Мұғалім мәртебесі биіктейді
Мұғалім мәртебесі биіктейді
276
оқылды
Ұстаз мерейін өсіріп, мәр­те­бесін көтеруге бағыт­тал­ған тарихи шешім «Педагог мәртебесі туралы» заң дер едім. Тәуелсіз ел болғалы түр­лі қиындықты бастан ке­шірдік. Елдің әлеуметтік жағ­дайын көтеру үшін эконо­мика саласына жіті көңіл бөліп, кейбір саланы ескеру­сіз қалдырдық.

Ел болып, еңсеміз көтеріліп, дамы­ған елдің қатарына қосы­луға ниет етіп жатқанда олқы тұсы­мызды толтыруды қолға алдық. Соның бірі – педагог беделі. «Алты алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі», – деп Мағжан Жұмабаев айтқан еді. Бүгін алаш арысының осы сөзі қайта тіріліп педагог мәртебесі заңмен бекітілгелі отыр.

Жаңа заңда қарастырылған позицияның барлығы мұғалімнің жеке дамуына және оқу процесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, педагогтің оқыту мен тәрбиелеудің авторлық әдістерін әзірлеу және қолдану, оқу құралдарын таңдау, ақпа­рат­тық ресурстарды тегін пай­да­лану, біліктілікті арттыру және та­ғы­лымдамадан өту форма­ла­рын таңдау бойынша кәсіби құқық­тары кеңейтілді.

Педагогке тән емес функ­ция­ларға тартуға, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салу арқылы жүк­темені азайту бойынша жеке нормалар көзделген. Осы нор­малар бұзылған жағдайда құқықбұзушылық субъектісіне байланысты 20-дан 120 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салынады.

Бұдан бөлек, педагог маман­дардың балаларын балабақшаға орналастыруда басымдық беру, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапаты сияқты бірқатар материалдық емес ынталандырулар қарасты­рылған. Бұл ретте әскери қыз­­метке шақыруды кейінге қал­дыру, ауылдық жерде жұмыс іс­тейтін педагогтерге жоғары жалақы төлеу, денсаулығын сақтау, «Үздік педагог» сияқты гранттарға әлеу­меттік кепіл­діктер сақталған.

Көзделген нормалардың ма­ңыз­ды блоктарының бірі – ма­териалдық ынталандыру. Негізгі материалдық ынталандыруларға сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін екі есе мөлшерде қосымша ақы, педагогикалық шеберлігі үшін қосымша ақы, барлық педагог үшін демалыс уақытын 56 күнге дейін ұлғайту, тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеу жатады. Бұған қоса магистр дәрежесі бар тұлғалар үшін 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы қарастырылған. Бұл норма өз кезегінде мектепте жұмыс іс­тейтін 5 029 педагогке қатысты және мектептерге академиялық дәрежесі бар жаңа мамандарды тартуды көздейді.

Педагог мәртебесі туралы заңды Мәжіліс депутаттары да қызу талқылап, өз тарапынан бір­қатар ұсыныстар айтып, тү­зетулер енгізді. Мәселен, 2021 жыл­ғы 1 қыркүйектен бастап орта білім беру ұйымдары педагогтары үшін апталық нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа төмендету жөніндегі норма енгізілді.

Сондай-ақ педагогтардың педа­гогикалық этика норма­ларын бұзуы бұрын көздел­ген­дей әкімшілік құқық бұзу­шы­лыққа емес, Қазақстан Рес­­публикасының Еңбек кодек­сінде көрсетілген кәсіби жауап­сыз­дыққа әкеп соғатын теріс қы­лыққа теңестірілді.

Білім беру саласындағы уә­кілетті орган айқындайтын тізбе бойынша білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасындағы халықаралық олимпиадалардың, конкурстар мен спорттық жа­рыс­тардың жеңімпазын, жүл­де­герін дайындаған педагогқа тиісті мем­лекеттік білім беру ұйы­мының қызметі бойынша үнемдеу есебінен лауазымдық үш айлықақы мөлшерінде біржолғы сыйақы төленуін көздейтін норма енгізіліп, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы құрметті атағымен марапатталған педа­гогқа 1 000 еселенген айлық есеп­тік көрсеткіш мөлшерінде бір­жолғы төлем белгіленді.

Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін педагогтерге жеке тұр­ғын үй құрылысы үшін жер учас­келерін басым тәртіппен беруге кепілдік белгіленсе, педагогтің білім алушылар, тәрбиеленушілер және олардың ата-анасы немесе өзге де заңды өкілдері тарапынан өзіне құрметпен қарауды және тиісті мінез-құлықты талап ету құқығы нақтыланды.

Мұғалімдерді өздеріне тән емес жұмыстарға тарту, оларды қоғамның әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамуына жәрдемдесуге міндеттейтін нор­малар және қайталанатын ережелері бар нормалар алынып тасталды.

Сонымен бірге өзінің лауа­зым­дық міндетін орындау кезінде педагогқа былапыт сөйлеген, мазақ қылған, бейәдеп іс-әре­кеттер жасаған, және де бұқара­лық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы басқа да осын­дай әрекеттерге барған адам әкім­шілік жауапкершілікке тар­тылады. Мысалы, педагогтерге этикаға жат қылық көрсеткен жеке тұлғаға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Егер ол адам осы әкімшілік жаза қол­да­нылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған болса, 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 5 тәу­лікке дейінгі мерзімге әкім­шілік қамауға алынады. Осы құқықбұзушылықты 12 жас­тан 16 жасқа дейінгі ба­лалар жасаса, ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Осы әрекет әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, бұл айыппұл 10 АЕК-ке өседі.

Ұстаздардың құқығы, бе­делі, әлеуметтік жағдайы заң­мен бекітіліп, үлкен құрмет көр­сетілген соң, оларға қойылатын кәсіби талап та арта түседі. «Мек­тептің жаны – мұғалім. Ол қан­дай болса, мектеп те сон­дай. Яғни, мұғалім білімді болса, балалар мектептен терең білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика мен методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзі бүгінгі ұстазға қойылатын талап­ты дөп басып тұр.

Жаңа заң еліміздің тиісті деңгейдегі білім ордаларында қолданысқа енсе, мұғалімдерге де, білім алушыларға да тиімді болып, білім сапасын арттыруға зор мүмкіндік ашылады.

Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ,  Мәжіліс депутаты