Жақсылық Сұлтанов: «Сәби анасының кеудесінде жатты»
Жақсылық Сұлтанов: «Сәби анасының кеудесінде жатты»

Алматылық полицей ұшақ апатынан кейінгі жағдайды атып берді.

«Бізге шақырту келіп түсті. Жақын маңда жүрген едік, оқиға орнына тез жеттік. Әріптесім екеуміз бірнеше адамды сыртқа алып шықтық. Арасында марқұмдар да болды. Сосын бізге «үйдің арт жағын қараңдаршы, тағы адамдар болуы мүмкін» деді. Біз ол жақтан 30-35 жастағы әйелді таптық. Ол аяғы сынып, үнсіз жатыр екен. Кеудесінде кішкентай сәби жатты. Бірақ алғашында мен оның бала екенін білмедім. Білген соң әйелге «баланы алып, жедел жәрдемге берем» дедім. Ол көзін жұмып, келісімін берді. Баланы көтере бергенде ол жылап қоя берді. Бірақ жолда үні шықпай қалды. Мен оны дыбысын шығарса екен деп сілкідім. Сосын нәрестені жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырдым», – дейді Жақсылық Сұлтанов.

Оның айтуынша, бала шамамен 6 айлық.

«Балақай тіпті кішкентай. Бір жасар балаға ұқсамайды. Өзім де әке болған соң білем ғой», – дейді полицей.

Айта кетейік, ұшақ апатынан кейін сәбиді құтқару туралы видео әлеуметтік желілерде тарап кетті. Нәрестені көтеріп алып шыққан Жақсылық Сұлтанов – Алматы қалалық полиция департаменті патруль полиция полкінің аға лейтенанты. Ол мұндай жағдайға бірінші рет тап болып отыр.

Сәби ми жарақатымен ауруханаға түскен. Іші, ішкі органдары соққы алған. Жағдайы бірқалыпты. Ал оның әкесі 27 жастағы Ғатиат Мақсұт Болатқанұлы бас жарақатымен шұғыл медициналық қызмет көрсету ауруханасына жатқызылды. Анасы 27 жастағы Ғатиат Айсұлу Ерқанатқызы кіші жамбастағы ұршық буынының соққысы, бел омыртқасының жарақаты диагнозымен түскен.