Біртанов тұрғындарға жауап берді
Біртанов тұрғындарға жауап берді
5,119
оқылды

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Nur Otan партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтармен жүздесті.

Қабылдауда Нұр-Сұлтан қала­сының тұрғындарынан бөлек өзге өңірлерден де бейнебайланыс ар­қылы бірнеше адам байланысқа шықты. Ел тұрғындарының көп­шіл­ігін медициналық көмектің сапасы алаңдатып отыр. Бұдан бө­лек азаматтар тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, шетелде ем алуға науқастарды оңалту, медициналық көмекті ұйымдастыру мәселелері бойынша да жәрдем сұрады. Ми­нистр олардың бәріне жауап беріп, қабылдау кезінде мәселелерді оңтайлы шешудің жолдарын қарас­тырып, тиісті мамандарға тап­сырма берді. Ол сонымен қатар кейбір өтініштерді бақылауда ұстайтынын айтты.

– Министр барлық сұраққа жауап берді. Денсаулық сақтау басқармаларына институттарға және сарапшыларға тапсырма беріп, барлық азаматтың өтініш-тілегін толық тыңдады. Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында белгілі кесте бар. Онда министр, орын­ба­сарларының қабылдауына жа­зылуға болады, – дейді Денсаулық сақтау министрінің баспасөз хатшысы Гаухар Бисарина.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтан ұлының еміне көмек сұрай келген көпбалалы ана басындағы ауыр жағдайды баяндап берді.

– Ұлым туған кезде аяқ-қолы кішкене қысқалау болды. Тамыз айынан бастап оған өмірімде есті­меген хондродистрофия, хондро­дисплазия диагнозы қойыл­ды. Осы орайда балама көмектес­кен неврология бөлімінің қызмет­кер­леріне алғысым шексіз. Гүлбар­шын Шәкенқызы бізді не­вро­ло­гия бөліміне жіберіп, ем алуға мүм­кіндік жасады. Соның арқасын­да балам кішкене болсын аунап-қунап, әйтеуір еңбектейтін болды. Қазіргі уақытта Гүлбаршын Шәкенқызының жазып берген емінің тең жартысын ғана алып жатырмын. Балама 5 жаста ғана операция жасауға болады дейді. Оған дейін біраз уақыт бар ғой. Не істеймін? Көмектесіңіздер, – деп жылады көпбалалы ана Елукүл Ахметжанқызы.

– Емдеу, диагностика бойынша барынша көмек көрсетеміз. Мем­лекет жағынан да бүкіл көмекті өзіміз ұйымдастырамыз. «Ана мен бала орталығының» басшылығымен сөйлесемін. Бұл жиі кездесетін ауру емес. Ортопедтер де бар, невро­логтар да бар, барлығы ұлы­ңызды қарайды. Сізге мықты болу керек. Үмітіңізді үзбеңіз. Ұлыңыз жазылып кету үшін қолдан кел­ген­­нің бәрін жасаймыз, – деді министр.

Қабылдауға келген Арайлым Алтаева дәрігерлердің біліксіз­дігінен ұлының мүгедек болғанын, ем алудың бәрі ақылы екенін айтса, 3 мүгедек баланың анасы Әсел Сабирова дәрі-дәрмек мә­селесін көтеріп, науқас ұлдарын медициналық тексерістен өткізгісі келетінін жеткізді. Қабылдау соңын­да жұртшылықтың көңілін күпті еткен барлық сұраққа жауап беріліп, соған байланысты атқа­рылатын жұмыстың барысы тал­қы­ланды.


Әбілмансұр ЖАСАН