Екпе егу әркімнің өз еркінде ме?
Екпе егу әркімнің өз еркінде ме?
140
оқылды

Осы аптада әлемде коро­на­вирусқа қарсы вакцинаны ұрлаудың алғашқы оқиғасы тіркеліпті: Polsat News ха­барлауынша, 27 қаңтарда белгісіз біреулер Польшаның Илово-Осада кентіндегі кли­ни­каның есігін бұзып, COVID-19 вакцинасының 18 доза­дан тұратын үш флако­нын алып кеткен. Бұл  оқиға тек дәрігерлер мен әлеумет­тік қызметкерлер ғана тегін егілетіні хабарланғаннан ке­йін болған. Бұл жайт ха­лық­аралық қоғамдастықта «қарапайым жұртқа вакцина жетпей қала ма?» деген қауіп барынан хабар берсе керек.

Қазақстанда вакцина жеткі­лік­ті көлемде болуы тиіс: оның өндірі­сі бір мезгілде екі өнер­кә­сіптік алаң­да жолға қойылуда. Оның үстіне, елімізде кез келген адам бюд­жет есебінен тегін егіле алады. ДСМ дерегінше, ақпан айында Қазақстанда халыққа КВИ-ге қарсы екпе егу науқаны басталады. Ол кезең-кезеңмен жүргізіліп, жыл соңына дейін созылмақ. Нәтижесінде, 2021 жыл аяқталғанша 6 миллион адам­ды қамту жоспарланған. Бұл ретте бірнеше жайтқа мән бере кеткен жөн. Біріншіден, вакцина 18 жасқа дейінгі балаларға егіл­мейді. Сондай-ақ аяғы ауыр әйел­дер де салдырмайды. Екіншіден, Денсаулық сақтау министрлігі екпе салғызу ересек­тер үшін ерікті жүретініне назар аудартады. Көңілі қаламаса, аза­мат бас тартуға құқылы. Ешкім мәжбүрлей алмайды. Қалаған аза­мат өзі тіркелген емханаға барып, вакцинаны алу тәртібі қандай екенін біле алады.

Фейкпен «қоректену» – денсаулыққа зиян

Вакцинаға қатысты кең та­рал­ған фейктерге сенген аза­мат­тар «вакцинамен бірге адамдарды жаппай чиптеп тастайды екен» деп қорқады. Мамандар бұл үрей­ге негіз жоқ екенін айтады. Отба­сылық дәрігер, қазақстандық пе­диатр, дәйекті медицина сала­сындағы танымал блогтың ав­торы Дмитрий Киреевтің ай­туын­ша, бұл фейк белгілі ме­ценат-миллиардер Билл Гейтстің ағылшын тіліндегі сұхбатын орыс­шаға дұрыс аудармаудан және бұрмалаудан туындаған. «Әсіресе, орыстілді ақпарат ағынында өрістеген «астыртын мәмілелесу теориясына» жүгін­сек, Билл Гейтс пен оның әйелі Мелинда төл BMGF қоры ар­қылы COVID-19 вакциналарын қаржыландырып жатыр. «Ол вакцинамен бірге чип егіледі, адам белсіз болып қалады, осы­лайша адамзат саны азайтылады» деген қауесет бар. Шынында, Гейтс вакцинамен бірге чип ен­гізу туралы ештеңе айтпаған. Reddit желісінде әлеуметтік же­ліні пайдаланушылардың сұрақ­тарына жауап берген миллиардер кімнің коронавируспен сырқат­та­нып жазылғаны, кімнің вакци­на­цияланғаны туралы жалпы ақ­параттан тұратын цифрлы сер­тификат жасалуы мүмкін еке­нін ғана айтты. Осы сөзді бұрма­ла­ған блогерлер оқырманын елең­дету үшін «Гейтс әр адамға цифрлы сертификаты бар ми­крочип енгізбекші» деп таратқан. Халық бұл өтірікке сенбеуі керек», – дейді доктор Дмитрий Киреев. Ол «вакцинамен бірге чип енгізіледі» деген фейк ақпаратты ғалымдар да, Buzzfeednews, Reuters, Factcheck.org ресурстары да зерделей келе жоққа шығарғанын еске салды.

Егілудің игілігі – қалыпты өмірге оралу

– Дүниежүзінде пандемия жарияланғалы 1 жылдай уақыт өтті. Карантин шаралары бізге көп нәрсені үйретті. Бүкіл адамзат басымдықтары мен құндылықтарын қайта қарауға мәжбүр болды. Бүгінде тек вакцина­циялау ғана бәріміздің карантинсіз өмірге оралуымызға, экономиканы тұрақтандыруға мүмкіндік береді! Жаппай вакцинациялансақ қана балалар балабақшалар мен мектептерге, студенттер – дәріс залдарына оралып, еркін бара ала­ды. Адамдар туыстарымен, әріп­тес­тері­мен, достарымен қауышып, емен-жар­қын әрі қауіпсіз қарым-қатынас жасай ала­ды, – деді Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов. Ол  КВИ-ге қарсы вакцинациялауды бас­тау үшін медициналық персонал даярлықтан өтіп, оқытылып жатқанын жеткізді. Егу пункттерінің дайындығы тексерілуде. Ем­хана-ауруханалар вакцинаны сақтау үшін қажет­ті салқындату жүйелерімен жабдық­талуда: мұздатқыштар, термоконтейнерлер сатып алынған. Вакцинаны тасымалдау кезінде де тиісті температураны сақтау мәселесі бойынша стандартты операциялық рәсімдер бекітілді. – КВИ-ға қарсы вакцинациялаудың так­тикасы, екпенің қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету бойынша 2 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды. Жаппай оқыту 29 қаңтарда аяқталуы тиіс. Президент­тің азаматтардың иммундық мәртебесі тура­лы ақпараты бар QR-кодты енгізу тапсыр­масын орындау үшін вакцинациялаудың электронды паспорты әзірленуде. Вакцина­циялау туралы деректер министрліктің орталықтандырылған ақпараттық жүйесінде электронды форматта жүргізіледі, – деп түсіндірді М.Шоранов. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, ақпанда, яғни вак­цинациялаудың бірінші кезеңінде ресей­лік «Спутник V» вакцинасы қолданылады. Артын­ша отандық вакцина да ел қажеттілігіне жарап қалуы мүмкін. екпе Алдағы айдың басында 20 мың доза көле­мінде «Спутник V»-ның алғашқы партиясы Ресейден келеді деп күтілуде. Ал 15 ақпаннан бастап ол елімізде, Қарағанды фармацев­тикалық кешенінде өндіріледі: 90 мың доза көлеміндегі 1 партиясы 26 ақпанда өңірлерге жолданады. Кейін шамамен 2 миллион дозасы жасалмақ. Бүгінде отандық QazCovid-in вакцинасы клиникалық зерттеудің I және II фазаларынан сәтті өтті: адамға қауіпсіз деп танылыпты. ІІІ фаза сынағы дайындалуда. Деректер бо­йынша, ресейлік «Спутник V»-ның тиімділігі шамамен 92% ғана болса, ал қазақстандық QazCovid-in 96% жоғары деңгейіндегі тиімділігін көрсеткен. Отандық вакцина көктемге қарай өндіріле бастауы мүмкін. Бірінші кезеңде оның да 2 млн доза­сы шығарылады. ДСМ-ның сендіруінше, вакцина нарыққа түскеннен кейін де үнемі бақылауда болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқа­ев қазақстандық вакцинаны салғыза­тынын мәлімдегені белгілі. Бірқатар биік лауазымды тұлғалар сынақ аясында отандық антиковид-вакцинаны еккізді. Жалпы, 10 миллион қазақстандыққа ко­рона­вирусқа қарсы тегін вакцина салғызу үшін мемлекет 50 миллиард теңге жұмсауды көздеп отыр.

Вакцинациялау не үшін қажет?

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой­дың болжамынша, вакцинациялауды, бетперде режимін, әлеуметтік арақашық­тықты және шектеу шараларын сақтағанның өзінде эпидемиологиялық жағдай 2021 жылдың соңына дейін жалғаспақ. – Індет наурыз айының соңында ша­рықтау шегіне жетуі мүмкін. Оптимистік сценарий бойынша тәулігіне 3 мыңға дейін дерт жұқтырған адам тіркеледі деп күтілуде, ал 24 мың төсек-орында науқас жатуы ықтимал. Пессимистік сценарий бойынша тәулігіне жұқтыру саны 9 мыңға дейін жетеді, 45 мың пациент ауруханада жатады. Онда қатаң карантин шараларын енгізу қажет болады, – деді министр. Қазір инфекциялық стационарлар 31%-ға, реанимациялық төсек-орындар 19%-ға жүктелген. Өңірлерде жалпы сомасы 17 млрд теңгенің қоры құрылды. «СҚ-Фармацияның» 4 хабында 10 млн бетперде және дәрілік заттардың екі айлық жаңартылатын қоры қалыптастырылды. Тестілеу қуаты тәулігіне 40 мыңнан 100 мыңға дейін артты. Мамандардың мәліметінше, адамзатқа жой­қын соққы беретін індеттерді тек вак­цинация ғана тоқтата алады. Соңғы 150 жыл ішінде адамдардың өмір сүру ұзақтығы 30 жылға ұлғайды, соның ішінде 25 жылы – вакцинаның арқасы. «Егер тұрғындардың 95%-дан астамы вак­цинациялаумен қамтылса, қоғамда ұжым­дық иммунитет пайда болады. Ұжым­дық имму­нитет екпе егуге болмайтын осал топтарды қорғайды. Неғұрлым көп адам вак­цина алса, індет қоздырғыштарына әрі қарай таралу үшін организм табу қиынға түседі. Яғни, инфек­цияның белсенді цирку­ляциясы тоқталады, індет тұйықталады. Не­ғұрлым көп адам егіл­уден бас тартса, ұжым­дық иммунитет төмен­дейді, індеттер қайта өршиді», – дейді Ден­саулық сақтау министрлігі. Елімізде тәуелсіздік жылдарында жүр­гізілген иммунизация тиімділігін көрсетті: қызамықтың (краснуха) 1998 жылы 15 346, ал 2018 жылы 1 дерегі ғана тіркелді: вак­ци­нация бұл дертті 3 мың есеге азайтты. Паро­тит 140 есеге – 1998 жылғы 5 490 сырқаттан 2018 жылғы 38 сырқатқа дейін кеміді. Қазақстанда 1996 жылдан бері дифтерия, полиомиелит індеттерінің бірде-бір жағдайы тіркелмеді. Ұжымдық Еуропаның бірқатар елі қы­зыл­шаға қарсы егуді тоқтатқан-тын. Оларда 2019 жылы қызылша эпидемиясы басталды. Содан сабақ алған АҚШ, Ұлыбритания, Франция және басқа да батыс елдері бүгінде корона­вирусқа қарсы жаппай вакцинация жүргізу науқанына қызу кірісті.

Елдос СЕНБАЙ