«Nur Otan» партиясы жанындағы Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің жұмыс тобының жетекшісі Талғат Нәрікбаев партияның Ақтөбе облыстық филиалы ғимаратында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша азаматтарды қабылдады.
Кездесуге «Nur Otan» партиясы Орталық аппаратының партиялық бақылау қызметінің инспекторы Сәкен Естай, Ақтөбе облыстық құқық қорғау органдары мен кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты. Жиында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салды. Сұрақтар негізінен бюрократиялық кедергілерге байланысты болды. Мәселен, ақтөбелік Ақгүл Данабаева сот орындаушысы автокөлік ұрлау ісі бойынша сот шешімін әлі орындамай отырғанын айтты. – Мәселелерді шешуге септігін тигізгені үшін «Nur Otan» партиясына алғыс білдіремін. Өйткені партиялық бақылаудың арқасында ғана құқық қорғау органдары көлік ұрлау ісіне тез тергеу жүргізді. Өзім көпбалалы анамын, бес баланы тәрбиелеп отырмын. Көлік қосымша табыс құралы болды. Күйеуім жеке тасымалмен айналысты. Партия менің өтінішімді тағы да жерге тастамайды деп үміттенемін, – деді Ақгүл Данабаева. Әділет департаментінің өкілі бұл мәселені жеке бақылауына алды, маман оның шешілу барысы туралы «Nur Otan» партиясының филиалына және орталық аппаратына хабарлайтын болады.Әбілмансұр ЖАСАН