Негізгі міндет – отбасын қиын жағдайдан шығару
Негізгі міндет – отбасын қиын жағдайдан шығару

Осы жылдың қазан айында Алматы қаласы Бостандық ауданында «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығы құрылған болатын. Жұмысын бастағанына аз уа­қыт болса да, орталық қыруар шаруа тындырды деуге бо­лады. Оған өткен үш айдың қорытындысын шығарған дөң­гелек үстел­де көз жеткіздік. Ор­та­лық­тың басты мін­деті – кө­мек­ке мұқтаж көпбалалы және аз қамтылған отба­сы­лар­дың өмір сүру сапасын арттыру, эконо­ми­калық дер­бес­тігін нығайтып, қиын жағдайдан шығу жолында ана­лардың жеке тұлғалық қабілетін арт­тыру.

«Бақытты отбасы» орталы­ғын­да заң­гер­лік кеңес беру, жұмысқа орналасуға жәр­­дем­десумен қатар, аналар мен олар­дың отбасыларына әлеу­меттік және пси­хологиялық қол­дау көрсетіледі. Қызмет алу­­шылардың барлық мәліметі қаралып, кейіннен мониторинг, интеграция, ананың әлеуметтік портретін жасау үшін және бүкіл отбасына одан ары әлеуметтік қол­дау көрсету үшін бірыңғай ба­заға енгізіледі.

– Орталықта жұмыс іс­тей­­тін­дердің 90 пайызы – көп­балалы аналар. Менің де 8 балам бар. Көп­­балалы ана­ның жағдайын өзім сияқты көп­балалы аналар жақ­сы тү­сінеді. Қазіргі таңда ор­та­лықта 23 қызметкер бар. Күн сайын шамамен 100-ден а­с­там ананы қабылдаймыз. Олар­ға психологиялық және моральдық тұрғыдан көмек көр­­­сетіп отырмыз. Бұл – өте күр­­делі жұмыс. Ана­лар ке­ліп анкета толтырады. Со­сын оны са­раптап, көмекке мұқ­­­таж ананы қандай ма­­ман­­ға жі­беру керектігін анық­таймыз. Психологқа, заң­герге жібереміз, тренингке жаздырамыз. Бір қы­зығы, бұл орталыққа тек өз ау­да­нымыздың аналары ғана емес, бүкіл қаладан, тіпті Алматы об­лы­сынан да келеді. Біз осы уақыт ара­лығында 5 000-нан астам ана­ға қызмет көрсетеміз деп ойла­ған­быз. Іс жүзінде 8 641 адам келіп­ті, – дейді «Бақытты отбасы» ор­та­лығының жетекшісі Гауһар Та­нашева.

Орталықта аналарға арналған түрлі бағыттағы курстар бар. Сұлу­лық салонының мамандары, ті­гінші, аспаз, компьютер курстары жұмыс істеп тұр. Курсты аяқтаған соң сертификат беріледі.

Өткен үш айда орталық «Ата­ме­кен» қоғамдық ұйымымен бір­ге «Бастау Бизнес» жобасына Бос­тан­дық ауданы бойынша 390 адам қа­тысты. Оның 91-і – көпбалалы ана­лар. 26 ана грант ұтып алып, оның бірқатары қазірдің өзінде өз істерін ашты. «Менің кәсібім» жобасы бойынша 20 көпбалалы ана кәсібін ашуға құрал-жабдықтар алды. Бұл жоба демеушілердің көмегімен іске асты.

– «Бақытты отбасы» жоба­сы­ның негізгі міндеті – отбасын қиын жағдайдан шығару. Кезін­де аталарымыз жағдайы жоқ адамдарға жылу беретін. Міне, осы көмекті мемлекет беріп отыр. Бұл – отбасын қиын жағдайдан шы­ғару үшін беріліп отырған көмек. «Ба­қытты отбасы» орталығы оларға үл­кен көмек қолын созып, жол сіл­тейді. Орталыққа келген аналар өз­деріне қажет дүниені алуда. Олар­мен арнайы психологтер жұ­мыс істейді. Алдағы уақытта бүкіл республикада осындай орталық ашу жоспарда бар, – деді Алматы қалалық әлеуметтік әл-ауқат бас­қар­­масының бақытты және ұзақ өмір сүру бөлімінің басшысы Нұр­жамал Рысқұлова.

Дөңгелек үстел барысында «Ба­қытты отбасы» орталығының ал­да­ғы уақытта ат­қа­рылатын жұ­мыс­тары баяндалып, көп­балалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы­лар­­ға, жалғызбасты аналарға және мүгедек ба­лаларды асыраушы от­ба­сыларға көмек көр­сету ме­ха­низмін одан ары жетілдіру мә­се­­лелері талқыланды.