Шикізаттық емес экспорт – 1 пайыз
Шикізаттық емес экспорт – 1 пайыз
222
оқылды

Қазақстанның экспорты құбылмалы болып тұр. 2019 жылдың сегіз айын­да Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 45 млрд 633,2 млн АҚШ долларын құ­­рады. Оның ішінде экс­порт 2018 жылға қарағанда 1,6%-ға азайып, 28 млрд 580 млн АҚШ доллары бол­­са, импорт 7,9% кө­бе­йіп, 17 млрд 52 млн АҚШ долларына жетті.

Пайда көзі – экспорт

Шет мемлекеттерге Қазақ­стан сапалы өнімдерімен белгілі. Бүгінгі күні экспортталатын та­уар түрі артып келеді. Шетел­ге өткізілетін өнімдер легін мұнай, астық, ет бастап тұр. Мысалы, астық экспорты бо­йын­­ша негізгі өңірлер – Шы­­­ғыс Қазақстан, Ақмола, Қос­танай облыстары және Нұр-­Сұлтан, Алматы қалалары. Ас­­тықтың дәстүрлі нарықтары – Орталық Азия, Иран, Қы­тай және Ауғанстан. Ал Қоста­най, Түркістан, Солтүстік Қазақ­стан, Ақмола және Алматы облыстары Ауғанстан мен Орталық Азияға ұнды көбірек жіберсе, өсімдік майы негізінен Қытай, Ресей және Орталық Азияға Алматы, Нұр-Сұлтан, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарынан жеткізіледі. Қазақстан үшін маңызды нарық – Еуразия экономикалық одағы. Онда $490 млн-ға 1,2 млн тонна ас­тық экспортталады. Қазақ­стан­ның келесі басымдық бері­летін нарығы – Иранға $329 млн сомасына 1,8 млн тонна қазақстандық ауыл­­шаруа­шы­лық өнімі экс­порт­талады. Парсы шығанағы елдерінің нарығы да Қазақстан үшін қы­зығушылық тудырып отыр. Мә­селен, БАӘ, САК, Бах­рейн, Оман, Катар, Кувейтке 2018 жылы 4,5 млн тонна қазақстандық АӨК өнімдері экспортталған. Жамбыл, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қа­зақ­стан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы көп экспорт жасаған. Қазақстан Түркияға $113 млн сомасына 455 мың тонна АӨК өнімдерін жеткізеді. Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары экспорт жөнелтуде белсенді.

Қазақстан Еуропа елдеріне $303 млн сомасына 900 мың тон­­наға жуық ауылшаруашылық өнімін экспорттайды.

Ор­талық Азияда біз Өзбек­­станмен белсенді сауда жүр­­гіземіз. Өткен жылы АӨК өнім­­дерінің экспорты $633 млн сомасына 3,9 млн тон­на­ны құрады. Осы орайда, Өзбек­­станға экспорт бойынша көш­бас­­шылардың – Түркістан, Қос­­танай, Ақмола, Шығыс Қа­зақстан облыстары және Алма­ты қаласының үлесі 78,1% құ­рай­­ды.

Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі мәліметінше, 2018 жылы Қазақстан 16 000 тоннаға жуық сиыр етін экспортқа шы­ға­рып, шеттен 15 000 тоннадан аса сиыр етін әкелген. Былтыр 60 тоннадан астам жылқы еті шетелге сатылса, екі жарым мың тоннаға жуық етті сырттан сатып алған. 3 800 тоннадан астам қой еті экспортқа шыға­ры­лып, 93 тоннадан астам ет шет­тен әкелінген. Экспортқа екі мың тоннадан астам шош­қа етін шығарып, бір мың тон­­надан астам етті сырттан әкел­ген. Ал 190 мың тоннадан аса құс етін шетелден сатып алған Қазақстан экспортқа 8,5 мың тонна құс етін шығарған. 2018 жылы Қытайға 60 тонна қой етін сатқан.

2019 жылдың алғашқы үш айында 5,4 мың тоннадан астам сиыр еті экспортқа кетсе, 2 мың тоннадан артық ет шеттен сатып алынған. Сол сияқты екі мың тоннаға жуық құс етін экспортқа шығарып, 33 мың тоннаға жуық етті өзге елдерден сатып алған. Осы мерзім ішінде шетелге небәрі бір тонна жылқы еті сатылып, 169 тоннаға жуық жылқы еті Қазақстанға сырттан әкелінген. Сонымен бірге 604 тонна қой еті шетелге сатылып, 6 тоннадан аса қой еті сатып алын­ған. Шетелге 330 тоннаға жуық шошқа еті сатылып, сырт жақтан 64 тоннаға жуық ет әке­лін­ген.

Қазақстаннан ет алатындар тізімінде Ресей, Армения, Өзбек­­стан, Иран, Бахрейн, Украи­на мен Қырғызстан бар. Ал Қазақстанға ет сататын мем­­­лекеттер арасында Ресей, Ук­раи­на, Беларусь, АҚШ және Уруг­вай аталады.

Бүгінгі таңда Қазақстан 119 елге 800-ге жуық өнім экспорт­тайды. Сонымен қатар еліміздің экспорт қоржыны жыл са­йын орта есеппен 5-8 өнім топ­­тарымен толықтырылады. Атап айтқанда, 2017 жылы экс­­­порттық тауардың жаңа топ­тары автокөліктер, күн пане­ль­­дері, газ қазандықтары, кар­­тридждер, рельстер және POS-терминалдар болды. 2018 жылы БАӘ нарығына бал­ды өнеркәсіптік мөлшерде экс­порт­тай бастады.

 

Мораторий зияны

Индустрия және инфра­­құ­ры­лымдық даму министр­лі­гінің 2019 жылғы 19 ақпандағы №89 «Қалпына келтірілген қағазды, картонды, макулатураны және қалдықтарды, ірі қара малдың өңделмеген терісін әкетуді реттеудің кейбір мәселелері туралы» бұйрығына сәйкес, қалпына келтірілген қағазды, картонды, макулатураны және қалдықтар, ірі қара малдың өң­делмеген терісін еліміздің ау­мағынан әкетуге 2 жыл мер­зім­­ге тыйым салу енгізілген еді.

Әрине, бұл тыйымның арқа­­сында жергілікті кәсіп­кер­­лерді қолдаймыз деген ой болғаны рас. Дегенмен мора­­торий таяқтың екі ұшы барын тағы да бір еске сал­ды. Кәсіпорындардың өзде­рі еліміздегі сойылған мал­дың терісін қабылдауға қау­­қ­ар­сыз болып шықты. Ха­­лыққа өткізген терісі үшін шетел­дік­тер сияқты дені дұрыс баға ұсына алмады. Әр өңірде тері қабылдайтын орын ашу ісі де жеткілікті деңгейде жолға қо­йыл­мады. Қытай зауыттары кесіл­ген, тесілген терілерді же­ңіл-желпі кемшілігіне қара­май қабылдай беретін болса, біздің кәсіпорындар қатал қарайды. Салдарынан бұрын сиыр терісі кемі 2-3 мың тең­ге тұрса, тыйымнан кейін 500-600 теңгеге түсіп кетті. Мора­­торийге дейін қолындағы бар ақшасына тонналап тері сатып алған кейбір кәсіпкерлер оны өткізетін жер таба алмай банкрот болды.

Мұндай жағдай қалпына келтірілген қағазды, картон­ды, макулатураны және қалдық­тар­ды қабылдау орындарында да қайталанды. Мысалы, газеті­­міздің №197 санында «Ба­тыс Қазақстан облысының орта­лығы Орал қаласында қағаз-картон қабылдайтын 6 мекеме бар. Бар болғанымен, олар­­дың қай-қайсысы да тап қазір жабылудың аз-ақ алдында тұр. Тұрғындар мен мекеме-кәсіпорындардан жиналған 1 тоннаға жуық макулатура мекемелердің ауласында тау болып үйіліп жатыр. Қағаз қал­­дықтарын отандық зауыт­тар­ға жеткізудің шығыны шаш етектен. Ал Ресейдің қар­ға адым жердегі бес бірдей губер­ния­сына шығаруға тыйым салынған» деп жазғанбыз. Бұл мәселе әлі де өзекті болып тұр.

 

Экспорт болашағы

Ұлттық экономика ми­нистр­­лігі 2018-2022 жылдарға ар­налған «Қазақстанның Ұлт­тық экспорт стратегиясын» түз­ді. Осы бағ­дар­­ла­ма «Қа­зақ­стан–2050» стратегия­сын­да белгіленген, атап айтқанда, ши­кізаттық емес экспорттың көлемін 2025 жылға қарай 2015 жыл­мен салыстырғанда екі есе ұл­­­ғайтуға бағытталған. Бағ­­дар­­­ламаға экспортталып жат­­­қан немесе экспорттауға ұсы­­­­нылып отырған жеті сала­дан 116 тауар енгізілді. Ше­тел­­­дік тұтынушыларға жол тар­татын тауарлар ішінде та­мақ өнеркәсібі тауарлары, ми­нералдық және химия­лық тыңайтқыштар, меди­цина бұйымдары, шыны бар. Пер­спек­­тива­лық қызмет көрсе­туге, экспорттық тұрғыдан алғанда көлік, туризм, қаржы және іскерлік қызмет көрсетулер, сондай-ақ білім, медицина, ғарыштық қызмет көрсету және ғарыштық жабдықты сынау жатады. Ал тауарды сату мен қызмет көрсетулердің пер­спективалық нарығы ре­тін­­де 27 ел анықталды: олар Ресей, Қытай, Беларусь, Үн­діс­­­тан, Иран, Қырғыз Республикасы, Түркия, Өзбекстан, Украина, Әзірбайжан, Армения, Ауған­­стан, Грузия, Латвия, Моңғо­лия, Нидерланд, Польша, Тәжікстан, Түркіменстан, Ұлы­­британия, Германия, Ита­лия, Финляндия, Франция, Швей­­цария, Оңтүстік Корея, Жапония.

Өткен қантар-қараша ай­ларында шикізаттық емес экс­порт бойынша 300 миллион тең­геге 61 келісімшарт жасал­ған. Бұл, әрине жалпы табыс    28 млрд 580 млн АҚШ дол­лары­ның бір проценті ғана. Ашығын айтқанда, бізді әлі күнге дейін бұл салада ілгерілеу болмай тұр­ғаны қынжылтады. Бұл біз­дің тек шикізатты сатып, дайын өнімдерді өткізумен ғана шек­теліп келе жатқанымызды ан­ғартады. Сонымен қатар алдағы уақытта шикізаттық емес экс­портқа мән бере түсуіміз ке­регін білдіреді.

Иә, сауда-саттық арқылы еліміздің әлеуметтік жағдайы арта түсетіні анық. Бұл салада 2019 жыл табысты болды. Келер жылдан үміт мол.