Жастар қоғамға өз үлесін қосуы тиіс
Жастар қоғамға өз үлесін қосуы тиіс
119
оқылды

Осы орайда, ерікті жастардан құралған волонтерлер корпусы бар күш-қайратын жұмылдырып елдің еңсесін көтеруге жұмыс жасады. Бұған дейінгі ел басына түскен сын шақтарында нардың жүгін көтеріп әкететін жастар осы жолы да халықтың үмітін ақтап, сенім үдесінен шықты.

Бұл – біздің қоғамның жастарға деген тәрбиесінің жеткілікті деңгейде жақсы екендігінің тағы бір дәлелі болса керек. Елбасы, еліміздің тұңғыш Президенті Н.Назарбаев: «Мемлекеттік жастар саясаты жастарға еліміздің толыққанды азаматы болуға жақсы мүмкіндік беруі тиіс. Ол жастар өмірдегі өзінің жеке табысын іздей отырып, жақындары, өз халқы және Отаны үшін жағдай туғызатын азаматтар болуы тиіс. Мен біздің жастарға сенемін», – деген болатын. Рас. Қоғам мен билік жасара түскен сайын идеялардың да жасаруы заңды. Жастар саясаты – елдік мүддеде басы тоғысқан, жоғарыда айтып өткеніміздей, идеясы мен бағыт-бағдары жаңа жастардың жаңа буынын қоғам сахнасына алып келуге әсер етті. Ендігі мақсат – ұлттық, мемлекеттік мүдде жолында жұмылу ғана. Өйткені, мемлекет жастар үшін қолда бардың барын сарқып беріп отырғанын мойындауға тиіспіз. Кейбір тетіктердің жұмыс істеуінде болып жататын ақаулықтарды қоспағанда, әрине. Өйткені, қанша жерден жамап-жасқауға тырысқанмен кемшілік дегеніңіз бетке түскен әжім секілді одырая көрініп тұрады емес пе?! Тәуелсіздік кезеңіндегі жастардың қолы жеткен ең жақсы жоба – Қазақстан Республикасы Президентiнiң білім беру, санат жетілдіру мақсатында құрылған халықаралық стипендиялық «Болашақ» бағдарламасы. «Болашақ» бағдарламасының тәрбиелеп шығарған мамандарының саны мен сапасы туралы сөз етпей-ақ қойғанның өзінде, бүгінде бағдарламаға өтінім тапсырушы жастардың саны өскенімен, бағдарламаның негізгі қағидаттарының бастапқы қалпында қалып отырғанын айтсақ жарап жатыр. Үміткерлерді дайындаудың жоғары деңгейі, елімізде және одан тыс жерлерде бағдарламаның оң бейнесін сақтап қалу, конкурстық іріктеуді ашықтық және әділдік қағидаттары бойынша өткізу және стипендия иегерлерін әлемнің үздік университеттеріне жіберу қағидаттары бүгінгі таңда қоғам сұранысын қанағаттандырып, білім мен ғылымның дамуына оң серпін беріп отыр. Ең дұрысы, орындалған істер жайлы аз сөйлеп, орындалмақ мақсаттар жайлы көбірек айту ең абзал іс шығар. Өйткені меже отыз жыл ширегіндегі шиырлаған биік нүктелер емес, «Мәңгілік ел» ұстанымын ұстын еткен озық мемлекет болу. Көк сүңгісін көлденең ұстап күн астында жортқан ұлтқа бұл күн де алыс емес екені анық.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Egemen Qazaqstan және Aıqyn газеттеріне берген сұхбатында: «Жастар саясатында, жастар тәрбиесінде науқаншылдыққа, тиімділігі төмен шараларды ұйымдастыруға жол бермеу керек. Сондықтан кез келген шараны ғылыми негізге сүйеніп, жүйелі түрде жүзеге асырғанымыз жөн. Жастардың алға қойған мақсат-мүдделерін білу үшін науқаншылдық емес, нақты зерттеулер қажет. Жүйелі әрі кешенді әлеуметтік зерттеу жүргізу арқылы жастардың мұң-мұқтажын, мақсат-мүдделерін анықтап, жастар саясатын сол қажеттіліктерге жауап беретін деңгейде ұйымдастыру маңызды», – деген еді.

Шын мәнінде, ұлттың болашағын ойлаған мемлекеттің әр жылы да «Жастар жылы» болуы керек секілді. Өйткені, жастарды тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу, жаңа мемлекетті қалыптастыру. Осы себепті де, жастарды қоғамдық үдерістерге қосу аса маңызды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, жаңа бағдарлар мен жасампаз бағыттардың локомотиві болып отырған жастар мемлекеттің тұрақты дамуының негізі, жаңа заман сұранысын қанағаттандырушы қайнар көзі. Мемлекеттік жастар саясаты жаңа белгілі нәтижелер алатыны айқын, бұл өз деңгейінде мемлекеттің гүлденуіне және азаматтардың жарқын болашағына кепіл болмақ.

Наурызбек МАҒДАТОВ, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты, Jas Otan ЖҚ МОФ төрағасы