20 жасында ажал құшқан Бекзатқа арнап күй шығарылды

20 жасында ажал құшқан Бекзатқа арнап күй шығарылды

Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановқа арналып «Дара тұлға» күйі шығарылды.

Үш бөлімнен тұратын құнды туындының авторы – Нұр-сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының «Қорқыт» дәстүрлі саз тобының көркемдік жетекшісі Шолпан Қорғанбек.

Күй күмбірінен Бекзаттың өмірін, жетістігін және жарқ етіп өткен сәттерін тыңдауға болады. Шығарманы халықаралық байқаулардың лауреаты «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы орындайды.

Халықтың Бекзатқа деген сағынышын сезген Шолпан Қорғанбек алаштың біртуар ұлы туралы деректерді жинай бастаған. Оның жарқын жеңісі мен ел жадындағы кішіпейіл бейнесі композиторды шабыттандырып, ғажап күйдің өмірге келуіне жол ашқан.

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді дана халқымыз. Бекзат мына бескүндік өмірден өтсе де, батырлығымен, адами асыл қасиеттері арқылы ел есінде қалды. Филармония ұжымы әрқашан дара ұлды естен шығармақ емес.


https://youtu.be/IYEhfRmFFzo