Жолақының көтерілуіне не түрткі?
Жолақының көтерілуіне не түрткі?
134
оқылды

Түркістанда қоғамдық көлік­пен жүру ақысы жаңа жылдан бастап 50 теңгеден 70 теңгеге көтерілуі мүмкін. Қаладағы жолаушылар тасымалымен айна­­лысатын жалғыз мекеме – «Жолаушы» қалалық әкімдікке жолақы құнын көтеру туралы ұсыныс түсірген. Әкімдік ар­на­йы комиссия құрып, ұсы­ныс­­ты зерделеген. Қалалық мәс­­лихат мақұлдаса, ұсы­ныс қа­былданбақ. Қала хал­қы бол­са, жолақының қымбат­та­­уы­на қарсы. Біз барлық тарап­тың пікі­рін тыңдап көрдік.

Қала әкімдігінің ұстанымы

Қала әкімінің орынбасары Жандос Байырхановтың айтуынша, «Жолаушы» ЖШС бұған дейін де баға көтеру жөнінде ұсыныс білдірген. Ал әкімдік кәсіпорынға 10 шақты талап пен міндет жүк­тел­­­генін, егер барлық талап   орын­да­латын болса, онда ұсыныс бе­­­кі­­тілетін көрінеді. Ол қандай та­лап­тар? Автобустарда балалар тегін жүреді, әр автобуста кондуктор болады және жолаушыларға билет беріледі, автобустар сағат 22.00-ге дейін жүреді, әкімдікпен келісімге келген әр маршрут толық және өз­геріссіз орындалады, тазалық та­­лаптары, жылу параметрлері, жол жүру ережелері сақталады, та­мыз айына дейін автобустар жа­ңар­­тылып, GPS орнатылып, әкімдікке басқару құқығы беріледі, 8 мамырға дейін автобустарда электронды билет жүйесі енгізіледі, қаңтар айынан бастап «рафик» көліктер қала ортасында жүрмейді. «Жолаушы» мекемесі осы талап­тар­дың бәрін орындаймыз деп халық ал­дында уәде береді. Сонда ғана жолақы бағасын көтеруге рұқсат беріл­мек.

Түркістан қаласының әкімі Ра­шид Аюпов әлеуметтік желі­де­­гі парақшасында бүгінге дейін тұрғындар тарапынан тасы­мал­дау­шы компания жұмысына қатысты көп­теген арыз-шағым түскенін жазды. Сондай-ақ бірнеше жылдан бері жолақы еш өзгермегенін атап өткен. «Біз халықтың сөзін ескере отырып, 10 талап қойдық. Осы та­лап­тарды орындауға келіскен ком­паниямен ғана жұмыс істейтін бола­м­ыз. Шарт орындалмаған жағ­­­дайда келісімшарт өз күшін жойып, басқа компанияларға мүм­­кіндік беріледі. Күзге дейін су жаңа, үлкен автобустарды әке­ле­міз деп жоспарладық. Жұмыс басталып кетті. Бұл мәселе облыс әкімі Ө.Шөкеевтің тікелей бақы­лауын­да», – дейді қала басшысы.

Түркістан қаласы әкімдігінің жолау­шылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Байдулла Оразбековтің айтуынша, бұған дейін мекеме 2017 жылдан бастап бағаны 50 теңгеге көтерген.

«Алайда одан бері қаншама қым­­батшылық болып жатыр. Жо­лау­шы тасымалы табысты сала емес. Керісінше, мемлекет тарапынан қаржылай қолдауды (дотация) қа­жет ететін кәсіп. Әрине, бұл мекеме тен­дерге (конкурсқа) қаты­сып, 2-3 мекеменің арасынан жеңіп шық­қан­дықтан, мұны монополист ме­кеме дей алмаймыз. Бүгінде меке­ме қалада 21 бағыт бойынша жолаушылар тасымалдап жатыр. Бұрын бұл мекемеде 10 адамға арналған қалаішілік жолаушылар үшін ыңғайсыз, жылы да ескі 68 «ра­фик» болған. 2016-2017 жыл­дан бастап бұл көліктердің бәрі алы­нып тасталды. Оның орнын 12-18 адамдық шағын автокөліктер бас­ты. Енді қала облыс орталығы, сон­­дықтан шағын автобустардың ор­нына жаңа да кең авобустар алы­нуы керек», – дейді ол.

Байдулла Жұмадуллаұлының айтуынша, кәсіпорын мемлекеттен дотация да, субсидия да алмайды. Өзге өңірлерде мекемелер мемле­кет­тен қомақты дотация немесе суб­сидия алып отыр. Сондай-ақ мына компанияның орнына қызмет көрсетуге басқа жақтан тапсырыс орындаушының келмесі де анық.

«Жолаушы» мекемесі 7 жас­қа дейінгі балаларды, соғыс арда­гер­ле­рін тегін тасымалдап жүр. 7-15 жас­қа дейінгі оқушыларға 50 пайыз жеңіл­дік жасап отыр.

Қала көшелер   тар болғандық­тан үлкен автобустар мұнда жүре ал­май­ды. Дегенмен компания ұзын­­­дығы 10,5 метрлік 3-4 автобус сатып алып, қалада сынақ ретінде жүргізіп көрмек.

Осыған орай қаладағы қалаіші­лік жолаушылар тасымалымен айналысатын бірден-бір кәсіпорын «Жолаушы» мекемесіне ат басын бұрып, ондағылармен әкімдікке жасап отырған ұсынысына орай пікірлерін білген болатынбыз.

«Заң талабына сай, ұзындығы 8 метрлік автобустардың құны – 30-40 млн, ал ұзындығы 8.5 метрлік автобустардың бағасы 50 млн теңге тұрады. Бұл бюджетке өте ауыр. Олардың құны 10 жылдан кейін ғана ақталады. Онда да ол көліктер сол уақытқа дейін бұзылмай жүрсе. Сондай-ақ жүргізушілердің де жа­лақысы төмен. Біз жолақысын көтеруді және мектеп жасындағы бала­ларға дотация беруді сұрап отыр­­мыз», – дейді мекеменің атқа­­ру­­шы директоры Медетбек Жұма­гел­діұлы.  

Ол сондай-ақ соңғы екі жылда жанар-жағармайдың (дизель), көліктің қосалқы бөлшектерінің де қымбаттағанын айтады.

«Қазіргі таңда қалаішілік бағыт­тар бойынша біздің 270 көлігіміз қатынайды.   Оның 110-ы – автобус, қалғаны – шағын автобустар. Олар­дың басым бөлігінің шығарыл­ға­нына 15 жылдан асқан. Жолақы кө­­­терілсе қоғамдық көлік паркі жа­­­­ңарар еді», – деген ол соңғы уа­­қыт­­­тағы кадр тұрақсыздығы мә­се­­­­­­лесінің шетін шығарды. Оның ай­­туынша, облыс орталығы атанған Түр­кістанда құрылыс қарқынды, көлік жүргізушілер жоғары жалақы ұсын­са өзге компанияларға, соның ішін­де құрылысқа кетіп қалу қаупі бар.  

 

Ел не дейді?

Түркістан тұрғыны Алтынбек Дулатовтың пікірінше, қоғамдық көліктердің жағдайы керемет емес. Тіпті, кейбір автокөліктерге мінуге де қорқасың.

«Бірқатарынан жанармайдың иісі шығып тұрса, бірінің есігіне сый­майсың, кіріп-шығу мұң. Жола­­қыны көтереміз деп жатыр. Бағаны көтерсе, ақылы бөлімде оқитын студенттер, тұрмысы төмен отбасылар, көпбалалы және жалғыз басты аналары бар отбасыларға қиын болады ғой. Рас, қаламыздағы жолақы құны басқа қалалармен са­­­лыс­тырғанда, арзан. Бірақ түр­кіс­­­­тандықтардың жалақысы басқа қалалардың тұрғындарынан да аз екенін ескеру қажет», – дейді.

Ал Көркем есімді жас тұрғын өзі­­нің қоғамдық көлікте көп жүреті­нін айтады.

– Маршруттардың жүру кесте­сі жиілесе екен. Мәселен, 31 мар­шрут­т­ы жұмыс күндері 15-20 минут, де­малыс күндері 30-40 минут күте­міз. Әр 5-10 минут сайын жүрсе дұ­рыс болар еді! Ең сорақысы, қала­іші­лік қоғамдық көліктер ерте тоқтап қалады. Тіпті, сағат кешкі 6-7 болмай жатып саябырсып қалады.   Сосын амалсыз таксиге отыруға тура келеді. Күнделікті таксилетіп жүруді қалтамыз көтермейді. Қо­ғам­­дық көліктер жолаушыны лық толтырып алып, бір-бірімен жа­ры­сады, кез келген жерге тоқтап, жолаушыларды түсіріп кете береді. Осыдан тар көшеде көлік кептелісі пайда болады , – дейді ол.

Қала тұрғыны Бекжігіт Сер­дәлі оқушылар мен қарт кісілер­дің жүріп-тұруына ыңғайсыз көлік­тер­ге қатысты ұсынысын айтты: «Қо­ғам­дық көліктердің бірте-бір­те едені төмен заманауи кең автобустарға ауыстырылғанын қалар едік. Оған дейін қолданыстағы көліктердің баспалдағына аз ғана жөндеу жасап, тағы бір баспалдақ қосу керек деп ойлаймын. Өйткені таяққа сүйен­­ген қарттар мен 1-2 сыныпқа ба­ра­тын балақайлардың көлікке мі­нерде қиналып жатқанын күнде кө­ремін. Сосын жолаушыларға зір­­кілдейтін шопырларға тоқтам салынса. Олар еш­кімді тегін тасымайды. Түр­кіс­тан­дай қалада мәдениетті сақтау қажет».

Қалай болғанда да, Түркістанда жолақысы көтерілмей қызмет сапа­сын жақсарту мүмкін емес. Тек қала әкімдігі мен қала халқы қойған талап орындалуы тиіс. Өйтпегенде жалғыз тасымалдаушы компания орнын өзге әріптесіне босатуына тура келеді.

 

Түркістан облысы