Қарызға батқан қазақтар ипотекасын қайта қаржыландыра алады
Қарызға батқан қазақтар ипотекасын қайта қаржыландыра алады

Қазақстан Ұлттық банкі ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасын өзгертті. Президент Қ.Тоқаев жуырда Үкімет пен Ұлттық банкке халықтың әлеуметтік осал тобына жататын тұрғындарды, жалғыз мүлкі банктердің балансына өтіп кеткен қарыз алушыларды қолдау шараларын әзірлеуді тапсырған еді. Ұлттық банк көпке созбай аталған бағдарламаға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бекітті.

Шыны керек, халық арасында проблемалық ипотеканы қайта қаржыландыру туралы әңгіме екі мыңыншы жылдардың ортасында жиі айтылатын. Себебі ипотекалық несиені АҚШ долларымен алғандар доллар қымбаттағанда несиесін өтей алмай қатты қиналды. Ипотекасын өтей алмай, баспанасы банктің балансына өтіп кеткендер де аз болған жоқ. Осы бір күрделі мәселенің күрмеуін шешуді сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев та Ұлттық банкке тапсырған. Ұлттық банк ипотекалық қарыз алушылардың проблемаларын 130 млрд теңге бөлу арқылы шешуді ұйғарған. Сөйтіп, бұл жұмысты жүзеге асыру үшін 2015 жылғы 24 сәуірде Ұлттық банктің қаулысымен Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын және ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы бекітілді. Бұл бағдарламаны әзірлеуге мүдделі мемлекеттік органдармен қатар, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері де қатысты. Сөйтіп, бөлінген қаражатты екiншi деңгейлі банктерге жеткізу мақсатында Проблемалық кредиттер қоры екiншi деңгейлі 9 банкке 20 жылға жылдық 2,99 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен депозитке қаржы құйды. Сол жылы бағдарламаға «Қазкоммерцбанк» АҚ («БТА Банк» АҚ мен «БТА Ипотека» АҚ), «Қазақстан Халық Банкі», Fortebank АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «АТФ Банк» АҚ, Kaspi Bank АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ мен «Нұрбанк» АҚ кірді. Ал бүгіндері аталған бағдарламамен жұмыс істейтін банктер саны жиырмаға жетті.

Ал 23 желтоқсан күні бағдарламаға енгізілген өзгерістер нені көздейді?

«Жаңа өзгерістер әлеуметтің осал тобына жатқызылған 7 355 қарыз алушыны қолдауға мүмкіндік береді. Олардың жалпы ипотекалық қарызы – 44,6 млрд теңге. Міне, осы қарыз алу­шылардың арасында баспанасы банктің балансында тұрған тұрғын үйді қарыз алушының мен­шігіне қайтару мақсатында қаржы инс­титуттарына қарыз алушыны қаржыландыруды жүзеге асыру не оған тұрғын үйді кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға беру құқығы беріледі. Бұл шаралар бұрын қайтарымды негізде бөлінген қаражат шеңберінде жүзеге асырылады», – дейді Ұлттық банктің баспасөз хатшысы Олжас Рамазанов.

Оның айтуынша, бағдарлама жаңа жылдан бастап күшіне ене­ді. Айта кетерлігі, проблемалық ипотекасы бар қарыз алушы­лар­мен, оның ішінде халықтың әлеу­меттік осал тобына жататын аза­маттармен жұмысты Үкімет­тің тапсырмасы бойынша құ­рылған жұмыс топтары шеңбе­рінде әкімдіктер жеке тәртіппен жүзеге асырады екен. Валюталық ипо­те­калық қарыздарды қайта қаржы­ландыру мерзімі 2020 жыл­ғы 31 жел­тоқсанға дейін ұзар­тылған, қарыз алушылар ва­люталық ипотекалық қарыз­дарды қайта қаржыландыру үшін 2020 жылғы 15 желтоқсанына дейін креди­торбанкке өтініш беруі қажет.

Осы тұста ескеретін бір жағ­дай, бағдарламаға 2015 жылдан бері шағымдарын айтқан қарыз алушылар ғана қатысады.

«Бізде олардың статистикасы бар, қарызын төлемегеніне 90 күннен асып кеткендердің тізімі жасалған. Жаңадан өтініш қа­былданбайды. Екінші деңгейлі банктер төлем қабілеті төмендеп кеткен қарыз алушылардың мә­селесін реттеу үшін бөлінген ақ­шаны 20 жылдан кейін Ұлттық банкке кері қайтарады», – дейді О.Рамазанов.

Ұлттық банктің дерегіне сү­йенсек, 2015 жылы бағдарлама қа­былданған кезде 2004-2009 жыл­дар аралығындағы кезеңде берілген ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру көзделген. Бүгіндері бағдарлама шеңберінде 171,4 млрд теңгеге 28 мың қарыз алушыға көмек көрсетіліпті, ал 56 млрд теңгеден астам сомаға қарыз алушылардың сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық сомасы бойынша берешегі төмендетілген.

Ал бағдарламаның екінші бөлігі 2018 жылы 27 наурызда іске қосылды және жеке тұлға­лар­дың валюталық ипотекалық қарыздарын Ұлттық банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) бойынша теңгемен қайта қаржыландырыла бастады. Бағам айырмасының сомасы, бұл 156 млрд теңге, тағы да Ұлт­тық банк қаражатының есебінен өтеліп жатыр. Валюталық қарыз алушылардан қайта қаржылан­дыру үшін екінші деңгейлі банк­терге 9 мыңнан аса өтінім беріл­ген, оның ішінде қайта қаржы­лан­дыруға жалпы құны 78,7 млрд теңгені құрайтын 8 840 қарыз мақұлданыпты.

...Бағдарламаға енгізілген түзетулер туралы кешелі бері ақпарат құралдарында айтылып жатыр. Алайда ел арасында «ипо­текамды қайта қаржылан­дыратын болдым» дегендер жоқ­тың қасы. Шыны керек, бізді кім­дердің ипотекалық қарызы­ның мәселесі жеңілдетіліп жат­қаны қызықтырды. Бәлкім, қа­рызы жеңілдетіліп жатқандар­дың тізімін ашық жариялау керек шығар?

Әрі-беріден соң қарызын қайта құрылымдап бергенімен, бәрібір қарыз алушы негізгі қа­рызын төлеуден босатылмай­тынын ескерту қажет. Тек аздап жеңілдікке ие болады. Бұл жерде әдеттегідей екінші деңгейлі банк­тердің жолы болып тұр.

– Ипотекасын төлей алмаған тұрғындардың қарызы мен өсі­мақысы артып кеткен жылдар болды. Бұл мәселе негізінен ипо­текалық қарызды шетел валю­тасымен алғандарға қатысты. Есіңізде болса, ипотекалық қа­рызы қордаланып қалғандар көмек сұрап митингіге дейін шыққан. Мемлекет әлеуметтік шиеленістің алдын алу үшін Ұлттық банк арқылы осы мәсе­лені шешу үшіне қайта қаржы­ландыру бағдарламасын қабыл­дады. Олардың мәселесі толығы­мен шешілді деуге келмейді. Енді бұл топтың қатарына халықтың әлеуметтік осал тобы келіп қо­сылды. Әрине, халықтың бұл екі тобына да көмек берген дұрыс. Бірақ бұл көмекті кім беріп жа­тыр? Әрине, халық. Ұлттық банк­тің есебінен өздерінің қар­жылық тәуекелін күшейтіп алған екінші деңгейлі банктердің мұр­тын балта шаппақ емес, – дейді Integriti Astana қоғамдық бірлес­тігінің директоры Жанат Нұр­ғалиев. Оның айтуынша, ипотека қарызын жеңілдету үшін бөлін­ген қаржы, түптеп келгенде, мем­лекетке салық төлеуші адал тұрғындар есебінен беріліп отыр. Ал ол аз қаржы емес. Әрине, ол қаржы жиырма жылдан соң Ұлт­тық банкке кері қайтарылады. Бірақ ол кезде сол ақшаның құны бола ма?!.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ