Әлем жұртшылығын дүрліктерген әуе апаттары туралы айтудың өзі ауыр. Қанша «авиация ең қауіпсіз қозғалыс көлігі» десек те, ұшақтардың апатқа ұшырағаны жайлы деректер жыл сайын бірнеше рет тіркеледі. Өзге мамандық иелерін айтпағанның өзінде «аспанның алып кемесінде» талай мықты спортшылар көз жұмды. Ұзынсонар тізімге көз жүгіртсең, жүрегің ауырады.
Осыдан бір жыл бұрын 26 қаңтар күні спорт әлемі әйгілі спортшы Коби Брайанттан айырылды. АҚШ-тан жеткен қаралы хабар әлем жұртшылығын есеңгіретіп тастады. Баскетболшы Калифорния штатына тиесілі Калабасас қаласында болған тікұшақ апатында қаза тапты. Әуекөлігі Лас-Вирдженске жақын маңайдағы ауданда апатқа ұшырады. Борттағы баскетболшының қызы Джанна Мария, пилотпен бірге тағы да 6 жолаушы жантәсілім етті. Бұл – 2020 жылы болған спорттағы ең ауыр қа заның бірі.
2019 жылдың 21 қаңтарында да аргентиналық шабуылшы, франциялық «Нант» командасының бұрынғы ойыншысы Эмилиано Сала мінген жалғыз моторлы ұшақ Ла-Манш бұғазында радардан ғайып болған-ды. Ұшақтың апатқа ұшырағанына да 2 жылдан аса уақыт өтті. Нант қаласынан Кардиффке бағыт алған ұшақтағылардың барлығы қаза тапты. 2010 жылдан 2019 жылға дейін Франция чемпионатында доп тепкен Сала сол уақытта ағылшындық «Кардифф» командасымен жаңа келісімшартқа қол қойған еді. Алайда футболшының ғұмыры жаңа клубқа жетпей үзілді.
Аталған ұшақ апаттары осыдан екі-үш жыл бұрын болғандықтан, спорт жанкүйерлері бұл оқиғаларды ұмыта қоймады. Тіпті, кейбірі әлі күнге дейін бұл спортшылардың жоқ екеніне де сенгісі келмейді. Өткенге шегініс жасасақ, мұндай әуе апаттарының бірқатары ойға оралады. Біз осы ретте мыңдаған спортшылардың өмірін жалмаған ұшақ апаттарын еске алып, 2000 жылдардағы қайғылы оқиғаларды шолып шықтық.
2001 жылы 7 қаңтарда Оклахома Стейт университетінің баскетбол командасының 10 мүшесі Колорадо штатындағы әуе апатынан қаза тапты. Клуб мүшелері мен ойыншылары Колорадо университетінің командасына қарсы ойыннан кейін үйлеріне қайтып келе жатқан.
2006 жылы 11 қазанда «Нью-Йорк Янкиз» бейсболшысы Кори Фултон Лайдл мінген ұшақ Нью-Йорктағы 42 қабатты үйге соғылып, апаттан пилот та, спортшы да көз жұмды. Сондай-ақ көпқабатты үйде өрт тұтанып, салдарынан бірнеше пәтер зақымданды.
2008 жылы 24 тамызда Бішкектен Иран астанасы Тегеранға бағыт алған Boeing-737 ұшағы қырғыз елінің аумағында апатқа ұшырады. Әуе апатынан 90 адамның 65-і қаза тапты. Олардың арасында волейболдан Иран құрамасының 10 мүшесі болды.
2009 жылы 15 шілдеде Иранда жергілікті «Каспиан Эйрлайнс» әуекомпаниясының Ту-154 ұшағы апатқа ұшырады. 168 адам ажал құшты. Олардың арасында дзюдодан Иран жасөспірімдер құрамасының спортшылары болды.
2011 жылы 7 қыркүйекте хоккей тарихындағы ең ірі әуе апаты болды. «Як Сервис» әуекомпаниясының Як-42 ұшағы Ярославск облысы Туношна әуежайынан ұшып шыққан кезде құлады. Ұшақ бортында «Локомотив» хоккей командасы (Ярославль) болған. Апат салдарынан 36 ойыншы мен спорт шенеуніктері, сондай-ақ жеті экипаж мүшесі қаза тапты. Тағы бір хоккейші Александр Галимов ауруханада қайтыс болды.
2015 жылы 9 наурызда Аргентинаның Ла-Риоха провинциясында экстремалды реалити-шоудың түсірілімі кезінде екі тікұшақ бетпе-бет келіп, нәтижесінде 10 адам көз жұмды. Ұшақ ішінде жүзуден 2012 жылғы Олимпиада чемпионы, 2008 жылғы ойындардың қола жүлдегері Камиль Мюффа, боксшы Алексис Вастин және атақты яхташы Флоранс Арто да болды.
2016 жылы 29 қарашада бортында Бразилияның «Шапекоэнсе» клубының футболшылары мінген ұшақ Колумбияның Меделлин қаласының маңында құлады. Бортта 70-ке жуық жолаушы мен 9 экипаж мүшесі болған. Апаттан 5 адам ғана тірі қалды. Бразилиялық команда «Атлетико Насиональға» қарсы Оңтүстік Америка кубогының алғашқы финалдық матчын өткізу үшін бара жатқан.
Бұл тек 2000 жылдардағы әуе апаттары. Ал тарихқа кері шегініс жасасақ, өткен ғасырдың 40-жылдарынан бастап ұшақ апаттарынан спортшылар мен спорт мамандарының ғұмырлары ерте үзілгеніне көз жеткізесің. 1948 жылдың 18 қарашасында Ла-Манш бұғазында болған әуе апатынан сол кездегі Чехословакия құрамасының 6 хоккейшісі көз жұмды. 1949 жылдың 4 мамырында «Торино» футбол клубының ұшағы Португалиядан қайтып келе жатып, Турин қаласына жақын жердегі тау шатқалына соғылып, команданың жүрегі саналған капитан Маццоланы қоса есептегенде 18 футболшының өмірін қиды. 1950 жылдың 5 қаңтарында Свердловскідегі ауа райының қолайсыздығы Ли-2 ұшағының апатқа ұшырауына себеп болып, борттағы КСРО ӘӘК 8 хоккейшісі, бапкер, дәрігер қаза тапты. 1958 жылдың 6 ақпанында болған Мюнхендегі әуе апаты да әлемді дүр сілкіндірген оқиғалардың бірі ретінде тарихта қалды. Британияның British European Airways әуекомпаниясына тиесілі Airspeed AS.57 Ambassador ұшағына мінген Еуропа чемпиондары кубогының ширек финалдық ойынында Белградтың «Црвена Звезда» клубымен кездескен «Манчестер Юнайтед» командасының мүшелері апатқа ұшырады. Ұшақта болған 44 адамның 24-і көз жұмды, оның 8-і футболшылар.
1960 жылдың 16 шілдесінде де Копенгаген қаласының маңындағы Каструп әуежайына қонбақ болған әуекемесі апатқа ұшырап, 8 адамның өмірі қиылды. Олардың бәрі де Данияның екінші құрамасының футболшылары болатын. 1961 жылдың 15 ақпанында Нью Йорк – Брюссель бағытымен ұшып келе жатқан Boeing 707 ұшағынан ақау шығып, Sabena компаниясына тиесілі әуекемесінде болған 72 адамның бірде-бірі аман қалмады. Борттағы мәнерлеп сырғанаудан АҚШ құрамасы (34 спортшы мен бапкер) Прагадағы әлем біріншілігіне бара жатқан. Сол жылы чемпионат өтпеді. Ал 1961 жылдың 3 сәуірінде Чили чемпионатының бірінші дивизионындағы оңтүстік аймақтың «Грин Кросс» клубы мінген ұшақ Кордильер тауында апатқа ұшырап, 24 адам келмеске аттанды.
Боливияның ең танымал «Стронгест» клубының 19 ойыншысы мен басшысы мінген ұшақ 1969 жылдың 26 қыркүйегінде Анд тауларында қайғылы жағдайға тап болды. Команда Ла-Пас қаласына келе жатқан. Өкінішке қарай, 74 адам мерт болып, бұл жайт елдегі ең ірі әуе апаты ретінде тіркелді. 1970 жылдың 1 сәуірінде де Краснояр түбінде Ан 24 ұшағы апатқа ұшырап, жолаушылардың барлығы қаза тапты. Олардың арасында волейболдан жастар құрамасы болған. Ал АҚШ-тың Вирджиниясында 1970 жылдың 14 қарашасында тіркелген әуе апаты 37 спортшының өмірін қиды. 1972 жылдың 13 қазанында Чили астанасы Сантьягоны бетке алған Монтевидеоның регби командасы да өзінің бірқатар ойыншысынан осы тауда болған апатта айырылып қалды. FH 227 ұшағында 45 адам болса, соның тек 16-сы тірі қалған.
1979 жылдың 11 тамызында болған әуе апаты да «Пахтакор» клубының жанкүйерлерін қан жылатты. КСРО чемпионаты аясында «Динамомен» кездесу үшін Минскіні бет алған клуб 8 400 метр биіктікте Ту-134 ұшағымен соқтығысып, борттағы 17 ойыншы мен бапкерлер қаза тапты. 1980 жылдың 14 наурызында Варшава түбінде болған әуе апаты да көпшіліктің жадында. Польшаның Ил-62 әуекемесінде бокстан АҚШ құрамасының 22 өкілі, оның ішінде 14 спортшы болды. Қаза тапқандардың жалпы саны 87 адамға жетті. Ал 1987 жылдың 8 желтоқсанында болған қайғылы жайт «Альянс Лимаға» ауыр соққы болып тиді. Ұлттық чемпионаттан қайтып келе жатып Перуден солтүстікке қарай 6 миль жерде, теңіз үстіне құлаған ұшақта ойыншылар, команда басшылары мен жанкүйерлерді қоса есептегенде 43 адам болған.
1989 жылдың 7 маусымында Амстердамнан шыққан ұшақ Суринам астанасы Парамарибо шаһарындағы әуежайға қону кезінде апатқа ұшырады. Салдарынан 23 футболшы көз жұмды. Футболдан Замбия құрамасының 18 аяқдоп шебері 1993 жылдың 27 сәуірінде мерт болды. Қайғылы оқиғалардың қай-қайсысы да әлем жұртшылығының қабырғасын қайыстырып, жүрегін сыздатып өткені ақиқат. Апат болған елдер мықты спортшылары мен спорт мамандарынан айырылды. Бұл оқиғалар ешқашан тарих жадынан өшпек емес.
Абылайхан ЖҰМАШ