Алик Шпекбаев жемқорларды қоғамдық жұмысқа тартуды ұсынды
Алик Шпекбаев жемқорларды қоғамдық жұмысқа тартуды ұсынды
Орта және орташа ауыр жемқорлық қылмыс жасағандарды қоғамдық жұмыстарға тартуды күшейту қажет. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев айтты.
«Түрме адамды сирек тәрбиелейді. ЭЫДҰ елдерінде жемқорларды негізгі немесе қосымша жаза ретінде қоғамдық жұмыстарға тартуы кездейсоқ емес. Мысалы, Ұлыбританияда сотталғандарға «қоғамның қарызын қайтару» деген жазуы бар кеудеше кигізіп, оларға көше жұмысын істеткізеді. Писхологиялық тұрғыдан бұл тәсіл біршама тиімді әрі қоғам зиянкес қылмыскерлерді танитын болады», - деді Алик Шпекбаев агенттіктің алқа отырысында.
Осы орайда агенттік басшы мұндай жаза еліміздің қылмыстық заңнамасында да көзделгенімен соттар оны мүлдем тағайындамай отырғанына баса назар аудартты.
«Орта және орташа ауыр жемқорлық қылмыстары үшін қоғамдық жұмыстарға тарту қылмыстық заңнамамен реттелгеніне қарамастан, Қазақстанда соттар мұндай жазаны мүлдем тағайындамайды. Менің ойымша, ең алдымен күшті алдын алу әсері тұрғысынан бұл институтты күшейту қажет», - деді Алик Шпекбаев.