Еркебұлан Бекқали, мобилограф, 24 жаста
[caption id="attachment_107155" align="aligncenter" > Еркебұлан Бекқали[/caption] Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінде оқып жүрген кезімде видео түсіруге, монтажға қызыға бастадым. Сөйтіп тапсырыс алып, қосымша табыс таптым. Оқу бітіген соң «Бизнес бастау» компаниясына жұмысқа тұрдым. Біраз уақыттан кейін ондағы мобилографиядан сабақ беретін спикер жұмыстан шығатын болып, маған бар білгенін үйретіп, мені орнына қойып кетуге дайындады. Сол кезде мобилографияны меңгеріп алдым. Қазір онлайн, офлайн курстар, практика, тәжірибе сабақтарын өткіземін. Бар білгеніңді үйрете білу – өнер. Қазір «ақша тапсам» деген емес, «басқаларға білгенімді үйретсем» деген оймен басталған бизнес ұзаққа барады. Біздің компанияда арнайы маркетинг бөлімі жұмыс істейді. Клиенттің көбі сол жақтан келеді. Біздің курсқа көбіне кәсіпкер азаматтар қатысады. Олардың жасы 11-65 жас аралығында. Олар мобилография курсынан жарнамалық видеоролик, YouTubе арнасына пайдалы видеоконтент түсіруді үйренгісі келеді. Сол арқылы жеке брендіне, өніміне сапалы жарнама жасауды мақсат еткен. Мойындау керек, қазір Қазақстанда мобилографияны үйретіп жатқандар өте көп. Жаңа салаға сұраныс та жоқ емес. Бірақ әркімнің курс өткізу әдісі әртүрлі. Сол үшін әрдайым бәрінен ерекшеленуге, басқалар білмейтін «фишкаларды» бірінші білуге талпынамын. Мен де өзімнің білігімді арттыру мақсатында шетелдік әріптестерімнің сабағына қатысып, тәжірибемді молайтып жатырмын. Журналистика факультетін қызыл дипломға бітірдім. Бірақ видеограф саласын таңдадым. Мен мәтін жазғанда грамматикадан, пунктуациядан қате жіберемін. Маған жазуға қарағанда, камера алдында сөйлей салған оңай. Сондықтан әр адам өзінің қабілетіне қарап, жұмыс істеуі керек деп есептеймін. Мектепте оқып жүргенде қай сабақтан нашар баға аламыз, сол пәннен қосымша курстарға қатысып, әлсіз тұсымызды жақсартуға әлек болатын едік. Бірақ қазір керісінше болуы керек екенін түсіндім. Адамның бойында қай қабілет басым болса, соны дамыту керек. Оның үстіне журналист болсам, қазір 130-150 мың айлыққа таңнан кешке дейін жұмыс істеп жүретін едім. Ал қазір ай сайын миллиондап ақша табамын. Сосын бір түсінгенім: бір жерде 30-40 жыл тұрақты жұмыс істеп, тәжірибе жинасам, жетістікке жетемін деген ой – қате. Жететін жетістікке ештеңені күтпей, қазір жету керек.Ақерке Камал, копирайтер, 25 жаста
[caption id="attachment_107157" align="aligncenter" > Ақерке Камал[/caption] Негізгі мамандығым - филолог. Инфобизнеске былтыр жазда келдім. Jazz атты копирайтинг курсымды шығардым. Оған дейін жеке консультация, сабақ, курс, командалық жұмыс, брейншторминг, онлайн және офлайн талдау жасайтынмын, қазір де жасап жүрмін. Shonbay.online мектебінің копирайтері қызметін атқарамын. Қызметте жүріп көпшілікке копирайтер ретінде танысып, аудиториямды қалыптастырдым. Бүгінге дейін кішігірім болса да, ең бастысы сапалы контент беру арқылы сапалы мамандарды дайындадым. Jazz курсымды Shonbay.online мектебінде шығардым. Бұл салада білімім, тәжірибем бар, бұған дейін басқа инфобизнесмендердің өнімін, қызметін сатумен айналыстым. Сондықтан маған кәсіби копирайтер ретінде де, сату маманы ретінде де жұмыс істеу қиынға соқпады. Менің клиенттерім әртүрлі жаста болды. Олар 17-25 жастағы бұрын курс, марафондарға қатысып көрген, копирайтингтен хабары бар, білігін арттырғысы келеген қыздар болды. Сонымен бірге мені таңғалдырғаны копирайтер курсына 45-50 жастағы мектепте, жоғары оқу орындарында сабақ беретін мұғалім, педагогтер де қатысты. «Таза білім адамды ешқашан ұятқа қалдырмайды. Ал нағыз эксперт қаржысыз қалмайды». Инфобизнесте тәжірибесі бар маман ретінде клиенттің портретін құрастырдым. Ол – өсемін, дамимын, алға ұмтыламын, біліміме инвестиция құямын деген кез келген адам. Олардың негізгі жанды жері – қандай да бір білімді қажет етуі. Жасы бойынша: 17-25 жастағы қыз-келіншектер мен 18-35 жастағы ер адамдар. Қазір білім алу оңай және көпшілікке қолжетімді болғанан кейін, көбі үйде отырып, онлайн форматта, қалаған уақытында, өзі қалаған жерде білім алуды көздейді. Мұны инфобизнестің мықты "фишкасының" бірі десек болады.Асхат Төлебаев, инфопродюсер, 26 жаста
[caption id="attachment_107158" align="aligncenter" > Асхат Төлебаев[/caption] Негізгі мамандығым - техник-механик. Ол салаға қызықпаған соң өзіме ұнайтын саланы іздеп, курстарға қатысып, түрлі кітаптар оқып, интернет маркетингті зерттеп, қосымша білім ала бастадым. Кейінгі үш жылда маркетинг саласында онлайн курс ашып, қызмет етіп жүрген мамандарға продюсерлік етіп келемін, яғни, онлайн курстарды ұйымдастырамын, жарнамасын жасаймын, команда құрамын, инфоөнімді сатуға дайындаймын. Әуелі Instagram-да парақшамды дамытып, жеке бренд қалыптастыруға жұмыс істедім. Желіде өзімнің қабілетім, қызметім туралы жаздым. Сөйтіп аудиториям мені тани бастады, менен кеңес сұрап, курсыма жазылғысы келетінін айтты. Сөйтіп менің қызметіме сұраныс артып, жеке консультациялар жүргізе бастадым. Кейін әлеуметтік желідегі таргетинг жарнамасы арқылы клиент жинадым. Оқырман сізге сеніп, өніміңізді сатып алу үшін өзіңіздің осы саланың маманы екеніңізді дәлелдеп, осы уақытқа дейін қандай адамдарға, қалай көмектескеніңіз жайында айтып, көрсету керек. Менің курсыма, жеке консультацияма бір салада тәжірибиесі бар және сол білімін, қабілетін басқаларға үйреткісі келетін мамандар қатысады. Мен бұл саланы енді бастап жатқан адамдармен жұмыс істейтіндіктен әзірге айына 300-500 мың теңге тауып жүрмін. Тәжірибие жинай келе табысты миллиондап көбейтуге болады. Меніңше, инфопродюсер саласына қазір де, 5 жылдан кейін де сұраныс арта түседі. Қазіргі курстар бір саланы жалпылама үйретіп жатыр. Болашақта соның ішіндегі көптеген ұсақ сала мамандары да сұранысқа ие болады және қазақша контент көбейеді.Мейірбек Бердібайұлы, Shonbay.online мектебінің негізін қалаушы, инфопродюсер
[caption id="attachment_107159" align="aligncenter" > Мейірбек Бердібайұлы[/caption] Инфобизнеспен айналысқысы келетін адам бір саланың маманы, сарапшысы болуы керек. Мысалы, бір кісі жақсы жазушы, кітап жаза алады, бірнеше жылдан бері мақала жазуы мүмкін. Сол адамның тәжірибесін, білімін ақшаға айналдыру үшін бірінші әдіскер арқылы ақпаратты басқаларға жеткізу жолын ұйымдастыру керек. Әуелі үйрететін ілімді бәріне түсінікті етіп, жинақтау маңызды. Егер бір саланың сарапшысы болсаңыз және сол салада жетістігіңіз болса, көпшілікке мойындалған маман болсаңыз, инфобизнесті бастау оңай болады. Сол кезде инфоөнім аудиторияға жеңіл сатылады. Клиент белгілі бір курсты немесе кітапты сатып алмас бұрын «Авторы кім, қандай жетістікке жеткен, немен айналысады?» деген сұрақ қойып, бәріне мән береді. Адамдардың жаңа нәрсе үйренуін көздейтін бұл салаға сұраныс жылдан жылға артпаса, кемімейді. Инфобизнеске кітап жазу, интернетте блог жазу, онлайн, офлайн курстар және жеке консультация кіреді. Мысалы, компанияларға барып өз қызметіңді, біліміңді сол жердегі мамандармен бөлісу де инфобизнеске жатады. Бізде өз ісінің шебері, саласының мықты мамандары көп. Бірақ оларда білімін сата алу қабілеті болмауы мүмкін. Сондықтан бұл бизнеспен айналысу үшін қажет екінші қабілет – біліміңді сата алу, басқаларға әдемі ұсыну шеберлігі. Әлеуметтік желіде белсенді болу қатты маңызды деуге келмейді. Бірақ Instagram-да, Facebook-те сізді біраз уақыттан бері танитын аудиторияның болуы бір плюс болады. Мысалы, миллиондаған оқырманы бар әншілердің бәрі инфобизнеспен айналысып, көп табыс таба алады дей алмаймыз. Себебі олардың оқырмандары әншіге ақша төлеп, бірдеңе сатып алуға дайын емес. Ал оқырманды оған дайындау үшін әлеуметтік желіде олармен жүйелі жұмыс істеу керек. Инфобизнесте бір байқағаным бастапқы кезде бәрі дұрыс жасалатын болса, дұрыс танылу, біліміңді дұрыс көрсету, маркетинг, сатып алу элементтерін қою арқылы кем дегенде 1 миллион теңге табуға болады. 5 миллион теңгеден жоғары табатын инфобизнесмендер орташа, ал 10-20 миллионнан жоғары табатындарды жақсы инфобизнесмен деп айтуға болады. Инфобизнесте қамтылмай жатқан салалар өте көп. Мысалы, қазір кітапқа сұраныс жоғары, кітап жазу бойынша, мұғалімдерге арналған тарих, математика бойынша курстар аз. Тіл үйретінін мектептер көп болуы мүмкін, бірақ ерекше әдістемемен үйрететіндері аз. Бұл жерде әдістеме өте маңызды. Мысалы, бір мектеп 3 айда, біреуі 9 айда үйретеді деген сияқты. Сондықтан әр салада инфобизнестің болғаны жақсы, саны көбейген сайын сапасы да арта бастайды.