Қазақстанда шетелдік жұмысшыларға берілетін квота қысқартылады. Президент жақында осындай тапсырма берді. Мұндай қадамға бірнеше фактор ықпал етті. Төменде оларды тізбектейміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында осындай тапсырма берді. Президент шетелдік жұмысшыларға берілетін квотаны едәуір азайтуға тілекші екенін жеткізді. «Бірдей жұмыс істейтін қазақстандық және шетелдік қызметкерлердің айлық табысында алшақтық болмауы керек. Биыл шетелдік жұмыс күшін тартып жатқан 95 компанияның қызметі тексерілді. Арнайы құрылған комиссия 330 заңбұзушылықты анықтады. Олардың көбі атқарып жатқан қызметіне сай болмай шықты. Осындай олқылықты болдырмау үшін шетелдік жұмысшыларға берілетін квотаны едәуір қысқарту керек. Биыл 49 мың квота берілген, келесі жылы оны 29 мыңға дейін азайту қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Айта кету керек, мұндай жағдай тек бізде ғана емес, әлемнің басқа мемлекеттерінің де бас ауруы болып тұр. Мысалы, Болгария еңбек миграциясын тоқтатып, өз жұмысшыларын Отанына қайтаруға күш салып жатыр. Өйткені ел экономикасы жұмысшы күшіне зәру. Мәліметке қарағанда, соңғы жылдары Болгариядан шетелге кеткен адамдардың саны 2 миллионға жеткен. Ал елдегі жұмыссыздық 3,5 пайызды құрайды. Болгарлар шетелге жоғары жалақы үшін аттанып, онда ұзақ уақыт қалуға тырысады екен. Еңбек мигранттары көбіне Германия, Франция, Дания елдеріне барады. Шетелде жұмыс істеудің қаншалықты кең таралғанын ресми деректер көрсетсе керек. Былтыр олар шетелден туған-туыстарына 1 миллиард евродан астам қаржы жөнелткен.
Сонымен бірге еңбек миграциясы қырғыздар үшін де өзекті мәселенің бірі. Олар ақша табу үшін Түркия, Оңтүстік Кореяда жүр. Бірақ көбінесе Ресей мен Қазақстанда жұмыс істейді. Статистикаға сүйенсек, екі қолға бір күрек іздеген Қырғыз Республикасының азаматтары көбіне Ресейге ағылады. Ресми дерекке сай, қазір онда 640 мың қырғыз азаматы еңбек мигранты ретінде тіркелген. Мамандардың айтуынша, көрсеткіш бұдан да көп болуы мүмкін. Қырғыздар Ресейде қызмет көрсету саласында еңбек етсе, Қазақстанда көбіне саудамен айналысады. Өткен жылы шетелде жүрген қырғыз жұрты өз еліне 2 миллиард 670 миллион доллар қаражат аударған. Дүниежүзілік банк мамандарының есебінше, Қырғыз Республикасы бұл көрсеткіш бойынша Еуропа мен Орталық Азия елдері арасында бірінші орында тұр.
Елімізде жұмыс істеп жатқан шетелдіктерге келсек, олардың 20 пайызы – Қытай, 11 пайызы – Өзбекстан, 8 пайызы Үндістан мен Ұлыбританиядан келгендер. Атап өтсек, үш жыл ішінде Қытай азаматтарының саны үш есе азайған.
Ал Өзбекстанның 2,6 млн азаматы шетелдерде еңбек мигранттары ретінде жұмыс істеп жүр. Өзбекстандықтар әлемнің әр түкпірінде жан бағып жүр десе де болады. Олар Ресейде, Оңтүстік Кореяда, Түркияда, БАӘ, Жапонияда, Польшада, Оманда, Қазақстанда және тағы басқа елдерде еңбек етеді.
Ал біздегі дау біріншіден, шетелден келген маман мен жергілікті тұрғындардың жалақы айырмашылығынан туындады. Екіншіден, шетелден келген жұмысшылар өз елінде жүргендей тайраңдап, өздерін еркін сезінгені сондай, жергілікті тұрғындардың намысына тигені де бар. Мұның арты төбелеске ұласып, соттасқан жағдайлар да жетерлік. Мысалы, тамыз айында Қарағанды облысындағы Жәйрем кен байыту комбинатында шетелдік және жергілікті жұмысшылар арасында қақтығыс болып, төбелеске қатысушылар жеңіл дене жарақаттарын алған болатын. Бұл дауға себепкер түрік азаматы болып шықты. Ол Жәйрем аумағында салынып жатқан полиметалл зауытының құрылысында жұмыс істеген. Түрік азаматы қазақ қызының жалаңаш суретін желіге жүктеген. Оған ашынған жергілікті тұрғындар шетел азаматтарын ұрып тастаған болатын. Кейін кінәлі өз айыбын мойындап, Қазақстан халқынан кешірім сұрап, видеоүндеу де жолдады. Шетелдік жұмыс күшіне қатысты резонанс тудырған оқиғаның бірі 29 маусымда Атырау облысы Теңіз кентінде де болды. Жергілікті жұмысшылардың наразылығы мұнай компаниясындағы шетелдік жұмысшының әлеуметтік желіде жариялаған бейнебаянына байланысты туындаған болатын. Осы оқиға салдарынан 45 адам жарақат алды.
Дәл осыған ұқсас жағдай қазан айында Ақсу ауданының аумағында «Алматы – Өскемен» тас жолын қайта жаңғырту жұмыстары барысында қытайлықтар мен жергілікті жұмысшылар арасында болған. 7 қазан күні Ақсу ауданының аумағында «Алматы – Өскемен» тас жолын қайта жаңғырту жұмыстары барысында Citic Construction ЖШС жұмысшылары Қытай елінің 4 азаматы арасында өндірістік қарым-қатынас негізінде жанжал шықты. Жанжал соңы төбелеске ұласты. Төбелес кезінде Қытайдың бір азаматына жеңіл дене жарақаты келтірілген. Жәбірленуші – этникалық қазақ. Қазір Қазақстанда ықтиярхатпен тұрып жатыр. Ал соққыға жыққандар – қытай ұлтының өкілдері. Сондай-ақ келесі күні сол серіктестікте жұмыс істейтін жергілікті тұрғындар Қытай азаматтарын соққыға жыққан. Төбелесте төрт Қытай азаматы әртүрлі дене жарақаттарымен облыстың емдеу мекемелеріне жатқызылды. Сонымен қатар тексеру барысында 33 Қытай азаматының еліміздің көші-қон заңнамаларын бұзғаны да анықталған болатын.
Міне, осындай дау себеп болса керек, Мемлекет басшысы арнайы тапсырма берді. Алғашқы болып Президент тапсырмасын орындауды Батыс Қазақстан облысы бастап кетті. Жақында өңірдегі кәсіпорындарда жергілікті жұмысшылардың үлесі арта түседі, яғни 3 және 4-санаттағы шетелдік жұмыс күшін тартуға берілетін квота көлемі қысқарады деп жария қылды. Бұл негізінен инженерлік-техникалық мамандар мен біліктілікке ие жұмысшыларға қатысты болмақ. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Азат Ғұсманова: «Облыс бойынша 2 003 бірліктен құрылған квотаға өтінім жолданған болатын. Бүгінгі таңда ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолданды. Өңірлер бойынша бөлінген квота жылдың басында белгілі болады. Қазір жергілікті мамандарды тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр», – дейді.
Елімізде жұмыс істеп жатқан шетелдіктерге келсек, олардың 20 пайызы – Қытай, 11 пайызы – Өзбекстан, 8 пайызы Үндістан мен Ұлыбританиядан келгендер. Атап өтсек, үш жыл ішінде Қытай азаматтарының саны үш есе азайған. Егер 2016 жылы елімізде 12,7 мың қытайлық жұмыс істесе, бүгінде олардың саны 4,3 мыңды құрайды екен. Бұл – осы салаға жауапты мамандардың есебі.
Шетелден келетін жұмысшылар саны қысқарса, еліміздегі жұмыссыздар саны азаймақ. Өйткені олардың орнын жергілікті мамандар басады. «Енді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жалақының теңдей берілмеуі, әлеуметтік-тұрмыстық кикілжіңдер секілді тағы да басқа заң бұзушылықтарға дер кезінде үн қата алады, мұндай проблемалардың көбеюіне жол бермейді», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен бірге 250-ден астам адам жұмыс істейтін, оның ішінде 30 адамнан аса шет ел жұмысшыларын тартатын кәсіпорындарда тұрақты тексеру жүргізілетін болады. Бұл да бір ілкімді іс болса керек.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ