Ауруын «пұлдап», ақша жинайтын алаяқтар
Ауруын «пұлдап», ақша жинайтын алаяқтар

Қайырымдылық – қазақтың қанында бар қасиет. Қолында барын таратып беруге дайын тұратын атымтай жомарттар қай кезде де болған, бола беретіні де анық. Бірақ өзге жұртқа қайырымды болып көрініп, сол арқылы пайда табуды көздейтіндер  ше? Қазір шын жанашырлар мен алаяқтарды ажырату қиын болып қалды. Сонда кім кімді алдап жүр?

Негізінде, елімізде қайырымдылықпен айналысып, халықтың ықыласына бөленіп жүрген ұйымдар жетерлік. Мысалы, «Дара», «Сәби», «Ниет», «Бауыржан», «Добровольное общество милосердие» сияқты ұйымдар мен Асқар Жакулин, Болат Өтемұратов атындағы жеке қайырымдылық қорлары бар. Мұнымен қоса отандық компаниялар да қайырымдылықпен айналысады. Аталған ұйымдар тек науқастардың еміне ақша жинап, мұқтаждарға көмек беруден бөлек, мектеп, аурухана, спортзалдар салуға атсалысады. Алайда осы жақсылықтан пайда тауып қалғысы келетіндер де жоқ емес.

Сондай кейіпкердің бірі – Алматы тұрғыны Ақмарал Жақсылықова. Ол ауырған қызына ота жасату үшін ақша сұраған. Ақмаралдың қызына бүйрек ауыстыру отасы тегін жасалған. Алайда ол қайырымдылық қоры бөлген 12 млн теңгеден айрылғысы келмей, пайдаланып кетуді ойлапты. Сөйтіп Алматыда еріктілер мен науқас қыздың анасы арасында қомақты қаржы үшін  дау шығып, іс сотқа дейін барды. Еріктілер бұл қаражаттың басқа мақсатта пайдаланғанын дәлелдеп, пәтер сатып алғанын айтады. Қалалық сот операцияға деп жиналған 12 млн теңгенің 10 миллионын «Қайырымды жандар» еріктілер тобына қайтарып беруге шешім шығарды. Ал ана болса, «бұл қаражат менің қызыма жиналды, ол – халықтың ақшасы. Ол ақша қызым Жанелдің еміне жұмсалады, отадан кейін де ақша қажет» деуден танбаған.

[caption id="attachment_106845" align="alignnone" width="1024"]ақша ©сурет интернеттен алынды[/caption] Оқиғаның әу басында Ақмарал Жақсылықова қызы Жанелдің бүйрегін ауыстыру үшін Израильге бару керек еді. Әйтсе де, оған донор табылса, отаны елімізде тегін жасауға мүмкіндік туған. Сөйтіп  Ақмаралдың туған қайнысы Бақтияр Жылқыбаев қарындасына бүйрегін береді. Ал қыздың анасы бұл жайтты елден жасырып қалғысы келген.  «Қайырымды жандар» ұйымының негізін қалаушы Мәулен Алғазы біліп қалғаннан кейін ғана әйелдің өтірігі әшкере болыпты. –Шыны керек, ақша әлі қайтарылмады. Жақында ғана сот орындаушы Еркебұлан деген жігітке хабарласып, бұл істің тоқтап тұрғанын білдім. Ақмарал сол кездерде құжат бойынша күйеуімен ажырасып, ешқандай мүліксіз екенін көрсеткен. Сондықтан сот оның жалақысынан аз мөлшерде ұсталуы керегін шешкен. Осы 2-3 жыл өтсе де қайтарылғаны 200-300 мыңы ғана. Қалғаны қашан қайтарылатыны белгісіз. Бірақ ол ақша бізге әлі аударылмады. Осының анық-қанығын тексеруіміз керек, –  дейді Мәулен Алғазы. Сол секілді әлеуметтік желілерде де жақсылық жасап жарысып жататындар көп. Бір жақсысы, олар әр түскен тиынға есеп береді. Көбіне жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік, киім-кешекпен көмектеседі. Мысалы, 2019 жылдың қысында  елордалық бес бала өрттің құрбаны болғанда қабырғасы қайыспаған адам жоқ. Әркім қаржылай көмек беруге ұмтылды. Соңғы екі жүз теңгесін салғандар да болды. Мешітте арнайы шот ашылып, марқұмдардың әке-шешесіне сол түскен қаржыға пәтер алып берді. Бұл «көп түкірсе – көл» дегенді растай түседі… [caption id="attachment_106848" align="alignnone" width="1024"]ақша ©Сурет интернеттен алынды[/caption] Дегенмен алаяқтар желіде халықтың мейірімін пайдаланып, жоқ адамның атынан ақша жинауын қояр емес. Мәселен, Лиораның оқиғасынан алаяқтықтың белгісін бірден байқауға болады. Біріншіден, хабарландыруда қызға көп ота жасау керегі жазылған. Екіншіден, адам бір бүйрекпен өмір сүре алады. Егер бүйрек сәтті трансплантацияланған болса, екіншісі трансплантацияланбайды. Сондай-ақ қыздың құжаттары да көрсетілмеген. Хабарландыруда Лиораның тек Қазақстанда тұрғаны және Америкада ауруханада емделіп жатқаны жазылған. Қыздың анасы кіші ұлымен Алматыда қалып, әкесі қызымен бірге ауруханада жатқан. Ал ақшаны тек ресейліктер, оның үстіне бөтен адам жинаған. Бұл оқиғаға күмәнданғандар болмаса, оның өтірігін ешкім білмес те еді. Солардың арасында журналист Михаил Шахназаров та бар. Оның Facebook парақшасында оқырман саны көп болғандықтан, қыздың өмірі үшін күресуге атсалысуға шақырады. Алайда журналист қыз туралы мәліметтерді зерттей келе, бұл оқиғада бір шикіліктің барын сезеді. Сөйтіп, бар шындықты жария қылады.

Шынтуайтында,  ресейліктер Қазақстанда тұрады деп,  жоқ адамның еміне ақша жинап, алдап келіпті. Әлеуметтік желідегі хабарландыруда 8 жасар қазақстандық Лиора Әлиева қалқанша безі және бүйрек үсті безінің қатерлі ісігіне шалдыққанын, оның  еміне көп қаражат керек екені жазылған. Жазбаларда: «Лиора – өте жақсы қыз. Ол Қазақстанда тұрған. Бимен айналысқан қыз анасын қатты жақсы көреді. Ол кез келген кішкентай қыз секілді өмір сүргісі келеді. Оның жүрегі және бүйрегі екі рет трансплантацияланған. Енді қыздың екінші бүйрегін ауыстыру  қажет. Ал ота жасату үшін дәрігерлер 25 мың доллар сұрап жатыр» делінген. Хабарландыруды оқыған жұрттың қызға жаны ашып, оның емі үшін біраз қаражат аударып тастаған. Соңында барлығы әшкере болған соң, көмек көрсету туралы жазылған барлық хабарламалар өшірілген. Тіпті, қыздың анасына тиесілі есепшот та жоғалып кетті. Ақырында Михаил Шахназаров құқық қорғау органдарына бұл істі тексеру керек деп, дабыл қақты.

Қазақстанда «Қайырымдылық туралы» заң қабылданғанымен, онда қайырымдылық жұмыстарын бақылаушы, жүйелеуші мекеме көрсетілмеген. Нақты қанша адам алаяқтықпен ақша жинап жүргені тағы белгісіз. Оған қоса, ірі сауда орталықтарының алдында науқас балалардың еміне деп қаржы жинаушылар тыйылар емес. Арасында «Мейірімділік» еріктілер қоғамының атын жамылған алаяқтар да бар екені белгілі болды. «Осындай алаяқтардан абай болу үшін 2006 жылдан бері қайырымдылық ақшаны қолма-қол жинамаймыз. Әрбір балаға банктен арнайы шот ашып, көпшіліктен түсетін қаржыны сонда сақтаймыз және әр 10 күн сайын жиналған қордың шығыны туралы сайт арқылы есеп беріп келеміз. Негізі көшеде жәшікпен жүргендерге қайырымдылық жасамаған жөн. Себебі, бір күнде қанша жиналғаны, қаншасы аударылғаны көрсетілмейді. Жалпы, ол баланың нақты бар-жоғын да білмейміз. Ең дұрысы, аударымды банк арқылы жасау керек» деді Аружан Саин. ақша Ал адвокат Есбол Зеңгірдің айтуынша, әлеуметтік желі арқылы осындай хабарламалар көп келеді. Ондайға сенім болмаған соң, ешқандай төлем жасамайды екен. «Тек көзім жеткен жағдайда көмек беруге тырысамын» дейді ол.

– Әр хабарландыруға көз жеткізбестен аудара салу дұрыс емес. Алдымен ақша аударғалы отырған адамның мәліметтерін сұрап, құжаттарын тексеру керек. Ақша аударатын есепшот пен сізге хабарласқан жанның құжаттары сай болуы тиіс. Екіншіден, көмек сұраған адамға видеоқоңырау шалып, дәл өзі екенін көз жеткізіңіз. Осыдан кейін төлем жасауға болады. Алданып қалсаңыз, оған іс қозғауға болады. Онда да ұялы телефоныңызға хабарлама келгені және тағы екі-үш адам алданған жағдайы болса, полицияға арыздануға болады. Қолыңызда ақша аударған адамның барлық мағлұматы болуы тиіс, – деді Есбол Зеңгір.

Мұндай оқиғалар шет мемлекеттерде де өте көп тіркеледі.  Айталық, бразилиялық Матеус Алвестің оқиғасына жүрегің езіледі. Емге жиналған ақшаны жезөкшелерге жұмсаған жігіт ұлынан айырылды. Карин Родригес жеті айлық баласының емі үшін желі арқылы халықтан көмек сұрап, ақша жинаған. Балаға қажет препараттың әр дозасы – 90,5 мың доллар, ол дәрі аурудың дендеуін тежейді екен. Олар бір жыл ішінде халықтан 248 мың доллар жинаған. Отбасы жиналған ақшаны банктің төрт есепшотына салған, ерлі-зайыптының әрқайсысы оның бір-біреуін басқарған. Бір күні әйел шоттан, сол секілді баласының да шотынан үлкен соманың шешіліп алынғанын байқайды. Сөйтсе,  37 жастағы баланың әкесі Матеус Энрике қымбат қонақүйде тұрып, екі ай ішінде 150 мың долларды құртқан. Алвес шоттан шешіп алған ақшаға қымбат дизайнерлік киім киіп, әшекей сағат сатып алып, есірткі тұтынып, жезөкшелерді жалдаған. Ал полицияға ол өзінің бопсалау құрбаны болғанын айтқан. Бала мемлекеттен жеңілдікпен дәрі-дәрмек алуын күтіп жүргенде оның бойын ауру дендеп, үйінде қайтыс болады. Мұндай қайғылы оқиғаларға жол бермеу үшін сақ болған абзал. Торайғыров  «жақсылық көрсем де өзімнен, жамандық көрсем де өзімнен» деп бекер айтпаса керек.   Біреудің сырқаты –  біреудің нәпақасына айналмау қажет. Жанашырлық танытқан дұрыс, бірақ бұл алаяқтың қалтасын қампайтып, қоржынын толтыру емес. Қай істе де «екі шоқып, бір қараған» жөн-ақ.