Алматыда 2015 жылы салтанатты жағдайда ашылған Орта Азиядағы ең ірі Global Ecological Group Almaty (GEGA) логистикалық орталығы таяу арада бұзылмақ. Бұл кешен кедендік рәсімдеу, тауарды сақтау және аймақтарға жөнелту қызметтерін көрсетіп келген. Логистикалық орталық құрылысы 2007 жылы басталып, 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған.
«Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшылары» үкіметтік бағдарламасының серпінді жобаларының тізіміне еніп, мегаполистің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық нысаны саналған. Аумағы 20 мың шаршы метрді алып жатқан ауқымды жоба құрылысына кезінде ел бюджетінен 4,5 миллиард теңге жұмсалған. Ең қынжыларлық жайт – бес-алты жылдан бері сол жерде жұмыс істеп, ел қатарлы нәпақасын тауып жүрген 1 200 адам жұмыссыз қалады. 50-ге жуық кәсіпорын қызметкері осы күнге дейін шетелден келетін түрлі тауарларды кедендік рәсімдеуден өткізіп, еліміздің барлық аймағына жөнелтіп отыр. Алайда 2020 жылдың 27 шілдесінде Алматы қаласының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы логистикалық кешенді үш айдың ішінде бұзу туралы шешім шығарған. Нысан орналасқан жердің қожайыны ретінде сотқа талап арызды Қорғаныс министрлігі берген. Жер дауына байланысты мәселемен көпшілік біраздан бері хабардар. Қорғаныс министрлігі логистикалық орталықтың заңсыз салынуына байланысты түсінік те берді. «Алматы қаласында Қорғаныс министрлігіне қарайтын 15 гектар жер телімі құқық белгілейтін құжат негізінде (1999 жылғы 29 қазандағы Алматы қаласы әкімінің №905/189 шешімі) 2005 жылы Әкімшілік логистика орталығын салу үшін Global Eсological Group Almaty ЖШС-ға заңсыз берілген болатын. Жерді берудегі заңсыздық 2009 жылдың 15 мамырында Алматы қаласы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының және 2020 жылдың 27 шілдесіндегі Алматы қаласы Азаматтық істер жөніндегі соттың аппеляциялық сот алқасының шешімімен белгілі болды» делінген Қорғаныс министрлігі таратқан хабарламада.«Алматы қаласында Қорғаныс министрлігіне қарайтын 15 гектар жер телімі құқық белгілейтін құжат негізінде (1999 жылғы 29 қазандағы Алматы қаласы әкімінің №905/189 шешімі) 2005 жылы Әкімшілік логистика орталығын салу үшін Global Eсological Group Almaty ЖШС-ға заңсыз берілген болатын.
Сөз басында айтқанымыздай, логистикалық орталықтың жұмысын одан әрі жалғастыруы осында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін де аса маңызды. Қорғаныс министрлігі осы жағын ескере отырып, бірнеше рет өзара қолайлы шешім іздеу бойынша келіссөздер жүргізу туралы бастама көтерген. Алайда логистикалық орталық басшылары қызығушылық танытпай, қорғаныс ведомствосының ұсыныстарын елеусіз қалдырады. «Біз апелляциялық шағым бердік. Бірақ сот ол бойынша арызды әлі қараған жоқ. Жағдай өзгерген жоқ десе де болады. Сот шешімі сол күйінде қалды. Алматы қалалық сотына қараша айында қайта шағым түсірген едік, іс қаралған жоқ. Логистикалық орталық бұрынғыдай жұмыс істеп тұр. Қазір мыңнан астам адам жұмыс орнында. Бірақ екіұдай жағдайда отырмыз. Жұмысшылар алаңдаулы. Жер ұзақ уақыт қараусыз жатты. «Ұшақтар ұшып- қонуға кедергі» дейді. Қорғаныс министрлігі сонда 2005 жылы құрылыс жүріп жатқанда неге даурықпады? Тіпті, 2015 жылы нысан құрылысы бітіп, жұмысын бастағанда неге келмеді? Бұған енді нақты біреулер көз тігіп отыр. Түрксіб ауданында жер учаскесі жетеді. Бес жылдан соң жұмысымыздың нәтижесін енді көреміз деп отырғанда, қиын жағдайға тап болдық», – деді логистикалық орталықтағы басқарушы компания басшысы Қайролла Әлішев. Логистикалық орталық бұзылса азық-түлік, дәрі-дәрмек, тұрмыстық техника – бәрі де қымбаттайды дейді мамандар. Қазір қоймада 46 мың куб тауар сақтаулы тұр. Мұндағы барлық жүкті алып кету үшін 1 200 жүк көлігі тәулік бойы үздіксіз жұмыс істегеннің өзінде 3 ай уақыт керек екен. Ең сорақысы – кәсіпкерлердің өз тауарын қоятын басқа жері жоқ.