Qaz Ice – қазақы бренд
Qaz Ice – қазақы бренд
271
оқылды

Соңғы жылдары елімізде қы­мыз бен шұбаттан жасалған бал­мұз­­дақтар да сұранысқа ие болып жатыр. 21 жастағы семейлік Айдын Серік­қа­зин осы істі қолға алып, Qaz Ice деп ата­­латын өнімін нарыққа шығару үшін еңбек­теніп жүр екен. Айдынды сөзге тартқан едік.

– Айдын, сенің қымыздан балмұздақ дайындап, ұлттық өнімді дәріптеп жүргеніңді БАҚ өкілдері жарыса жазуда. Ісің берекелі болсын. Жалпы, бұл идея қалай пайда болды?

– Қымыз – қазақтың ұлттық сусыны. Ал ұлт­­тық сусыннан жасалған балмұздақты нарық­­қа шығаратын кәсіпкерлер елімізде жоқ­тың қасы. Бұл жұмыспен айналысып жүр­ген­дерді былайғы жұрт та біле бермейді. Сол олқы­­лықтың орнын толтыру мақсатында әрі қазақ­тың қымызын әлемге танытудың бір жолы ретін­де қарастырып, өзіміздің өнімдерімізді дәріп­теу­ді қолға аламын деп шешім қабылдадым. Айт­пақ­шы, балмұздақтың бұл түрі көршілес Қыр­ғыз елінде жоғары танымалдылыққа ие екен. Ал біз әлі қымызды жоғары деңгейде дәріптей ал­май отырмыз. Осы жағдай маған қозғау сал­ды. Оның үстіне Абай ауданында жылқы шаруа­шы­­лығы жақсы жолға қойылған. Көп адам жыл­қы асырайды. Кейін өзіміздің қымыздан неге балмұздақ әзірлеп, сатпасқа деген ой келді. Алла­ға шүкір, ақырындап осы істі қолға ала бастадым.

– «Жас кәсіпкер» бағдарламасының мүмкіндігі қан­дай? Жобаны қорғау кезінде қобалжу, қорқы­ныш болды ма?

– ШҚО-да 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жап­пай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында грант­тарды ұсыну жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Өскемен, Семей, Курчатов, Риддер қа­лаларынан және облыстың 15 ауданынан барлығы 342 азамат өтініш жолдаған болатын. Соның 297-сі мақұлданды. Ең көп жобаларды қа­­тонқарағайлықтар ұсыныпты. Менің жобам да көңілден шықты. Өнімге арналған шикізат – ұлттық сусын қымыз болғандықтан, жоба инновациялық деп саналады.


56145615645.JPG

Ешқандай қобалжу да, қорқыныш та болмады. «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасында 15 күн оқыдық. Екі аптада бизнес план, маркетинг барлығын түсіндірді. Бірінші қалалық қорғаудан өттік, одан кейін облыстық қорғауда жобамызды қорғадық. Облыстық қорғаудан соң мемлекеттік грантты жеңіп алдым.

Қаржы экономикалық колледжін бітіре салы­сымен «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы­ның «Жас кәсіпкер» бағдарламасына қатысып, 505 мың теңге көлемінде мемлекеттік гранттың иегері атандым. Бұл бағдарламаға қымыздан балмұздақ шығару туралы жобаммен қатыстым. Онда қымыздан және саумалдан жасалатын балмұздақтың екі түрін ұсындым.

– Өнімді рәсімдеу жұмыстары қалай жүріп жатыр?

– Патенттеу жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп жатыр. Өтінішті жібердік. 6 айдан кейін дайын болады. Декларациясын алып, құжаттардың бәрін ретке келтірдім. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік стандарт пен СЭС-тің жұмысы бітті. Декларация арқылы балмұздақты шетелге экспорттауға болады. Жұмысымның алға ілгерілеуіне ата-анам қолдау білдіріп, көмек көрсетуде. Ал «Атамекен» Кәсіпкерлік палатасының берген ақшасына құрал-жабдық сатып алдым. Өнімді дайындауға қажетті Goshen аппаратын Алматы қаласынан тапсырыспен алдырдым.

– Бұл балмұздақтың айырмашылығы бар ма?

– Жалпы, қымыздан тек балмұздақ қана емес, торт, шоколад, ірімшік, йогурт та дайындауға болады. Сондай-ақ біз балмұздаққа жеміс-жи­дек­тер де қосамыз. Әр балмұздақтың құрамы әр­түрлі болады. Менің балмұздағымның құрамы өзге өнімдерден бөлек. Оның құрамын әзірге құ­пия ұстап отырмын. Жалпы дөңгелек шар түрін­де дайындалатын балмұздақтың бағасы қолжетімді, небәрі – 250 теңге.

– Осы жыл қаншалықты жемісті болды? Балмұздақ бизнесін дамыту үшін қандай қадамдарға баруды жоспарлап отырсың?

– 2019 жыл мен үшін табысты жыл болды. Ойға алған мақсат-жоспарымды жүзеге асыруға көп мүмкіндік алдым. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 5 қазандағы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Жас­тар­­мен кездесулерінің бірінде Н.Назарбаев: «Әр адам­ның бойына жұмыс істей білу, оқып-үйре­не білу, өмір сүре білу, қазіргі әлемде өмір сүре білу қасиетін сіңіру керек» деген бола­тын. «Бо­­лашақ – жастардың қолында» екенін ескер­сек, бүгінде бәсекеге қабілетті жалынды жастар легі өсіп келеді. Сондықтан бізге қатардан қал­май, жетілуге, жетістіктерге жетуге ұмтылған жөн.

Жаңа жылдан бастап жаңа қарқынмен жұ­­мысқа кірісемін. Тауардың өтімділігін арт­ты­ру үшін еңбектеніп жатырмын. Жарнама жа­ғы әзірге тек Instagram арқылы жүргізілуде. Ал бал­мұздақты бір ғана аппаратпен дайын­дау­да­мыз. Өнім қазіргі кезде нарыққа шықпады. Тек форум мен жәрмеңкелерге апардым. Қы­мыз­дан жасалған балмұздақтың дәмін татып көр­­гендер де, ағайын-туыстар мен достарым да жоғары ба­ғасын берді. Шығыс Қазақстан облы­сы әкі­мі­нің орынбасары Әсем Бекқызы да жұмы­сы­ма сәттілік тіледі.

Денсаулыққа пайдалы деп мақтасақ та, қыш­қыл қымызды балаларға күнде іштіре алмай­мыз. Ал қымыздан жасалған балмұздақтан бүлдір­шін­дер де, үлкендер де бас тарта алмайды. Нағыз табиғи өнім. Ең бастысы, уылжып тұрған кәдімгі тәп-тәтті балмұздақ. Әңгіме арасында айта кетейін, отандық өнімді тұтынушылар «Ақшың» дүкенінен осы айдың соңына қарай сатып ала алады. Бұл – Семейдегі ірі сауда орын­дарының бірі. Келешекте өнімдерімізді өзге де сауда орталықтарына ұсынамыз. Сондай-ақ бал­мұздақ дайындайтын цех ашу да жоспарда бар.

 

Сұхбаттасқан
Абылайхан ЖҰМАШ