«Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы мен қаланың коммуналдық қызметтерінің өзара тығыз іс-қимылы қысқа мерзімде Жетісу ауданында Павлодарская көшесінде орналасқан үйлерді сумен қамтамасыз ету мәселесінің шешілуіне септігін тигізді.
Тұрғындардың айтуынша, сумен жабдықтаудағы іркілістер жаңа жылдың алдында басталған. Ол кезде 1970 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан құбыр үзіліп кеткен. Сөйтіп, олар құбырдың ағынын өздерінің қаржысымен жөндеген. Алайда бірнеше күннен кейін құбыр басқа жерден жарылып, қалалық сектордағы сумен жабдықтау толық істен шыққан. – Мен партияның қалалық филиалының call-орталығының нөмірін тауып алдым. Шынымды айтсам, дәл мұндай жеделдікті күтпедім. Бірден мәселені шешіп, дереу қалалық желіге қосып, барлық сүзгіні тазалады. Қазір бізде таза ауызсу бар, қуаныштымыз. Павлодарская көшесінің барлық тұрғындарының атынан партия мен коммуналдық қызметкерлерге үлкен алғысымызды білдіреміз, – деді Эльмира Қожахметова. Мәселе партия ұйымдастырған Алматы қаласының энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Айдар Беркімбаевтың онлайн режиміндегі қабылдауында оң шешімін тауыпты. – Халықпен ашық диалог және мемлекеттік органдармен өзара тығыз қарым-қатынас – оң нәтиже беретін жұмыстың кепілі. Сондықтан нұротандықтар алдағы уақытта да әрбір алматылықтың өмір сүру деңгейін арттыру үшін бар күш-жігерін жұмсайды, – деп атап өтті «Nur Otan» партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейіржан Отыншиев.Әбілмансұр ЖАСАН