Ломбардтарға «бижутерияны» алтын деп өткізіп, 7 миллион теңге алғандар ұсталды
Ломбардтарға «бижутерияны» алтын деп өткізіп, 7 миллион теңге алғандар ұсталды
141
оқылды

Екі алаяқ 5 ломбардты тақырға отырғызған. Талдықорғанда екі әйел екі жыл бойы ломбардтарға «бижутерияны» алтын деп өткізіп келген, — деп хабарлайды Zakon.kz.

Талдықорған соты қаншама ломбардты тақырға отырғызған екі алаяқ әйелдің ісін қарап жатыр.

Алматы облысы ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, істі полиция тергеп, Талдықорған қалалық сотына жіберген. Екі алаяқ бес ломбардтың иесі зардап шеккен.

«1982 жылғы екі айыпкер де Талдықорған қаласының тұрғындары, олар 40-тан астам алаяқтық іске қатысы бар деп айыпталады. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 7 миллион теңгеден асты. Бұл істің барлығы ломбардтармен тығыз байланысты, қулыққа барған келіншектер ломбардқа алтын деп күміс зергерлік бұйымдарды өткізген», — дейді баспасөз қызметіндегілер.

Екі жылдан бері әйелдер Алматыда жасанды әрі арзан зергерлік бұйымдар, көбінесе, алқаларды сатып алған. Олар алқаның бекітілетін жеріне алтын екенін нақтылайтын белгісі бар шын алтын ілгекті қадаған. Бірақ алқаның өзі алтын болмаған. Оны ломбардқа басқа алтын бұйымдармен білдірмей, бірге араластырып өткізіп отырған.

Алматы облысы ПД тергеу басқармасы бастығының орынбасары Болат Идиалов: «Ломбардтағы мамандар алқаның өзін тексермеген. Ілгектегі белгі мен ілгектің өзінің алтын болуы да күдік туғызбаған. Мұның барлығы тек ломбардтың иесі ұйымдастырған жан-жақты тексеруден кейін анықталған», — деді.