Джо Байден АҚШ саясатын өзгерте ме?
Джо Байден  АҚШ саясатын өзгерте ме?
263
оқылды

20 қаңтарда қызметіне кіріскен АҚШ-тың 46-президенті Джо Байденнің саяси ұстанымы мен қабылдаған шешімде­рі әлі де болса әлем назарын аударумен келеді. Алғашқы күні-ақ 17 жарлыққа қол қойған АҚШ басшысының ұс­та­нымдары әлемдік саясатқа ықпал етпеуі мүмкін емес еді.

Экология мен денсаулыққа көңіл бөлді

Әлбетте, жаһандағы әскери-саяси тұрғыда да, экономикалық жөнінен де ең қуатты елдің ұстанымы бері айтқанда қаржы-қор нарығына, сауда-саттық пен технологияға, тереңдесек, жаһан жұртының тұ­тастай тұрмыс-тір­шілігіне әсер етеді. Содан да болар АҚШ-пен үзеңгі қағыс­тыруға тырысатын ірі мемле­кеттер де, алыптардың аузын бағатын орта және шағын елдер де Джо Бай­деннің алғашқы қадамдарын аң­дыды. Ал АҚШ-ты басқаруға кіріскен кәнігі саясаткер салған беттен Трамптың бірқатар жар­лығының күшін жоюға бел буды. Сөйтіп, инаугурациядан кейін Бай­­ден бірден 17 жарлыққа қол қойып­ты. АҚШ президенті алды­мен елдің Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы­на қайта қосылуы жайлы жарлық шығарды. Осы­лайша, Трамптың АҚШ-тың бұл ұйым құрамынан шығару жөніндегі жар­лығының күшін жойды. Со­нымен бірге АҚШ-тың климат бойынша Париж келі­сіміне қосы­луының да алғышар­тын жасады. Әрине, АҚШ бірден Париж ке­лісіміне қайта қосылмайды, өйт­кені бір айға жуық уақытқа созы­латын құқықтық процестер бар. ДДСҰ, Париж келісімі тәрізді халықаралық сипаты бар ұйымдар мен хаттамаларға, келісімдерге АҚШ-тың қосылуы мұндай ұйым­дардың беделін көтеріп, хаттама шарт­тарының дұрыс орындалуына ықпал етері сөзсіз. Әрі оларға қо­мақты қаржы да құйылады. Одан бөлек, АҚШ-тың жаңа басшысы өз партиясының атауына лайық болуды да көздеді ме қайдам, Трамп кезінде енгізілген 7 мұсыл­ман мемлекеті азаматтарының АҚШ-қа келуіне тыйым салатын құжаттың күшін жойды. Әрі Мекс­икамен арадағы «Трамп қабыр­ғасын» қаржылан­дыруды да тоқ­татуға бұйрық берді. Бұдан бөлек, коронавируспен күрес, пандемия кезінде азаматтарға қолдау көрсету тетіктерін қарастыру, миг­рация, экология қатарлы мәсе­ле­лерге қатысты тағы бірқатар құ­жатқа қол қойылды. Осылайша, Байден АҚШ-тың ішкі-сыртқы сая­сатының қалай өрбитініне қатысты мессед­жерін жолдап та үлгерді. Ал өзгелер қазір мұның барлығын өзде­рінше жорып әуре.

Әркім өзіне ыңғайлы тұспал айтады

Джо Байденнің қызметіне кі­рісуіне байланысты түрлі пікір ай­тылуда. Ақпарат агенттіктерін шо­лып шықсаңыз, әркім «көрпені өзіне тартуға» тырысатыны бай­қалады. Әрине, әр елдің масс-ме­диасы өзін­ше тұспал жасап, қо­ғамда Байден қақында белгілі бір көзқарас қалып­тастыруға тырыс­қанымен, АҚШ олар айтқан ба­ғытқа бұрыла қоярына кепілдік жоқ. Мәселен, ресейлік сарап­шылар Джо Байден салмақты саясат ұстанып, Ресейге қарсы санк­цияны тым күшейте қой­майды деп болжайды. Айталық, 21 қаңтарда өт­кен «Валдай» клу­бының отыры­сында ресейлік зерт­теуші Федор Войтоловский Байден әкім­шілігі Ресейді тым қатты қыспаққа алмай­ды деген болжам айтты. Өйткені жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау мәселе­сінде диалог маңыз­ды болса керек. Калифорния уни­вер­си­тетінің профессоры Андрей Цыганков Байденнің Қытай мен Ре­сейге қатысты саясаты Трамп ұс­та­нымынан түбегейлі өзгермейді де­ген пікір айтады. Сөйтіп, Мәскеу санкция қыспағында қалмайды-ау деген үмітін өшірген жоқ. Бірақ жағ­дай басқаша қалыптасуы мүмкін. Ал украиндар АҚШ-тың Ресейге қысымы күшейеді деген уәжге кө­бірек көңіл бөле бастаған. Тіпті, Бай­деннің түп атасы украин князі болған дейтін ақпаратты да тарата бастады. Шамасы Украина­ның шы­ғысындағы сепара­тис­термен күресте және Қырымды қайтарып алуда Киев АҚШ-қа көп үміт артса керек. Украин пат­риоттары күткендей Ресейге қатан санкциялар салын­ғанымен, те­ріскейдегі жұрт­тың Қырымнан кете қоярына кепілдік тағы жоқ. Дегенмен Джо Байден қыз­метіне кіріскен соң Украинаны қол­дай­тынын байқатқан месседж­дерін жолдады. Оның үстіне жаңа пре­зиденттің инау­гурациясынан кейін Қара теңізге АҚШ әскери теңіз күштерінің «Дональд Кук» эсминці келіп кірді. Алайда былтыр Қара теңізде НАТО әскери кемелері 13 рет кезекшілік атқарғанын, олар­дың қатарында АҚШ-тың «Росс» және «Портер» деген екі эсминці де бол­­ғанын ескерсек, жаңа эсми­нецтің сапары қатардағы кезек­шіліктердің бірі ғана болса керек. Айтпақшы, армян сарап­шылары да Таулы Қарабаққа Бай­деннің көмегімен қайта оралудан үмітті екенін байқатты. Армения медиа­сына сұхбат берген саяси шолушы Сурен Саркисян АҚШ билігі Ар­менияға қаржылай көмек көрсетуі мүмкін екенін, амери­калықтардың Оңтүстік Кавказға ықпал етуге ты­ры­сатынын айтады. Бұл өз ке­зегінде Әзербайжан мен Армения қарым-қатынастарында таразы басының өзгеруіне алып келеді-мыс. Түріктер Байден әкім­шілігінен әлі де қауіптенеді. Оның бір­неше себебі бар. Алғашқысы Ресейден атышулы С-400 зениттік зымыран кешендерін сатып алуға қатысты болса, одан соң Ирактағы Күрдістан жұмысшы партиясы, Сириядағы YPG тобына қатысты түсініспеушілік бар. АҚШ-тың жаңа қорғаныс министрі Ллойд Остин, Мемлекеттік хатшысы болуға үміт­кер Энтони Блинкен ДАИШ-қа қарсы соғыста күрдтерді қару­лан­дыруды жақтаған саясат­керлер. Үшіншіден, Анкара Фет­хуаллах Гүленді экстра­ди­ция­лауға қатысты Вашинг­тонмен келісімге келе алмай қалудан қауіп­тенеді. Одан бөлек, «Түркияның Ли­вия­дағы, Сирия­дағы, Жерорта теңі­зіндегі әрекет­теріне байла­нысты қысым күшейе ме?» деген қауіп бар. Қысқасы, Ан­карадағылар Бай­деннің қызметке ке­луіне тым қуана қойған жоқ. Ке­рісінше, ел ішінде «Трамп жақсы еді» дейтін саясаткерлер де бар.

Ресейге санкция салынуы мүмкін

Біздің пайымдауымызша, АҚШ-тың жаңа президентінің сыртқы саясаты Трамп ұста­ным­дарынан бө­лек болатын сыңайлы. Қазірдің өзінде Ресейге санкциялар салы­натыны айқын­далып келе жатыр. Вашингтон мен Мәскеудің өзара келіскен жалғыз мәселесі – стра­те­гиялық шабуыл қаруларын та­рат­пау жөніндегі келісім. Джо Байден В.Пу­тинмен телефон арқы­лы сөй­лескен кезде де осы мәселеге назар ау­дар­ғаны айты­лады. Сөйтіп, Ва­шингтон Мәс­кеумен СШҚ (СНВ) 5 жылға ке­лісім жасамақ. Мұндағы мақсат – Ресейдің жаңа қару жасауына тос­қауыл болу. Өзге мүдде жоқ. Соны­мен бірге Байденнің Ук­раинаны қолдайтынын ашық мә­лімдегені жайлы да мәліметтер тарады. Одан бөлек, Мәскеуге SolarWinds кибер­шабуылын, АҚШ әскерлерінің Ау­ған­станда өлті­рілуін ұйымдастыру, АҚШ-тағы сайлауға араласқаны, Наваль­ныйды улау тәрізді бірқатар ауыр айып тағылса керек. Егер Ресейге қарсы санкциялар күшейетін болса, ЕАЭО-дағы және өзге де бір­қатар халықаралық ұйым­дардағы Мәскеудің одақтасы ре­тінде Қазақ­станның зардап шегуі мүмкін. Әсі­ресе, экономикалық тұрғыда ауыр соғуы ықтимал. Де­мек, Ресей мен АҚШ арасының салқындығы бізге қолайлы бол­майын деп тұр. Сондай-ақ АҚШ-тың Қытайға қатысты саясаты да анық бола бастады. Вашингтон бәрібір Бей­жіңге түрлі тәсілдер арқылы қысым көрсетуі ықтимал. Оның алғы­шарттары да байқалып қалды. Жуырда АҚШ-тың жаңа қорғаныс министрі Ллойд Остин жапондық әріптесі Нобуо Кисимен телефон арқылы тілдесіп, Жапония мен Қытай таласып жүрген Сенкаку аралын бірлесіп қорғау жөнінде айтқан. Әрі Шығыс Қытай теңі­зіндегі статус-квоны сақтай­тынын мәлімдеген. Ал Орталық Азия аймағына қатысты Байденнің ұстанымына кел­­сек, Вашингтон Ауғанстан мә­селесін назардан тыс қалдыр­ма­ғанмен, ондағы әскери кон­тингентті азайта ма, жоқ па бел­гісіз. АҚШ өз әскерін Ауған­стан­нан шығарған жағдайда Орталық Азияда экстре­мизм мен терроризм қаупі күшеюі ықтимал. Онда аймақтағы барлық елдер, соның ішінде Қазақстан да сы­налады деген сөз. Бірақ ай­мақтағы АҚШ әскері әкетіле ме, жоқ па, ол жағы беймәлім. Қысқасы, Байденнің билікке келуі жаһандық саясатқа біршама өзгерістер енгізуі ғажап емес. Бірақ түбегейлі өзгеретін ештеңе бола қой­мас. Ал Байденнің Президент бо­луының Қазақстанға қандай қа­тысы бар дегенге келсек, әлбетте дипло­матиялық байланыстар жал­ғаса бе­реді. Тек АҚШ миграциялық сая­сатын өзгертіп, сайлаудың алдында Джо Байденнің өзі айт­қандай АҚШ 11 млн мигрант қабылдауға бекінсе, Қа­зақстаннан ол жаққа кеткісі ке­летін аза­мат­тардың қарасын көбейтуі ық­тимал. Одан бөлек, сөз басында айт­қанымыздай Ресейге салынған санкциялардың кері әсері, АҚШ әскері Ауғанстаннан шыға­рылар болса еліміз орналасқан аймақта тер­­роризм қаупі артуы ықти­малдығы тәрізді мәселелер туын­дауы мүмкін. Бәрін уақыт көр­сетеді.

P.S.

Джо Байден қазақты бір қуан­тып тастағанын да атап өткен дұ­рыс. Оның протокол қызметі бас­шысының міндетін атқаруға қан­дасымыз Әсел Робертсті та­ғайын­дауы қазақ­стан­дықтарды қуа­нышқа бөледі. Бірақ мұны Қа­зақстанға немесе қазақ хал­қына жолданған месседж деп емес, білімді һәм ең­бекқор азаматтың өз жетістігі ре­тінде бағалаған жөн-ау.

АмангелдіАмангелді ҚҰРМЕТ