Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында Túrkistan халықаралық газеті жинағының таныстырылымы болып өтті.
Túrkistan-ның жарыққа шыққан күніне орайластырылған іс-шараға ҚР Бас редакторлар клубының вице-президенті, саясаттанушы, публицист Кенжеболат Жолдыбай, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Құрманәлиев Кәрімбек, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, ҚР Жазушылар Одағы Астана қаласы филиалының директоры, айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы және бір топ қоғам қайраткері мен журналистер қатысты.
Таныстырылымға арнайы ғылыми баяндама әзірлеп келген Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Гүлмира Әшірбекова газет бетінде әр жылдары жарық көрген мақалаларды жан-жақты талдады. Сонымен қатар басылым бетіне бүгіндері жарияланып жүрген материалдарды сараптап, журналистерге жылы лебізін білдірген ол аталған баяндаманы қазақ баспасөзін зерттеушілер мен студенттер үшін таптырмас көмекші құрал ретінде ғылыми журналға жариялайтынын айтты.
Аталған жинаққа тәуелсіздік жылдары газет бетіне жарияланған таңдаулы материалдар іріктеліп енгізілген. Жиынға жиналғандар жинақтың қалың оқырманға рухани азық болатынын айта отырып, газеттің бүгінгі бет алысына оң бағасын берді.
«Жалпы, Túrkistan газетінің арқалаған жүгі мен аманаты үлкен деп білемін. Кезінде студенттер жатақханасына жаздырып алатын үш газеттің біреуі осы Túrkistan болатын. Негізін Қалтай Мұхамеджанов секілді қазақ әдебиетінде ойып алатын орны бар азулы жазушы қалаған басылым осы күнге дейін жанымызға жақын. Мағжан Жұмабаев «Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?» деп айтқандай, түркі дүниесі қазақ елін қара шаңырақ деп танитын болса, Túrkistan-ның Қазақстанның қазіргі елродасы – Нұр-Сұлтан қаласынан басылып шығуы заңдылық. Túrkistan апталығы газет-журнал деген дүниеден алшақтап бара жатқан қазіргідей заманда оқырман бетін бері қаратып, оларды мазмұнды мақала-сұхбаттарымен ынтықтырып жүр. Басылым қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті адал атқарып келе жатыр десем қателеспеймін. Әсіресе, газет бетінен руханият туралы сарапатамалық материалдарды жиі оқимын. Сондай-ақ, қандастарға арналған «Атажұрт» айдарымен тамаша материалдар шығып тұрады. Қазақ ұлтына жанашыр, қазақтың шаңырағы биік, керегесі кең болсын деп тілеп кеткен ұлылар іргетасы қалаған газеттің ғұмыры ұзақ болуы керек!», – деді айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы.