2021 жылы Қазақстан кубогының жүлде қоры 250 млн теңге
2021 жылы Қазақстан кубогының жүлде қоры 250 млн теңге
2021 жылы командалар Қазақстан кубогына қатысқаны үшін сыйақы алады, деп хабарлайды Prosports.kz. ҚКФЛ осы маусымда командаларды қаржылық тұрғыда ынталандыруға баса назар аударып отыр. Енді клубтар кубок үшін ғана емес, сонымен қатар нақты ақша үшін барын салатын болады. Қазақстан кубогы нақты жүлде қорына ие болды. Сыйақының жалпы жүлде қоры 250 миллион теңгені құрайды. Олардың көпшілігі турнирдің алғашқы кезеңінде - 1/8 және 1/4 финалда беріледі. Осының арқасында чемпионат көшбасшылары ғана емес, өзге клубтар да қаржы табу мүмкіндігіне ие болады. Кубоктың 1/8 финалында бақ сынаған 16 команданың әрқайсысы 5 миллион теңгеден алады. Турнир жеңімпазы кубоктан бөлек 20 млн сыйақы алады. Бұған дейін Қазақстан Суперкубогының да жүлде қоры жарияланған болатын. Биыл турнирге өткен маусымда үздік төрттікке енген 4 команда қатысады. Олар - «Қайрат», «Тобыл», «Астана» және «Шахтер». Аталған төрт команда биылғы Суперкубокты сарапқа салады.