Өткен жылдың өзекті өртеген оқиғаларының бірі Қордай қақтығысы еді. Ақпан айында ауыл ағайындарының арасында туындаған кикілжіңнің соңы қайғылы оқиғамен аяқталды. Базбіреулер бұл жайтты пайдаланып, ұлт араздығын қоздыруға тырысқанымен, билік дер кезінде бәрін баса білді. Сондай-ақ ауданға бұрын-соңды болмаған миллиардтаған қаржы бөлініп, тұрғындардың тұрмысы түзеліп, әлеуметтің әлеуеті арта түсті. Сонымен, бір жыл ішінде Қордайдағы халықтың жағдайы қаншалықты өзгерді? Қаралған миллиардтаған қаржы қайда жұмсалды?
4 630 жаңа жұмыс орны құрылды
Қордайдағы қақтығыс кезінде Масаншы, Бұлар батыр және Ауқатты ауылдарында 65 нысан зардап шеккенін ел жақсы біледі. Оның ішінде 46 тұрғын үй, 18 кәсіпкерлік, 1 шаруашылық нысан болса, сондай-ақ 47 жеңіл, 9 жүк көлігі, 2 трактор және 4 тіркеме сынды 62 автокөлік зақымданды. Аталған нысандарды қалпына келтіру мен Қордай ауданын қолдауға былтыр бұрын-соңды болмаған 35,1 миллиард теңге бөлініп, 400-ге жуық жоба іске асырылды. Оның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл – ел бесігі», «Нұрлы жер» бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында құрылыс-жөндеу жұмыстарына 21,8 миллиард теңге қаралды. Сол арқылы аудан бойынша 3 мектептің жаңа құрылысы қолға алынып, 5 көпқабатты тұрғын үйдің, 6 ауызсу жүйесінің, 7 инженерлік инфрақұрылымның, 4 спорт кешенінің, 4 қазандықтың, 6 елді мекеннің газдандыруы мен 4 мектептің күрделі жөндеуі жүргізілді. Сондай-ақ 6 денсаулық сақтау нысаны, түрлі деңгейдегі 274 жол, 2 әлеуметтік қызмет ғимараты мен 2 су қоймасы жөндеу көріп, 45 демалыс орны абаттандырылды Жекелей айтсақ, жобалар аясында 4 630 жаңа жұмыс орны құрылып, оның 2 279-і жұмыспен қамту орталығы арқылы жолданды. Мәселен, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында бөлінген қаржыға 13 құрылыс жобасы іске асса, одан бөлек тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласы бойынша 198 жобаға жан біткен. Ал республикалық Үкімет резерві есебінен 101 жобаға 2 миллиард теңге бөлініп, оның 1,9 миллиард теңгесіне 6 елді мекендегі 96 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар облыстық Денсаулық сақтау басқармасы арқылы 73 миллион теңгеге 3 дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары жасалды.15 үй салынып, 70 жыл күткен көгілдір отын кірді
Ауданда баспанаға мұқтаж аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында асар жасау арқылы 15 үй салып, барлығында қоныс тойы тойланды. Қордай ауылының «Батыс» тұрғын алқабында бес қабатты үш тұрғын үй бой көтерсе, дәл осындай 5 қабатты үй елді мекеннің «Шығыс» алқабынан да салынды. Ал Қаракемер ауылында қолға алынған коммуналдық пәтерлердің құрылысы Тәуелсіздік күні қарсаңында аяқталып, 20 коммуналдық пәтер кілті кезекте тұрған, көпбалалы отбасыларға және жас мамандарға салтанатты түрде табыс етілді. Қордайда бүгінгі күнге дейін 7,4 шақырым жол жаңадан салынып, 343,6 шақырым жол орта жөндеуден өтті. Нәтижесінде аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық үлесі 90 пайызға, ал елді мекен ішіндегі көшелер 75 пайызға жетті. Қаракемер, Масаншы, Сортобе, Бұлар Батыр, Ауқатты, Қордай, Әлжан ана, Қарасай және Еңбек сынды 9 ауылдың көшелеріне 100 пайыз асфальт төселді. Қордайлықтар үшін көгілдір отын мәселесі 70 жылдан бері бауын тапса, байлауын таппай келген. Былтыр бұл түйткілдің түйіні тарқатылып, 22 елді мекенді газбен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 248 шақырым жобаға 11 миллиард теңгедей қаражат қаралды. Нәтижесінде, 41 елді мекеннің 34-і, яғни 146 600 тұрғын газға қосылып, көгілдір отынмен қамту үлесі 95 пайызға жетті. Қордай ауданы тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында болса, 6 елді мекенге тіршілік нәрін тарту үшін 2,7 миллиард теңге бөлінді. Соның арқасында тұрғындардың орталықтандырылған ауызсуға қосылу көрсеткіші 78 пайызды діттеді. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын таппақ.Демеушілер демеп, қор да қамқорлық танытты
Өткен жылғы Қордай оқиғасынан кейін зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру жұмыстарына келсек, бүгінде әйнектері сынған 103 нысан демеушілер есебінен жөнделді. Сондай-ақ «Азаматтық қорғау туралы» заңға сәйкес 213 миллион теңгеге 54 өртенген нысан (41 үй, 13 кәсіпкерлік) толықтай қалпына келтірілді. «Қызыл сызық» ережесін бұзған 25 нысан бұзылып, Масаншы ауылында демеушілер есебінен салынған шағын футбол, стритворкаут, балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Одан бөлек, ауыл тұрғындарына арналған демалыс аллеясының құрылысы аяқталып, ел игілігіне қызмет етуде. Бұдан бөлек, Қаракемер ауылындағы демеушілер есебінен дәрігерлік амбулатория мен шағын футбол, стритворкаут алаңшаларының құрылысы аяқталып қойса, Күнбатыс-1 ауылындағы медициналық пунктін қабылдау жұмыстары жүргізілуде.Қаржы арқылы мәселе шешілсе игі...
Сөз басында айтқанымыздай, Қордай ауданына былтыр 35 млрд теңге бөлінді. Бұл – бір аудан үшін өте мол қаржы. Білетіндер бір жыл ішінде еліміздегі бірде-бір ауданға осыншама мол қаржы бөлінбегенін алға тартады. Тіпті, 70 жылда жасалмаған істі бірнеше айдың ішінде тындырдық. Газ тартуды айтамыз. Алайда этносаралық жанжал сипатын алған оқиғаның астары тек әлеуметтік мәселеде жатыр ма? Қаржы құю түрлі этнос өкілдерінің бір өңірге шоғырланып, елдің өзге өңірлерінен оқшаулануына, сөйтіп іштей тынып тіршілік етуінен туындауы мүмкін мәселелерді шеше ала ма? Мәселе осында. Мемлекет қаржы құйып жатқанымен, біз әлі күнге түрлі шиеленістердің түп-төркіні мен шынайы себебін толық білдік дей алмаймыз. Демек, мәселені тек қаржымен шешу біржақты ғана сипаты бар амал болуы мүмкін.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы