді», – деп мәлімдеді Transparency International. Дегенмен, ұйым денсаулық сақтауға жұмсалған шығыстар туралы халыққа анағұрлым толымды, егжей-тегжейлі мәлімет беруді, қаржылық ақпаратты айқын, ашық әрі қолжетімді етуді, журналистер мен құқық қорғаушылар қызметін шектемеуді, сөйтіп демократиялық бостандықты нығайтуды ұсынды. 2020 жылғы «Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі» рейтингінде 88 балға ие болған Дания мен Жаңа Зеландия көш бастады. Ал сарапшылардан бәрінен аз – 14 және 12 бал ғана тиген Сирия, Сомали және Оңтүстік Судан рейтинг соңында қалды. Өңірлік деңгейде ең үздік көрсеткішке Батыс Еуропа ие болды: онда орташа балл 66-ға тең. Бұл ретте Қазақстан «ЕОА» (Еуропа және Орталық Азия» елдері тобында бағаланды. Өзге посткеңестік елдердің бәрі дерлік «ШЕОА» (Шығыс Еуропа және Орталық Азия) тобына енді: мұндағы жақсы жетістік көрсеткендер: Грузия – 56 балл, Армения – 49 балл, Беларусь – 47 балл, Черногория – 45 балл, Түркия – 40 балл, Сербия – 38 балл. Қазақстан сыбайлас жемқорлықпен күресте Орталық Азиядағы лидер ретінде танылды.