Батуттан болды ажалы
Батуттан болды ажалы

Қарағандыда батуттан көз жұмған балаға қатысты сот үкімі шықты. Ерлі-зайыпты Тәкішевтерге 12 жастағы Борис Рудаковты қасақана өлтірді деген айып тағылды.

Қазыбек би аудандық соты­ның үкімімен бұрынғы өрт сөндіруші Ерлан Тәкішев қылмысқа кінәлі деп танылып, оған бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушының жұбайы Әлия Тәкішеваға сот орта қауіпсіздік мекемесінде төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Оның жазасын судья 2011 жылы ту­ған қызы 14 жасқа тол­ма­йын­­ша кейінге қалдыруды тап­сырды. Сондай-ақ сот зар­дап шеккендерге моральдық шығын­ды ішінара өтеуге, Тәкішевтердің мүлкіне тыйым салуды күшінде қалдыруға және баланың қайтыс болуына себеп болған батутты жоюға қаулы шығарды.

Батуттың қожайыны Төтенше жағ­дайлар департаментінің бұ­рын­­ғы қызметкері болып шық­ты. Іс Қылмыстық кодекстің 306-бабының 3-бөлігі «Адам өлі­­­міне әкеп соққан қауіпсіздік та­­­­­лаптарына жауап бермейтін қыз­­­меттер көрсету» бойынша қоз­­­ғал­ды.

Қарағанды қаласының ор­та­­­­лық саябағында батутты ор­нату туралы өтінішті олар өз та­­нысының атынан берген. Та­ныс кәсіпкер Тәкішевке өз аты­нан жұмыс істеуге мүмкіндік беріп қана қоймаған, оларға өз құжаттарының көшірмелерін берген. Тергеу деректері бойын­ша, 25 мамыр күні таңертең Тәкішев­тер әкімшіліктен рұқсат алмай, паркке батутты өз еркімен орнатқан. Айыптау актісіне сәйкес, олар Mix аттракционына жақын жерге батутты дұрыс бекіт­пестен орнатып, қауіпсіздік техникасы ережелерін бұзған.

Прокурордың қорытын­ды­­лары сот-технологиялық са­рап­­таманың қорытындысына не­гізделді. Онда батут ағаштың бұталарына және оншақты қолдан жасалған металл жастықшаларға бекітілген деп көрсетілген. Ал ереже бойынша батут матасының аумағында 26 ілмек болуы керек және арқанмен бекітілуі тиіс.

«Батуттың артқы бөлігі Mix аттракционының қоршауымен түйіскен. Адам батуттың пери­мет­рі артына құлаған кезде қауіп­­сіз жерге түсу үшін қажетті тө­сеніштер, торлар, тенттер сияқ­ты құрылғылар болған жоқ. Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенті­не сәйкес техникалық және құ­қық белгілейтін құжаттар бол­ма­ған кезде үрлемелі батутты пай­далануға тыйым салынады. Осылайша, сотталушылардың жасаған қылмыстық әрекеттері абайсызда екі және одан да көп адамның денсаулығына зиян келтіруге, сондай-ақ адам өліміне әкеп соқты», – деп атап өтті прокурор Қуаныш Жексенбаев.

Сонымен қатар ол ҚК-тің 306-бабының 3-бөлігі «Жас тұты­­ну­шылардың өмірі мен ден­­сау­лы­ғы қауіпсіздігінің талап­та­ры­на сай келмейтін, абайсызда адам өліміне әкеп соққан тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету» бойынша сотталушы Ерлан мен Әлия Тәкішевке тағылған айыптауды қолдайтынын айтты.

Еске сала кетейік, 25 мамыр күні сағат бесте Қарағандының орталық паркінде дауылды жел­дің кесірінен үрлемелі батут ау­да­рылып қалды. Нәтижесінде, 12 жастағы Борис Рудаков батуттан құлап, алған жарақаттан оқиға ор­нында көз жұмды. Батут ауда­рыл­ғанда Борис Рудаковтың 12 жастағы досы және Саран қала­сының 7 жасар тұрғыны да түрлі дене жарақаттарын алды. Балалар медициналық мекемелерге жеткізіліп, екі бала жансақтау бөліміне жатқызылды.

Борис отбасында жалғыз бала болған. Әкесі осыдан үш жыл бұрын көз жұмыпты. Бе­сін­­ші сы­ныпты бітірген бала дема­­лы­сында саябаққа барып, де­ма­лу­ға кеткен еді. Үйіне табытпен орал­ды. Бұрынғы өрт сөндіруші – адам өмірінің қауіпсіздігін жақсы бі­летін сала маманы. Алайда ол ақша табамын деп жүріп, бір от­ба­­­сы­ның обалына қалды. Парк ди­­­ректоры жұмыстан шыға­рыл­ды.

«Сот үкімімен келісемін. Ең бастысы, олар кінәлерін мо­йын­дады. Мен аппелляцияға бер­мей­мін», – деді баланың анасы Марина Киреева.


Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы