Отандық футболды жемқорлық жайлаған ба?
Отандық футболды жемқорлық жайлаған ба?
182
оқылды

Cыбайлас жем­­­қор­лықпен күрес бүгінде елімізде мем­­­лекеттік маңызы бар өзекті мәсе­ле­ге айналып отыр. Әсіресе, спорт­тағы, оның ішінде қазақ фут­болындағы жем­­қорлыққа қатысты оқиғалар тыйы­лар емес. Осы орай­да, «Футболдағы жем­қорлықты қа­лай жеңуге болады?», «ҚФФ жем­қорлыққа қарсы шара қолданылып жатыр ма?» деген сауал туындайды.

Негізі, біздің біріншілікте жем­қорлыққа қатысты дау-дамай­ларға «Астана», «Қайрат», «Ақтө­бе», «Атырау», «Ертіс» клуб­тары бір емес, бірнеше рет ұрынды. Оның бәріне де клуб басшы­лығының тікелей қатысы бар. Атап айтқанда, 2015 жылы «Аты­рау» футбол клубының экс-бас­шы­сы 7 жылға сотталды. Клубты 2011-2013 жылдар ара­лығында басқарған басшыға облыстық бюджеттен бөлінген миллион­даған теңгені жым­қыр­ды деген айып тағылды. Соны­мен қатар сот Үмбетәлиевтен мемлекетке кел­тір­ген шығыны үшін 25 миллион 617 мың 526 теңге өндіріп алу және оның 768 526 теңге көлемінде мемлекеттік баж төлеу туралы шешім шы­ғарды. 2016 жылы «Ақтөбе» фут­бол клубының ди­рек­торы Дмит­рий Васильев те 300 мил­лион теңге бюджет қара­жатын жымқырғаны үшін айып­тал­ды. Бұл туралы Сыбайлас жем­­қор­лыққа қарсы күрес бойын­ша ұлт­тық бюроның  баспасөз қыз­меті мә­лімдеді. «Ақтөбе» фут­бол клу­бына жетекшілік еткен ке­зінде бюд­жеттің 240 миллион теңгесін талан-таражға салды» деп айып­талған Дмитрий Ва­силь­ев 2016 жылы 8 қараша күні ұсталған еді. Сол кезде оған Қыл­мыстық ко­дек­стің 189-бабы 4-бөлімінің 2-тармағы бойынша айып тағыл­ған. 2016 жылғы 11 қара­шадан бері үйқамақта отыр­ған «Ақтөбенің» экс-директоры 2017 жылы 26 мамыр күні сот залынан қамауға алынған. Кейін екі айдан соң Дмитрий Васи­льев­тің бостан­дыққа шыққаны хабарланды. Адвокат Күләш Маньконың мәлім­етінше, Дмитрий Васильев­тің жазасы 7 жыл бас бостан­дығын шек­теу жазасымен алмас­тырылған. Ал 2018 жылы 13 ақпан күні Жо­ғарғы сот «Ақтөбе» клубы­ның бұрынғы бас директоры Дмитрий Васильевті ақтап шық­қаны белгілі болды. Одан бөлек, павлодарлық клуб­тың жабылуы, «Атырау» ко­ман­­дасының қаржы дағ­дарысына ұшырап, бірінші ли­гаға кеткені де біраз уақыт көп­тің талқысына түсті. Бұдан бөлек, Қазақстанда дегионер­лерді шақыртуда да «заң­ды белден басу» көріністері жиі бай­қалып жүр. Бұл туралы бір кез­дері ҚФФ президенті қыз­метін атқарған Ерлан Қожа­ғапанов­тың айтқаны бар. – Балқаннан немесе Афри­кадан келген легионерлердің кейінірек Қазақстандағы күн­дерін аңсап, сұхбат беретіні ұна­майды. Тілшілер неліктен мұн­дай та­қырып­та сұхбаттасады? Өйткені Қазақстанда легионер­лерге көп жалақы берілетінін бәрі біледі. Қазақстан чем­пионатында 70 мың еуро жалақы алған ойыншылар бүгінде өзге чемпионаттардың екін­­ші лига­сында 9 мың еуро үшін ойнап жүр. Демек, олардың лайық­ты құны сол 9 мың еуро де­ген сөз. Не­ліктен ол біздің чем­пионатта 70 мың еуро алады? Мұ­­­ның бір ғана жауабы бар, ол – жем­қорлық. Дегенмен бұл бы­лыққа енді құқық қорғау орган­дарының мамандары нүкте қояды,– де­ген еді. Алайда бұл мәселемен әлі де кү­ресіп келеміз. 2015 жылы «Ақ­төбе» футбол клубындағы мына бір атышулы оқиға ха­лықты елең еткізіп, спорт бас­шы­ларының «шарадай басын шақшадай қыл­ғаны» бар. Сол кездегі облыс әкімі «Ақтөбе» клу­бы­ның сапындағы ойын­шы­лардың жалақысын көпшілікке жариялады. Команда сапындағы легионерлер Данило Сирино – 57 мың еуро, Андерсон Сантана – 61 мың доллар, Данило Неко – 67 мың еуро, Маркос Пизел­лидің 75 мың доллар жала­қы алатыны белгілі болды. Бұл – бір оқиға. Одан бөлек, бір кездері афри­калық Jeune Afrique жур­налы да «Қайраттың» бұрынғы шабуыл­шысының айлық жала­қысы 165 мың еуро екенін жаз­ған. Яғни, алматылық «Қайрат­тың» футбол­шысы сол уақытта «Реал», «Ливер­пуль», «Ювентус» және «Тоттен­хэм» секілді командалардың ойын­­шылары­нан да көп жалақы алған. Ел футболында мұндай көп соманың жүруі клуб басшыларына да жақсы екенін айтты Ербол Қайыров. – Қазақстан клубтарының басшылары көптеген агент­термен тығыз байланыс орнат­қан. Тек сол агенттердің футбол­шыларын алып, қаражатты өзара бөліседі. Әрине, басқа да жағдай көп. Мыса­лы, фут­болшының жала­қысы­ның ба­сым бөлігін клуб өкілдері өзіне алады. Ал өткен жылы бір клу­бтың басшылары ойыншыларға ірі көлемдегі со­маны карточ­каларына жіберіп, қалған ақша­ны өздері алған. Оқу-жаттығу жиындарын өткізгенде де қаралымда жүрген футбол­шы­лар­ды клубқа ұсынған адам­дармен алдын ала келісім жүреді,– деген ойын жеткізді спорт журналисі. Расымен, осыған ұқсас жа­йт­тар футболымыздың дамуына үл­кен кедергі келтіріп отыр. Төрешілердің де матч кезінде әділ төре­лік етпейтіні, ақшаға саты­латыны жайында түрлі қауесет бар. Бұл жайсыз жағ­дайға Қазақ­стан футбол феде­рация­сының бас хатшысы Аза­мат Айт­қожин бы­лайша жауап берген. – Қазақстан футбол феде­рациясы төрешілер арасында жемқорлықтың болмауын қада­ғалап отыр. Осы жағдай бо­йын­ша бірнеше футбол төрешісін қыз­метінен шеттеткен бола­тынбыз. Бұл бағытта жұмыстар жалғасын табады. Тағы қосарым, федерация мен құқық қорғау органдары арасында мемо­ран­думға қол қой­ған. Жемқорлыққа қатысы бар төрешіні анықтап, қылмыстық іс қозғатуға дейін барамыз, – деп ашық айтты бас хатшы бір сұх­батында. Ол, сонымен қатар Үкі­мет қаржы­сын жымқырып отыр­ған клуб басшылары мен спорттық ди­ректорларға қарсы күрес жүр­гізу жөнінде  қысқаша тоқталған болатын. футбол – Қазақстан футболына бай­ланысты мәселенің бәрі фе­де­рация­ға да қатысты. Бірақ фут­бол клубтарын тексеруге, олардың жеке ісіне араласуға құзырымыз жеткіліксіз. ҚФФ-ның Лицен­зиялау департаменті клуб­тардың жұмысшылар ал­дында қарызы болмауын, са­лықты уақытылы төлеуін, жа­лақының кешік­тірілмеуін және толық мөлшерде төлеуін қада­ғалап отырады. Қажет жағдайда жергілікті құқық қорғау орган­дары және әкімдіктермен бай­ланысқа шығып, бірлесе жұмыс істейміз. Қазақстан футбол фе­дерациясы әрқашан таза және ымырасыз футболды қолдайды,– дейді белгілі спорт маманы. Осы мәселе бойынша 2018 жылы Қазақстан футбол фе­де­рациясының президенті Әділбек Жақсыбековтің клуб басшылары мен төрешілеріне қатаң ескерту жасағаныны да бар. – Бірден айтайын, бұл – фе­де­рацияның ұстанымы, барлық атқарушы комитеттің ұстанымы. Сондықтан клуб басшыларына айтарым, біз өзара келісілген матчтармен күресетін боламыз. Ертең арыз-шағым, жанжал бол­масын, келісілген матч анық­талса, адамның жасаған ең­бегіне және басқа да жетіс­тіктеріне қа­рамай­мыз, қатаң жаза қолдана­мыз. Әділетсіз судья­лар да бар. Олар боп­салаумен айналысатын шығар. Ондай әрекеттерді бірден анықтап, жауапты адамдарды жаза­лауымыз қажет. Аталған фак­тор отандық футболдың дамуына кері әсерін тигізеді. Реніш бол­масын, нақты дәлел болса, комис­сия қатаң шара қолданатын бола­ды, – деді Әділбек Рыскелдіұлы. Қазақстан ұлттық құрама­сының бұрынғы капитаны, «Ақтө­бенің» аңыз ойыншысы Самат Смақов ел футболындағы жем­қорлық туралы YouТube желісін­дегі ER-BATYR жоба­сында айтты. Ол кәсіби ман­сабында бірде-бір рет келісілген матчқа қатыс­пағанын, алайда көптеген ұсы­ныстар түскенін жасырмады. «Ақ­тө­бе» демекші, «Ақтөбе» клу­бында келісілген ойын­ға қатысқан дубль ойын­шысы жазаланғанын бірі білсе, бірі біле бермейді. Бұл туралы танымал спорт коммен­таторы Ермұхамед Мәулен еске салды. – Бір жылдары «Ақтөбе» фут­бол клубының ойыншысы ке­лісілген ойынға қатысы бар деген айыппен жазаланды. Одан өзге де бірқатар келісілген ойын­­дар бар ғой. Бірақ еш­қай­сы­сы дәлел­денген жоқ. Қазақ­стан Премьер лигасында чем­пион­аттың соңына таман кү­мән­ді кездесулердің бола­­тыны анық. Осы ретте айта кете­йін, біздің Еуропадан бір ерек­ше­лігіміз, Қазақстан аума­ғын­дағы ойындарға берілетін коэф­­фи­циенттер өте төмен бо­лады. Мысалы, букмекерлік кең­селер­дегі максималды бәс 60 мың теңгеден аспайды. Кейбір Фонбет секілді букмекерлік кеңселерде 150-200 мың теңгеге дейін бәс тігу­ге болады. Яғни, сіз бірін­шіліктегі командалар­дың ойы­нына 200 мың теңгеден артық бәс тіге алмайсыз. Ұтысқа кенелсеңіз ары кеткенде 1 мил­лион теңгедей алуыңыз мүмкін. Ол ақшаға ко­мандалар не үшін келіседі? Олар­дың жалақысы онсыз да көп. Ал Италияда, ке­рісінше миллиондап бәс тігеді. Сөйтіп, пайда табады. Сон­дықтан келісілген ойындар көп өтеді ол жақта. Ал бізде бук­мекерлік кеңселердің тұр­ғысынан келісілген ойындар жоқ десе де болады, – дейді спорт коммен­таторы.

Иә, әлемдегі нөмірі бірінші спорт түрі саналатын футболда былық болмауы тиіс еді. Бірақ шетелде де, біздің елде де мұндай келең­сіз жағ­дайлар жетіп-ар­тылады. Қазақстан футболындағы жемқорлықтың басты себебі,  клубтардың  бюджеттен қар­жыландыруына байланысты тәрізді. Бәлкім, футбол клубтарды жеке инвесторлар қаржыландырса мұндай келеңсіздік болмас па еді, кім білсін?!

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ