Темекіқұмарлар азаяр емес
Темекіқұмарлар азаяр емес
134
оқылды

25 желтоқсан күні Парламент Мәжілісінде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексті әзірлеу жөнінде жұмыс тобы жаңа темекі өнімдерін (электронды темекі, вейп және қыздырылатын темекі – IQOS, GLO) қарапайым темекі өнімдеріне теңестіретін түзетулерді бірауыздан қабылдады.

Осылайша, қоғамдық орындар­да электронды темекіні, IQOS, GLO-ны шегуге тыйым салынады. Оларға темекіге қарсы барлық заң нормалары қолданылады. Мы­салы, жоғарыдағы теме­кі өнім­­­дерін кәмелетке толмаған­дар­ға сатуға тыйым салу, өндіру­ші­лерге құрамын ашық жариялау міндеттеледі. Сондай-ақ олар жыл сайын есеп береді.

Темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салу – жастар арасында IQOS, GLO және электронды темекінің таралуына тосқауыл қояды. 2018 жылы Ұлттық қоғам­дық денсаулық сақтау орталығы еліміздегі 6 546 оқушының ара­сында зерттеу жүргізді. Қоры­тын­­ды бойынша ер балалардың ара­сында электронды темекі тұты­­натындар саны 2014 жылға қарағанда үш есе өскен. Яғни, 2014 жылы 2 пайызды көрсетсе, 2018 жылы көрсеткіш 6 пайызды нұсқады. Ал қыздар арасында электронды темекі шегу екі есе (1,1%-дан 2%-ға дейін) артқан. ⠀

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, елімізде жасөспірімдер 11 жастан бастап темекіге әуестеніп, жаңа түрін байқап көреді. 11 жастағы ұл­дардың 6 пайызы, 11-15 жас­та­­ғы қыздардың 3,7 пайызы өмі­рінде 1 рет болсын темекі өні­мін шегеді.⠀Демек, темекі өнім­де­рінің жаңа түрі жасөс­пірімдер мен жастар арасын­да таралуы – жаңа бір індеттің басталуына жол ашады. Сондықтан қарқынды түр­де күрес жүргізуді қолға алу керек. Осы орайда, «Қазақстанды темекі түтінінен азат ету» ұлттық коа­лициясы, «Салауат Астана» қоғам­дық бірлестігі жұмыс тобымен бірге жақсы нәтиже көрсетті.

Коалиция бірнеше жылдан бері темекі жарнамасымен қарқынды түрде күреседі. Қоғамдық бірлестік төрайымы Жәмилә Сыздықова дүкенде, сауда орынында темекі жарнамасына жол жоқ екенін жиі айтады. Адамның, оның ішін­де жасөспірімдердің визуалды қабылдауы миға сигнал беруге қабілетті екенін алға тартады. Сондықтан дүкен сөрелерінде темекі өнімдері бөлек тұруын немесе арнайы пердесі бар сөреде сатылуын талап етеді. Осыған байланысты коалиция 2018 жылы Қазақстанның бес қаласында тәуел­­­сіз зерттеу жүргізген. Қоры­тын­­­дыда көрсетілгендей, темекі өнім­дерін сататын 325 сауда нүкте­сі аталған өнімді пердесі бар сөреге ор­наластырған.

Пердесі бар сөреде сату нелік­тен пайдалы? Өйткені темекі өнім­де­рін ашық көрсету сатып алуды ынталандырады және сату көлемін 28 пайызға арттырады. 30 елдің тә­жі­­рибесі ішінара тыйым салу темекі өнімдерін тұтынуды 13,6 пайызға, ал толық тыйым салу­ды 23,5 пайызға төмендеткенін көр­се­теді.

«Қазақстанды темекі түтінінен азат ету» ұлттық коалициясы, «Салауат Астана» қоғамдық бірлестігі құзырлы мекемелермен бірігіп біраз істің басын қайырып жүр. Бір­лестік осы қарқынынан тай­ма­са, еліміздегі темекі өнімдері­мен күрес жандана түседі.

 

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ