Cыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар өзекті мәселеге айналып отыр. Әсіресе, спорттағы, оның ішінде қазақ футболындағы жемқорлыққа қатысты оқиғалар тыйылар емес. Осы орайда, «Футболдағы жемқорлықты қалай жеңуге болады?», «ҚФФ жемқорлыққа қарсы шара қолданылып жатыр ма?» деген сауал туындайды.
Негізі, біздің біріншілікте жемқорлыққа қатысты дау-дамайларға «Астана», «Қайрат», «Ақтөбе», «Атырау», «Ертіс» клубтары бір емес, бірнеше рет ұрынды. Оның бәріне де клуб басшылығының тікелей қатысы бар. Атап айтқанда, 2015 жылы «Атырау» футбол клубының экс-басшысы 7 жылға сотталды. Клубты 2011-2013 жылдар аралығында басқарған басшыға облыстық бюджеттен бөлінген миллиондаған теңгені жымқырды деген айып тағылды. Сонымен қатар сот Үмбетәлиевтен мемлекетке келтірген шығыны үшін 25 миллион 617 мың 526 теңге өндіріп алу және оның 768 526 теңге көлемінде мемлекеттік баж төлеу туралы шешім шығарды. 2016 жылы «Ақтөбе» футбол клубының директоры Дмитрий Васильев те 300 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін айыпталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ұлттық бюроның баспасөз қызметі мәлімдеді. «Ақтөбе» футбол клубына жетекшілік еткен кезінде бюджеттің 240 миллион теңгесін талан-таражға салды» деп айыпталған Дмитрий Васильев 2016 жылы 8 қараша күні ұсталған еді. Сол кезде оған Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлімінің 2-тармағы бойынша айып тағылған. 2016 жылғы 11 қарашадан бері үйқамақта отырған «Ақтөбенің» экс-директоры 2017 жылы 26 мамыр күні сот залынан қамауға алынған. Кейін екі айдан соң Дмитрий Васильевтің бостандыққа шыққаны хабарланды. Адвокат Күләш Маньконың мәліметінше, Дмитрий Васильевтің жазасы 7 жыл бас бостандығын шектеу жазасымен алмастырылған. Ал 2018 жылы 13 ақпан күні Жоғарғы сот «Ақтөбе» клубының бұрынғы бас директоры Дмитрий Васильевті ақтап шыққаны белгілі болды. Одан бөлек, павлодарлық клубтың жабылуы, «Атырау» командасының қаржы дағдарысына ұшырап, бірінші лигаға кеткені де біраз уақыт көптің талқысына түсті. Бұдан бөлек, Қазақстанда дегионерлерді шақыртуда да «заңды белден басу» көріністері жиі байқалып жүр. Бұл туралы бір кездері ҚФФ президенті қызметін атқарған Ерлан Қожағапановтың айтқаны бар. – Балқаннан немесе Африкадан келген легионерлердің кейінірек Қазақстандағы күндерін аңсап, сұхбат беретіні ұнамайды. Тілшілер неліктен мұндай тақырыпта сұхбаттасады? Өйткені Қазақстанда легионерлерге көп жалақы берілетінін бәрі біледі. Қазақстан чемпионатында 70 мың еуро жалақы алған ойыншылар бүгінде өзге чемпионаттардың екінші лигасында 9 мың еуро үшін ойнап жүр. Демек, олардың лайықты құны сол 9 мың еуро деген сөз. Неліктен ол біздің чемпионатта 70 мың еуро алады? Мұның бір ғана жауабы бар, ол – жемқорлық. Дегенмен бұл былыққа енді құқық қорғау органдарының мамандары нүкте қояды,– деген еді. Алайда бұл мәселемен әлі де күресіп келеміз. 2015 жылы «Ақтөбе» футбол клубындағы мына бір атышулы оқиға халықты елең еткізіп, спорт басшыларының «шарадай басын шақшадай қылғаны» бар. Сол кездегі облыс әкімі «Ақтөбе» клубының сапындағы ойыншылардың жалақысын көпшілікке жариялады. Команда сапындағы легионерлер Данило Сирино – 57 мың еуро, Андерсон Сантана – 61 мың доллар, Данило Неко – 67 мың еуро, Маркос Пизеллидің 75 мың доллар жалақы алатыны белгілі болды. Бұл – бір оқиға. Одан бөлек, бір кездері африкалық Jeune Afrique журналы да «Қайраттың» бұрынғы шабуылшысының айлық жалақысы 165 мың еуро екенін жазған. Яғни, алматылық «Қайраттың» футболшысы сол уақытта «Реал», «Ливерпуль», «Ювентус» және «Тоттенхэм» секілді командалардың ойыншыларынан да көп жалақы алған. Ел футболында мұндай көп соманың жүруі клуб басшыларына да жақсы екенін айтты Ербол Қайыров. – Қазақстан клубтарының басшылары көптеген агенттермен тығыз байланыс орнатқан. Тек сол агенттердің футболшыларын алып, қаражатты өзара бөліседі. Әрине, басқа да жағдай көп. Мысалы, футболшының жалақысының басым бөлігін клуб өкілдері өзіне алады. Ал өткен жылы бір клубтың басшылары ойыншыларға ірі көлемдегі соманы карточкаларына жіберіп, қалған ақшаны өздері алған. Оқу-жаттығу жиындарын өткізгенде де қаралымда жүрген футболшыларды клубқа ұсынған адамдармен алдын ала келісім жүреді,– деген ойын жеткізді спорт журналисі. Расымен, осыған ұқсас жайттар футболымыздың дамуына үлкен кедергі келтіріп отыр. Төрешілердің де матч кезінде әділ төрелік етпейтіні, ақшаға сатылатыны жайында түрлі қауесет бар. Бұл жайсыз жағдайға Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожин былайша жауап берген. – Қазақстан футбол федерациясы төрешілер арасында жемқорлықтың болмауын қадағалап отыр. Осы жағдай бойынша бірнеше футбол төрешісін қызметінен шеттеткен болатынбыз. Бұл бағытта жұмыстар жалғасын табады. Тағы қосарым, федерация мен құқық қорғау органдары арасында меморандумға қол қойған. Жемқорлыққа қатысы бар төрешіні анықтап, қылмыстық іс қозғатуға дейін барамыз, – деп ашық айтты бас хатшы бір сұхбатында. Ол, сонымен қатар Үкімет қаржысын жымқырып отырған клуб басшылары мен спорттық директорларға қарсы күрес жүргізу жөнінде қысқаша тоқталған болатын.Иә, әлемдегі нөмірі бірінші спорт түрі саналатын футболда былық болмауы тиіс еді. Бірақ шетелде де, біздің елде де мұндай келеңсіз жағдайлар жетіп-артылады. Қазақстан футболындағы жемқорлықтың басты себебі, клубтардың бюджеттен қаржыландыруына байланысты тәрізді. Бәлкім, футбол клубтарды жеке инвесторлар қаржыландырса мұндай келеңсіздік болмас па еді, кім білсін?!