Елорда әуежайында мүгедектігі көрінбейтін жолаушыларға ерекше қызмет көрсетіледі
Елорда әуежайында мүгедектігі көрінбейтін жолаушыларға ерекше қызмет көрсетіледі
102
оқылды

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы аутистік спектрі бұзылған  және менталды ауытқулары бар жолаушыларға қызмет көрсету бойынша дамыған елдердің озық тәжірибесін енгізді.

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің азаматтық авиация комитеті, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі», АҚ «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы», AUTISM KAZAKHSTAN ұлттық қауымдастығы өзара бірлесіп жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидалары бойынша өзгерістер енгізді. Жобаның басты мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар жолаушылар үшін ұшуларды барынша жайлы  ету. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында аутизм, деменция, альцгеймер ауруы және басқа да менталдық бұзылулар секілді мүгедектігі көрінбейтін жолаушылар үшін жағдай жасалған. Мүгедектіктің бұл түрі бар адамның денсаулығында қандай да бір шектеудің бары байқалмайды, бірақ мұндай жолаушы әуежай қызметкерлерінің қосымша қолдауы мен назарын қажет етеді.  
Көрінбейтін шектеулері бар жолаушыларға тиісті куәлігі болған жағдайда ерекше қызмет көрсетіледі. Осындай құжаттарды ұсынған жолаушыларға әуежайда жасырын мүгедектіктің халықаралық белгісі болып табылатын сары күнбағыс үлгісі бар тиісті ланьярдтар (ленталар) беріледі. Ол үшін авиабилетте көрсетілген ұшып шығу уақытынан 48 сағат бұрын қызмет көрсетуге өтінім беру қажет. Ланьярд авиациялық қауіпсіздік, тіркеу, сондай-ақ әуежайда шекара және кеден қызметкерлеріне көрінбейтін мүгедектігі бар жолаушыларды сәйкестендіруге мүмкіндік береді (оларды алып жүру және рәсімдерді басым тәртіппен өту үшін). Әуежайға келгеннен кейін аутистік спектрі бұзылған жолаушының алып жүретін адамы арнайы ланьярд алу үшін анықтама бюросына жүгіне алады. Қажет болған жағдайда жолаушы аэровокзал бойынша және әуе кемесіне дейін жүріп-тұру үшін мүгедектер арбасын, сондай-ақ ана мен бала бөлмесін пайдалана алады.