Қазақстанға қос крематорий қажет пе?

Қазақстанға қос крематорий қажет пе?

Алматыда көптен бері айтылып, жұрттың талқылауына түскен крема­торий ақыры салынатын болды. Тіпті, құ­жат бойынша 2021 жылдың 21 қыр­күйегінде құрылысы аяқталып, пайда­лануға берілуі тиіс. Өткен жылдың соңында Алматы жайлы қалалық орта басқармасы тендер өткізіп, жеңімпаз компанияны таңдаған. Мемлекеттік сатып алу порталының дерегіне сәй­кес, шаһар билігі былтыр 21 желтоқ­санда Mega Build Kazakhstan ЖШС-мен 1,47 млрд теңгеге крематорий салу шартына қол қойған.

Крематорий Алатау ауданында салына­ды. Ақын Сара көшесінің солтүстігі мен ЖЭО-2-нің шығысына қарай орналасқан паталогоанатомиялық бюро жанында бой көтеретін крематорийдің бір залы мен екі пеші болады. Бұған дейін Алматыда салынатын кре­маторийдің жобалау-сметалық құжатын әзірлеу тендерін DNT Center Stroy ЖШС жеңіп алған. Шартқа сәйкес, ол жұмысты бес ай ішінде, яғни 2020 жылғы қазан айының соңына дейін 44,5 млн теңгеге орындауы тиіс еді. Осы компания кре­маторий құрылысы барысына авторлық тексеріс жүргізіп, қадағалап отырады. Бұл қызмет құны бюджетке 15 млн теңгеге түседі.

Мәйіт өртеу – бизнес көзі емес

Елімізде крематорий салу туралы әң­гіме 1980 жылдары басталған. Сол кездегі мемлекет басшысы Дінмұхамед Қонаевтың араласуымен даулы мәселеге нүкте қойыл­ған. Деректерге қарағанда, 2003 жылы кремация жабдықтарын жеткізетін чех ком­паниясы өкілдерімен Алматыға екі кре­мация пешін әкелу туралы шешім қабыл­данып, бюджеттен крематорий са­луға қара­жат қарастырылған. Дегенмен бел­гілі бір себептерге байланысты жоба кейінге қалды. Араға жылдар салып, 2012 жылы бұл мәселе тағы көтерілді. Алайда Алматы құрылыс басқармасы елдегі мұсылман қауымы мәйітті өртеуге қарсы шыға­тын­дықтан, Қазақстанда крематорий ешқашан салынбайтынын мәлімдеген. Содан соң 2014 жылы «Спецкомбинат ри­туальных услуг» МКК өкілдері әкімдіктің тапсырысы бойынша құны 3 миллион доллар тұратын крематорий құрылысы жобасын дайындады. Әйтсе де, бұл жоба да тоқтап қалды. Біз назарымызға ілінген бірнеше мысалды ғана тілге тиек еттік. Сөз басында даулы мәселе деуіміздің өзіндік сыры бар, мұсылман баласы мәйітті өртемеген, шариғатта бұл дұрыс емес деп көрсетілген. Бұл мәселеге өткен жылы 13 маусымда «Айқын» газетінде жарияланған «Қазақстанда крематорий салудың маңызы неде?» деген мақаламызда жан-жақты тоқталғандықтан, оған қайта ай­налып соғу артық болар. Осы жерде белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлының Facebook парақ­шасында жазған пікірін келтіруді жөн санап отырмыз. Мәйітті өртеу діни тұрғыдан да, адами тұрғыдан да құпталмайтын іс екенін айтқан ол, «Астана қаласында 1 миллиард 519 миллион 285 мың теңгеге мәйітті өртейтін крематорий салынбақшы. Бұл қалай? Біз өлігін өр­тейтін Үндістан емеспіз. Мәйітін арулап жер­лейтін мұсылман елінде мұнша қаражат ша­шып крематорий салудың қажеті қан­ша?! Жерлеу – біздің мәдениетіміз, дініміз. Еліміздегі тарихи зираттарға қарап, жердің иесі екенімізді білеміз. Әруақ сыйлау – біздің қасиетіміз. Осынау байтақ далада мәйітті жерлеуге орын жетпейді деу ақылға сыйымсыз», – дейді. Байқап отырғандай, Қайрат Жолды­байұлы Алматыдағы емес, келешекте Нұр-Сұлтан қаласында салынатын крематорий туралы айтып отыр. Осы жерде «Қырық жылдан бері қарсылыққа ұшырап, құры­лысы басталмаған крематорийдің бірден екеуін салуға соншалықты не қажеттілік туды?» деген ой келеді. Өйткені бұл, бірін­шіден, арзан жоба емес. Ел бюджеті ақ­шасын тағы да желге шашу болып шықпай ма? Екіншіден, тап осы крематорийге сұраныс соншалықты көп емес. Осы күнге дейін кремация қызметіне жүгіну үшін қазақстандықтар Мәскеу, Челябинск, Барнаул және Новосібірге хабарласатын. Жерлеу рәсімдері бюросының өкілі Юрий Назаренконың айтуына қарағанда, крема­цияны айына 1-2 адам ғана сұрайды екен. Бұған дейін шекара асып, Ресейге  барғандар еліміздің басқа өңірінен ақыры салынуға шешім қабылданған Алматыдағы кре­маторийге жете алмай қалып па? Онда ха­лқының басым бөлігі мұсылмандар сана­латын біздің елде екінші кре­ма­торийдің не қажеті бар? Тап осы мәйіт өртеу қазақ үшін бизнес көзі бола алмайтыны – басы ашық мәселе.

Қос крематорий құны – 3,22 миллиард теңге

Өткен жылға арналған республикалық бюджеттен Алматы мен Нұр-Сұлтан қала­ларында зираты бар крематорий салуға тиісінше 1,74 миллиард және 1,48 миллиард қар­жы бөлуді қарастырып отыр. Шотқа са­лып есептеп жіберсек, еліміздің екі қала­сында 3,22 миллиард теңгеге қос крема­торий салынбақ. Алматыда крематорийдің салынып, биыл іске қосылатыны, оған кімдер жауапты екені белгілі болды. Ал Нұр-Сұлтандағы крематорийді қандай компания салатыны әзірге белгісіз. Қала әкімдігі ел­ордалық крематорийдің жоба­лау-сметалық құжаттамасын (ЖСҚ) әзір­лейтін ком­панияны таңдап қойған. Өткен жылдың жел­тоқсан айында Мәскеу құры­лыс ди­рекциясы «Биологиялық және ме­ди­цина­лық қалдықтармен патологиялық бю­ро салу» объектісі бойынша жобалау-іздес­тіру жұмыстарын жүргізу туралы ке­лісімге қол қойды. Құжаттар келісім­шарттың 099 «Зираттармен крематориялар салу» бюджет­тік бағдарламасы бойынша тір­кеуге жата­тынын көрсетеді. Жобалаушы – «Инженер­лік-конструкторлық бюро» ЖШС 2021 жылдың 28 ақпанына дейін жобалық-сметалық құжаттаманы ұсынуға міндетті. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу құны – 41,9 миллион теңге. Осы дерек­терге қарағанда, демек көп ұзамай Нұр-Сұлтан қаласына салынатын крема­торийдің де жай-жапсары белгілі болып қалатындай.

Жауапты қызметтегілер не дейді?

Ұлттық статистика бюросының мә­ліметінше, өткен жылдың қаңтар-қазан айларында елімізде 137 142 адам қайтыс бол­ған. Бұл бұрнағы жылдың сәйкес мер­зімімен салыстырғанда 22,7 пайызға, яғни 25 417 адамға көп. Былтыр кісі өлімі дерегі ең көп тіркелген ай – шілде. Коронавирус өршіп тұрған кезде елімізде 28 178 адам көз жұмған. 2019 жылы шілде айында 12 420 адам бақилық болған. Бұл өткен шілдеде өлім-жітім 2,3 есе өскенін білдіреді. Шілде айы еліміз үшін үлкен сынақ болғаны рас. Осы айда Нұр-Сұлтан қаласында өлім-жітім 3,4 есе өсіп, 2019 жылы 410 адам қайтыс болса, былтыр олардың қатары 1 388-ге жеткен. Алматыда 2,2 есе өсіп, бұрнағы жылмен салыс­тыр­ғанда 1 134-тен 2 546-ға жеткен. Еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкенттегі жағдай да мәз болған жоқ, бұрнағы жылы шілде айында 497 адам өмірден озса, былтыр шілдеде 1 491 адам қайтыс болған, яғни 3 есе көп. Деректерге сүйенсек, жыл сайын тек Алматының өзінде 7-8 мың адам өмір­ден озады екен. Мамандар қалада крема­торий салу мәселесі қайтыс болғандарды жерлейтін жердің тапшылығы мәселесінен де туындап отырғанын тілге тиек етеді. Төтеннен келген коронавирус инфекциясы да крематорий салу мәселесін жеделдетіп жібергендей. Алматыда салынатын крематорий туралы Әділет министрлігінің өкілдері бұл нысан адам денесін өртеуге арналмағанын, яғни кәдімгі мәйітхана болатынын айтты. Мамандардың сөзінше, ондағы әмбебап пештер қауіпті індеттен көз жұмғандардың денесін сот-медициналық сараптамадан өткізгеннен кейін қалатын биологиялық қалдықтарды өртеуге арналған. Сондай-ақ пайдаланылған медициналық құралдарды, яғни шприц, маска, қолғап пен қорғаныс киімдерін жою үшін де қолданылады. Сондықтан мәйітханадан айырмашылығы болған соң, бюджеттік бағдарламада оның атауы крематорий деп көрсетілген. Әділет министрлігінің сарапшылық жұмысын ұйымдастыру департаментіне қарасты Сот сараптамалары орталығының жұмысын бақылау басқармасының басшысы Темірболат Қожамжаров мұндай жағдайда қауіпті заттарды жоюдың бірден-бір амалы арнайы пештерде өртеу екенін айтады. Өлімнің бұрынғыдан көбірек тіркеліп, қауіпті заттардың артуы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында аса қауіпті биологиялық қалдықтарды жоюға арналған жоғары технологиялы пештері бар патологоанатомиялық бюроларды салуға мәжбүрлеген. «Қазақстанда өмірден өтіп кеткен ше­тел азаматтарын жерлеуге қатысты да проб­лема туындады. 2019 жылы қайтыс болған 50 шетелдік азаматтың денесі тексерілсе (ағзасын ашу арқылы зерттеу), өткен жылы 200 азаматты осылай тексеруге тура келді. Шекаралар жабылып, Отанына қайтару мүмкін болмағандықтан, олардың туған-туыстары мәйітханаларға жүгініп, кремация жасатуға өтініш білдірді. Патолого­анатомиялық бюролар аса қауіпті вирустан немесе коронавирустан көз жұмған біздің азаматтардың денесін крема­циялауды көздемейді. Денсаулық сақтау ми­нистрі 2018 жылғы 18 желтоқсанда бекіткен №40 бұйрығының 239-ережесінің 4-бөлігінде көрсетілгендей, адамның де­несі тек туған-туыстарының келісімі бо­йынша кремация­ланады. Кремациядан кейін күлі туыстарына беріледі», – деді Темірболат Қожамжаров. Жауапты қызметкердің сөзіне қара­ғанда,  крематорий салудағы басты мақсат – биологиялық қалдықтарды жою. Эко­логиялық, қауіпсіздік тұрғысынан алып қарағанда бұл уәж көңілге қонғанмен, кө­кей­де көп сауалдың бары рас.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ