Ұстаз мерейін өсіріп, мәртебесін көтеруге бағытталған тарихи шешім «Педагог мәртебесі туралы» заң дер едім. Тәуелсіз ел болғалы түрлі қиындықты бастан кешірдік. Елдің әлеуметтік жағдайын көтеру үшін экономика саласына жіті көңіл бөліп, кейбір саланы ескерусіз қалдырдық.
Ел болып, еңсеміз көтеріліп, дамыған елдің қатарына қосылуға ниет етіп жатқанда олқы тұсымызды толтыруды қолға алдық. Соның бірі – педагог беделі. «Алты алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі», – деп Мағжан Жұмабаев айтқан еді. Бүгін алаш арысының осы сөзі қайта тіріліп педагог мәртебесі заңмен бекітілгелі отыр.
Жаңа заңда қарастырылған позицияның барлығы мұғалімнің жеке дамуына және оқу процесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, педагогтің оқыту мен тәрбиелеудің авторлық әдістерін әзірлеу және қолдану, оқу құралдарын таңдау, ақпараттық ресурстарды тегін пайдалану, біліктілікті арттыру және тағылымдамадан өту формаларын таңдау бойынша кәсіби құқықтары кеңейтілді.
Педагогке тән емес функцияларға тартуға, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салу арқылы жүктемені азайту бойынша жеке нормалар көзделген. Осы нормалар бұзылған жағдайда құқықбұзушылық субъектісіне байланысты 20-дан 120 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салынады.
Бұдан бөлек, педагог мамандардың балаларын балабақшаға орналастыруда басымдық беру, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапаты сияқты бірқатар материалдық емес ынталандырулар қарастырылған. Бұл ретте әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру, ауылдық жерде жұмыс істейтін педагогтерге жоғары жалақы төлеу, денсаулығын сақтау, «Үздік педагог» сияқты гранттарға әлеуметтік кепілдіктер сақталған.
Көзделген нормалардың маңызды блоктарының бірі – материалдық ынталандыру. Негізгі материалдық ынталандыруларға сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін екі есе мөлшерде қосымша ақы, педагогикалық шеберлігі үшін қосымша ақы, барлық педагог үшін демалыс уақытын 56 күнге дейін ұлғайту, тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеу жатады. Бұған қоса магистр дәрежесі бар тұлғалар үшін 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы қарастырылған. Бұл норма өз кезегінде мектепте жұмыс істейтін 5 029 педагогке қатысты және мектептерге академиялық дәрежесі бар жаңа мамандарды тартуды көздейді.
Педагог мәртебесі туралы заңды Мәжіліс депутаттары да қызу талқылап, өз тарапынан бірқатар ұсыныстар айтып, түзетулер енгізді. Мәселен, 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап орта білім беру ұйымдары педагогтары үшін апталық нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа төмендету жөніндегі норма енгізілді.
Сондай-ақ педагогтардың педагогикалық этика нормаларын бұзуы бұрын көзделгендей әкімшілік құқық бұзушылыққа емес, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көрсетілген кәсіби жауапсыздыққа әкеп соғатын теріс қылыққа теңестірілді.
Білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасындағы халықаралық олимпиадалардың, конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған педагогқа тиісті мемлекеттік білім беру ұйымының қызметі бойынша үнемдеу есебінен лауазымдық үш айлықақы мөлшерінде біржолғы сыйақы төленуін көздейтін норма енгізіліп, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы құрметті атағымен марапатталған педагогқа 1 000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлем белгіленді.
Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін педагогтерге жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін басым тәртіппен беруге кепілдік белгіленсе, педагогтің білім алушылар, тәрбиеленушілер және олардың ата-анасы немесе өзге де заңды өкілдері тарапынан өзіне құрметпен қарауды және тиісті мінез-құлықты талап ету құқығы нақтыланды.
Мұғалімдерді өздеріне тән емес жұмыстарға тарту, оларды қоғамның әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамуына жәрдемдесуге міндеттейтін нормалар және қайталанатын ережелері бар нормалар алынып тасталды.
Сонымен бірге өзінің лауазымдық міндетін орындау кезінде педагогқа былапыт сөйлеген, мазақ қылған, бейәдеп іс-әрекеттер жасаған, және де бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы басқа да осындай әрекеттерге барған адам әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мысалы, педагогтерге этикаға жат қылық көрсеткен жеке тұлғаға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Егер ол адам осы әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған болса, 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 5 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынады. Осы құқықбұзушылықты 12 жастан 16 жасқа дейінгі балалар жасаса, ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Осы әрекет әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, бұл айыппұл 10 АЕК-ке өседі.
Ұстаздардың құқығы, беделі, әлеуметтік жағдайы заңмен бекітіліп, үлкен құрмет көрсетілген соң, оларға қойылатын кәсіби талап та арта түседі. «Мектептің жаны – мұғалім. Ол қандай болса, мектеп те сондай. Яғни, мұғалім білімді болса, балалар мектептен терең білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика мен методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзі бүгінгі ұстазға қойылатын талапты дөп басып тұр.
Жаңа заң еліміздің тиісті деңгейдегі білім ордаларында қолданысқа енсе, мұғалімдерге де, білім алушыларға да тиімді болып, білім сапасын арттыруға зор мүмкіндік ашылады.
Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ, Мәжіліс депутаты