Екпесең – жер қысырайды
Екпесең – жер қысырайды
417
оқылды

Қазақстан территория­сы­ның 272,5 млн гектар ау­ма­ғын­да 18 млн 617 мың адам тұ­рады екен. Біз сияқты халқы си­рек ор­­на­ласқан елде мал жа­йы­­лымының жетіспеуі – бір қа­рағанда ақылға сый­­майтын дүние. Бірақ ауыл­ды жерде ота­рына өріс тап­пай отырған ша­руа қан­­шама? Басты себеп – жер­дің жекеменшікке өтіп ке­тіп, жайы­лымның жыл өт­­кен сайын қысқа­руы. Мәсе­лен «Алиби-холдингінің» қарамағында 1 миллион гек­тар­дан астам жер бар.

Екінші орынға 600 мың гектармен «ҚазЭкспорт­Астық» холдингі» жайғасқан. Үшінші орыннан 430 мың гектармен «Агрофирма TNK» ЖШС табылды. Үздік үшті­гі­міз осылай тұйық­талғанмен, бұлар­мен иық тіресуге жарайтын ірі жер иеленушілер қаншама. Ұлан-байтақ атыраптың жалпы аумағына шаққанда олар теңіздің тамшысындай көрінуі мүмкін. Бірақ осыншама аумақты кім қаншалықты игеріп отырғаны басы ашық мәселе. Статистикаға сүйенсек, бүгінде елде ауыл шаруа­­шылығына арналған жалпы көлемі 202 миллион гектар жер бар. Оның 104 мил­лио­ны пайда­ла­нуға берілген. Қалғаны – қорда. Жаңағы айтқан 104 миллионның 16 миллион гектары мүлдем иге­рілмей жатыр. Бұл – ресми дерек.

Аймақтарға ауыссақ. Мыса­лы, Қызылорда об­лы­сында жүр­гі­зілген тексерістер барысында 1 074 и­геріл­меген жер телімі анық­талған. Оның 408-і – кә­сіп­­керлік, қалғаны – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Бос жат­қан шабындық, жайылымдық жер­лер, әсіресе Алматы, Ақтө­бе, Қарағанды және Шығыс Қазақ­стан облыстарында өте көп. Ал бұл – өңірдегі әкімдіктер тікелей айна­лысуы тиіс түйткіл.

Бүгінде бұл мәселе ауылдық, аймақтық деңгейді былай қо­йып, ең жоғары мінберлерден де айтылып жүр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 2 қыр­­­күйектегі жолдауында жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесі өте өзекті екенін тілге тиек еткен болатын. Мемлекет басшысы «латифундистердің» көбейіп кеткенін алға тартып: «Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс» деп шегелеп айтты. Себебі жерді дұрыс игермей агро­өнеркәсіп кешенінің сапалы дамуы мүмкін емес. Мәселенің бір ұшы малды жем-шөппен қамта­мыз етуге тиіп тұр. Қазір бұл көр­сет­кіш 60 пайыздан төмен.


Аймақтарға ауыссақ. Мысалы, Қызылорда облысында жүргізілген тексерістер барысында 1074 игерілмеген жер телімі анық талған. Оның 408-і – кәсіпкерлік, қалғаны – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Бос жатқан шабындық, жайылымдық жерлер, әсіресе Алматы, Ақтөбе, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында өте көп.


Мемлекет басшысы бұл мәсе­ле­ні Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында да көтерді. Президент Ауыл шаруашылығы мен Цифрлық даму министрлігіне бірлесіп 2020 жылдың 1 мамырына дейін бірқатар облыста жерді ғарыштық бақылау бойынша пилот­тық жобаны жүзеге асыру­ды тапсырды. Сондай-ақ Үкімет тиісті құқықтық актілерді жедел қабылдап, игерілмей, бос жат­қан жерлерді экономикалық айна­лым­ға енгізу шараларын қолға алуы тиіс.

Президент айтып отырған бұл технология батыс елдерінің практикасында бұрыннан бар. Мәселен, Франция фермерлері ғарыш мониторингін қолданып келе жатқанына он бес жылдан асқан. Олар негізгі төрт дақыл: бидай, арпа, соя, тритикале алқап­та­рын бақылайды. Сонымен қатар аумақтың 5 пайызын 1 500 адамнан тұратын жеке құрам ара­лап шығуы керек. Содан кейін агро­­номдар жерді тыңайту, өңдеу жұмыс­тары бойынша кеңестер айтып, өнімділік бойынша болжам жасайды. Бұл ақпараттар арнайы порталдарға жарияланып, ақысын төлеген шаруа қожалықтарына ұсыныстар жіберіледі. АҚШ-та бірден 130 дақыл түрі бақыланып, елдегі астық өнімділігіне болжам жасалады.


Аталған қызмет біздің нарықта да сұранысқа ие. Алғашында отан­дық фермерлер шетелдік ком­па­ниялардың қызметін пайда­ла­нып жүрген. Биыл мамырда ғарыш­тық бақылауды жүзеге асы­ратын қазақстандық ойыншы пайда болды. Осы уақыт ішінде Egistic.kz деп аталатын портал 3000-ға жуық тапсырысты қана­ғат­тандырған. Компанияның директоры Жандос Керімқұлов ғарыштық технологияның тиімді әдіс екенімен толық келіседі. Өз тәжірибесінен мысал келтіре оты­рып ол заманауи қызметтің бір­талай артықшылығына тоқтал­ды: «20 мың гектар егістігі бар фермерден тапсырыс алдық. Кез келген ақпаратты өңдеуге ша­ма­мен жарты сағат уақыт кетеді. Нәтижесінде, оның он мың гек­тарында ештеңе өспей тұр­ғаны, ылғалдылық мөл­шері, то­пырақтың құрамы сияқ­ты ақ­параттар анықталды. Қожа­лық­­тың иесі агрономдармен сол ау­маққа барып, тиісті шаралар атқа­рып, егістігін өңдеп алды. Ал ол бұл аумақты өзі араласа бір апта­дан артық уақыт кетер еді. Бұл уақыт­ты, еңбек ресурсын тиімсіз пай­да­лану ғой».

Ғарыштық мониторингтің тағы бір артықшылығы – ақпарат­тың ашықтығында. Кез келген жер телімі қандай жағдайда тұрғаны тайға таңба басқандай көрі­ніп тұрады. Бұл сыбайлас жем­қор­лық­пен күресуге де өте тиімді. «Бірақ ғарыштық мониторинг жер­дің игеріліп-игерілмегенін анық­таудың жалғыз құралы бол­мауы керек», – дейді маман. Өйткені жер серігі түсірген сурет­те кішігірім кінәраттар болуы мүм­кін. «Мысалы, құрамында азот, парафин сияқты қоспалары бар тыңайтқыш ғарыштан өсімдік сияқты көрінеді. Егін алқабын бір жыл тынықтырып, тыңайтқыш сепкен фермердің жерін игерілмеді деп тану қиянатпен тең», – деді ол. Маманның пікірінше, жердің бос жатқанын анықтау үшін жалғыз ғарыштан келген сурет жеткіліксіз.

Жандос Керімқұлов бұл про­цессті жан-жақты зерттеп барып мемлекеттік бағдарламаны іске қосқан жөн деп санайды. Маман шетелдік жүйені сол қалпы көшіріп ала салуға қарсы. Өйткені солтүстік бойлықта орналасқан жерлер мен оңтүстік бойлықта орналасқан жер телімі туралы ақпараттарды өңдеудің өз ерекшеліктері бар. Тіпті Қазақстанның әр өңіріне жеке алгоритм ойлап тапса да артық емес. Маманның ойынша бұл жүйе климат ерекшеліктері мен басқа да факторларды ескеруі тиіс. «Мысалы, «Сергек» деген жүйе бар ғой. Ол жол ережесін бұз­ғандарды автоматты түрде тіркейді. Бірақ жүргізуші түрлі себеппен жол ережесін бұзуға мәжбүр болған жағдайда мамандар айыппұл төлетпейді. Мына жүйеге де осындай арнайы адамдар шешім қабылдауы керек. Ал ғарыштан түсірілген сурет тек құрал ретінде қолданылғаны дұрыс», – деді Жандос Керімқұлов.

Президент те жобаның жан-жақты зерттеліп, барлық фак­тордың ескерілуіне мән беру керегін айтқан болатын. Яғни, мемлекеттің басты байлығына қатысты жұмыстарға салғырт қарамаған жөн. «Көш жүре түзе­леді» дерміз. Алайда керуеніміз түзу жолға түскенше бармақ тістеп қалуға болатынын да есте ұстаған абзал.