Aikyn.kz ағаштардың кесілу себебін әкімдіктен сұрады. Қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы ағаштардың кесілуіне рұқсат берілгенін мәлімдеді.
"14 қаңтар күні "Елорда Даму" ЖШС құрылыс компаниясына 250 түп ағашты кесуге рұқсат берілді. Құрылыс компаниясы сәуірдің соңына дейін Пушкин және әл-Фараби көшелерінің қиылысындағы аумаққа 2430 ағаш отырғызуға тиіс", – деп жауап берді Нұр-Сұлтанның Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының қызметкері Уәлихан Қуанышов.Оның айтуынша, кесілген ағаштардың орнына көпқабатты тұрғын үй мен паркинг салынбақ. Әлеуметтік желі белсенділерінің жазуынша, ол жерге 9 қабатты 2 тұрғын үй кешенін салғалы жатыр. "Елорда Даму" ЖШС құрылыс компаниясымен бұл мәселе жөнінде байланысу мүмкін болмады. Ресми сайтында көрсеткен телефон нөмірлері жауап бермеді. Сату бөліміндегілер мұндай құрылыс туралы ақпарат түспегенін айтты. Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы Sulpak СҮ жанындағы 13 ағаш заңсыз кесіліп, дау шыққан еді. Кейін оның орнына Алматы әкімдігі 30 емен ағашын отырғызды.