«Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Шара барысында Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауында белсенділік танытқан партиялықтар Елбасы, партия Төрағасы Н.Назарбаевтың алғысхатымен марапатталды.
Жиынды «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева ашып, сайлау науқанының жоғары деңгейде өткенін тілге тиек етті. – «Nur Otan» партиясы алға қойған мақсаттарға қол жеткізіп, мойнына алған міндеттерін толықтай орындау үшін бар күш-жігерін салады. Бағдарлама жүзеге асқан уақытта сүйікті қаламыздың бәсекеге қабілеттілігі артып, тұрғындарға бұрынғыдан да қолайлы жағдайлар жасалады, – деп атап өтті ол. Белсенділерге Елбасының алғысхатын Шымкент қаласы бойынша сайлауалды штаб жетекшісі Бахадыр Нармбетов табыстады. Өз сөзінде қалалық мәслихат хатшысы штабтың әрбірі жеңіске өз үлесін қосқанын айтты. – Біздің қатарда көк туды желбіреткен чемпиондарымыз, даналығымен талай істі тындырған абыз ағаларымыз, белсенді жастар да болды. Жұмыс оңай болды деп айта алмаймыз. Шымкент тұрғындарының әрбіріне сайлауалды бағдарламаны жеткізу үшін талмай еңбек еттік. Ең бастысы жерлестеріміз бізге сенім артты, – дей келе, алдағы уақыттағы жауапкершілікті де еске салды. Себебі нақты істер партиясының ендігі міндеті – 5 жылдық бағдарламаны толық жүзеге асыру. Алғысхат алған азаматтардың қатарында спортшылар Мұхтархан Ділдәбеков пен Жазира Жаппарқұл, өзбек драма театрының директоры Икрамжан Хашимжанов, айтыскер ақын Ақмарал Леубаева, жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Гүлнар Құманбекова және т.б. азаматтар болды. Жалпы, 2021 жылдың 10 қантарында өткен сайлауда Шымкент қаласы бойынша «Nur Otan» партиясы 78,63 пайыз дауыс жинады. Сайлау нәтижесі бойынша Шымкент қалалық мәслихаттағы 30 орынның 24-і «Nur Otan» партиясына бұйырды, «Ауыл» және «Ақжол» партияларына 3 мандаттан берілді.Әбілмансұр ЖАСАН