«Мен оны дыбыс шығарса екен деп сілкідім»

«Мен оны дыбыс шығарса екен деп сілкідім»

Алматы іргесіндегі ұшақ апаты орнынан түсірілген бейнежазбалардың бірінде кішкентай сәбиді бауырына қысқан полицейге ел на­зары ауды. Оның ақ күр­тешедегі баланы жедел жәр­дем қыз­метіне жет­кізуге асыққаны көрген жан­ның көзіне жас үйір­мей қой­майды. Көп ұза­май поли­ция қызметкерінің есімі бел­гілі болды. Ол – Ал­маты қа­ла­лық полиция де­пар­та­менті патруль полиция пол­кінің аға лейт­енанты Жақ­сылық Сұлтанов.

«Жақын маңда жүрген едік, оқиға орнына тез жеттік. Әріп­тесім екеуміз бірнеше адамды сырт­қа алып шықтық. Арасында марқұмдар да болды. Сосын бізге «үйдің арт жағын қараңдаршы, тағы адамдар болуы мүмкін» деді. Біз ол жақтан 30-35 жастағы әйел­ді таптық. Ол аяғы сынып, үнсіз жатыр екен. Кеудесінде кішкентай сәби жатты. Бірақ алғашында мен оның бала екенін білмедім. Білген соң әйелге «баланы алып, жедел жәр­демге берем» дедім. Ол көзін жұмып, келісімін берді. Баланы көтере бергенде ол жылап қоя берді. Бірақ жолда үні шықпай қалды. Мен оны дыбысын шы­ғарса екен деп сілкідім. Сосын нәрестені жедел жәрдем қызмет­керлеріне тапсырдым», – дейді Жақсылық Сұлтанов ҚазАқпарт агенттігі тілшісіне берген сұх­батында.

Кейіннен ол сәбидің 9 айлық Әділжан Ғатиат екені белгілі болды. Бала ми жарақатымен ау­руханаға түскен, ішкі органдары соққы алған. Жағдайы бірқа­лыпты. Ал оның әкесі 27 жастағы Мақсұт Болатқанұлы бас жара­қатымен шұғыл медициналық қызмет көрсету ауруханасына жатқызылды. Анасы 27 жастағы Айсұлу Ерқанатқызы кіші жамбастағы ұршық буынының соққысы, бел омыртқасының жарақаты диагнозымен түсті.

Бұдан бөлек бұл апатта 5 айлық және 8 айлық тағы екі нәресте жарақат алған. Шамамен 4-5 айлық нәрестенің аты – Асы­лым Ақболатқызы. Қыз баланың миы жарақаттанып, соққы алған. Сәбидің еңбегі ұрылып, сырыл­ған. Дәрігерлер баланың жағ­дайын бірқалыпты ауыр деп ба­ғалап отыр. Сәбидің ата-анасы Алматы облыстық көпсалалы ау­ру­ханасында жатыр. Анасы 28 жас­­тағы Сәттігүл Үсенге жарақат­тан кейінгі пневмоторакс диаг­нозы қойылған. Оң жақ жамбас сүйегі және оң жақтағы 9-шы қабырғасы сынған. Қазір жағдайы бірқалыпты. Асылымның әкесі 32 жастағы Даваа Ақболат ми жарақатымен ауруханаға түсті. Оның да жағ­дайын дәрігерлер бірқалыпты деп бағалап отыр.

Ұшақ апатынан 8 айлық Құралбай Дәмелі де зардап шекті. Бала қосарлы жарақатпен түскен, миы жарақат алған, шайқалған. Іші, ішкі органдары соққы алған. Жағдайы ауыр. Оның әкесі – 39 жастағы Нұрлан Төлебаев №4 ау­руханаға жабық ми жара­қа­тымен түскен. Миы шайқалып, кеуде тұсы соғылған.