Пікір
Пікір
141
оқылды


Қазыбек.JPG

Қазыбек ИСА,
ақын, публицист:

Мемлекеттік тіл туралы заң қабылданса...

– Ұлттық сенім кеңесінің бі­рінші отырысында мемле­кеттік тілдің мәселесін көтеріп, Мем­лекеттік тіл туралы заң қабылдау жөнінде ұсыныс жасадым. Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңестің екінші оты­ры­сында мен ұсынған мәселелер­ден латын әліпбиінің Ұлттық кеңесте көтерілгеніне тоқталып, кемшіліктерді түзету керегін, бұл мә­се­леге ғалымдарды тарту қажетін қадап айтып, нұсқау бергенін жеткізді. Ал Мемлекеттік тіл ту­ралы заң қабылдау мәселесінен біздің білетініміз – бүгінгі таңда Мәдениет және спорт министрлігінде жұмыс жүріп жатыр. Алдымен Мемлекеттік тілді дамы­тудың 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жасалды. Биыл 12 қазанда сала министрі Ақтоты Райымқұлова Ұлттық кеңес мү­шелеріне есеп берді.16 қазанда Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында да Мемлекеттік тіл туралы заң қа­былдау мәселесі сөз болды. Мәдениет министрлігі өткізген Тіл форумында Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау жөнінде қаулы қабылданды. Қазақ­стан халқы ассам­блеясы өткізген «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форумда да Қазақстанды мекендейтін этностар Мем­лекеттік тіл туралы заң қабылдануын қолдады. Қыркүйекте өткен Ха­лықаралық Қазақ тілі қоғамы плену­мында да Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау туралы қаулы алынды. Бұл бастаманы халық та қолдап отыр.

Президенттің «Билік халыққа пайдалы кез келген өзгеріске дайын» дегеніне ден қойсақ, бүгінгі таңда Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау өзекті мәселе болып тұр.

 

Ерлан.JPG

Ерлан САИРОВ,
саясаттанушы:

Ұтымды сұхбат алаңына айналды

– Ұлттық кеңес жұмысы аясында Қылмыстық кодекстің 130-бабы мен 174-бабын өзгерту мәселесін белгілі заңгер Айман Умарова көтерді. Мемлекет басшысы мен Кеңес мүшелері алдында өзінің принциптерін дәйекті түрде дәлелдей білді. Осы шешім бүгінде құқығы шектелген 2 мыңнан астам адамның тағдырына оң әсер ететін болды. Жазасын өтеп шыққан азаматтардың банктен есеп-шот ашуға, несие карточкасына ие болуға, жұмысқа тұруға құқы шектеулі. Енді осы мәселенің барлығы шешіледі. Кеңес жұмысы оңай жүрген жоқ. Жұмыс барысында дискуссия да, келіспеушілік те, қарама-қарсы пікірлер де аз болған жоқ. Дегенмен сең қозғалды. Кеңес ұтымды сұхбат алаңы ретінде көр­сете білді. Бүгінгі өзгерістер реформалардың ал­ғаш­­қы пакеті деп түсіну қажет. Кеңес өзінің жұмы­сын жалғастырады, демек, келесі пакет дайындалады.

Кеңес жұмысына сыни көзқарас бар. Саяси плю­рализм болғандықтан, сынның болғаны заңды. Бірақ сынның мінсіз болғаны дұрыс. Барша қоғам өкіл­дерімен бірге жұмыс істеуге Кеңес мүшелері дайын...

 

Жәнібек.JPG

Жәнібек ҚОЖЫҚ,
Ұлттық кеңес мүшесі:

Жастар жұмыспен қамтылады

– Ұлттық кеңестің жұмысын сынайтындар да, құптайтындар да. Барлық пікірге түсіністікпен қараймын. Бұл кеңеске еліме, жеріме, қарапайым ауыл хал­қына сәл де болса пайдам тисін деген мақсатпен кірдім. Ауылда тұрамын, ауыл халқының ең басты мәселесі – жұмыссыздық. Жастар жұмыс іздеп қалаға көшіп жатыр, соған қарағанда қаланың жағдайы, ауылға қарағанда шүкір болар деп ойлаймын.

Ұлттық кеңестің бірінші отырысында шетелден келетін жұмысшыларға берілетін квотаның санын қысқарту, заңсыз келгендерін елден шығару, олар­дың орнына жұмыссыз жүрген жастарды жұмысқа қабылдауды сұраған болатынмын. Ұлттық кеңестің екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мырза шетелден келетін жұмысшы­ларға берілетін квотаның санын қысқартып, оларға қойылатын талапты күшейтіп, бұл жағдайды қатаң бақылауға алатынын айтты. Сол қысқарған шетел­діктердің орнына жұмыссыз жүрген мыңдаған жас жұмысқа кіреді. Бұл теңізге тамған тамшыдай болса да елге тиген пайда. Сондықтан Ұлттық кеңеске кіргенім үшін өкінбеймін.

 

Азаматхан.JPG

Азаматхан ӘМІРТАЙ,
«Байтақ-Болашақ» экологиялық 
альянсының төрағасы:

Партия құруды қолға алдық

– Билік қоғамдағы қорда­ла­нып қалған түйткілдердің жо­лын шешу үшін, алғы­шарттарды жасауға көшті. Мәселен, күні кеше ғана өткен Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесінде Президент халықтың арыз-талаптарын, ұсыныс пен бастамаларын бір­те-бірте орындайтынын, халық пен билік арасында тұрақты диалог болатынын жеткізді. Дұрыс шешім. Президент елде бәсекелес саяси партиялардың көп болуын, олардың Парламенттен орын алуын, сол партияларды құру үшін кедергілерді алып тастау керегін және жұрт арыз-уәжін жеткізу үшін Ата заңның аясында бейбіт митингі жасауға рұқсат беретіндігін айтты. Құптарлық жайт. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, еліміздің ірі қалаларында бейбіт митингілер ұйымдастырсақ деп отырмыз. Митингі тақырыбы еліміздегі Сот жүйесі және оны қалай реформалау туралы болады. Өйткені еліміздегі осы сала әлемдік стандарттарға сай жұмыс істеп жатыр деп айта қою қиын. Митингіге келген халық сот саласын жетілдіру жөнінде ұсыныстарын айтуы тиіс.

Екінші бір басты мәселе, біз партия құруды қолға алдық. Бұл экологиялық Жасылдар партиясы бола­ды және ол экологиямен шектелмей, мемле­кеттік, халықтық, ұлттық мәселелермен де айна­лысады. Ең бастысы – Ұлт мүддесін бірінші орынға қою.