Головкин – үздіктер қатарында
Головкин – үздіктер қатарында
176
оқылды

Business Insider порталы қазіргі заманның үздік 15 боксшысын анықтады. Портал тізім жасарда басты үш критерийді негізге алды. Рейтинг бойынша Сауль Альварес әлемнің үздік бокшысы атанды.

Сауль Альварес 53 жеңіс (36 нокаут), бір жеңіліс және екі тең нәтижемен үздіктер көшін бастады. Украиналық Василий Ломаченко екін­ші орынға тұрақтады. Оның еншісінде 14 жеңіс (10 нокаут) және бір жеңіліс бар. Үшінші орын аса ауыр салмақтағы Александр Усикке бұйырды. Бірде-бір рет жеңілмеген ол барлығы 17 рет (13 нокаут) жекпе-жек өткізген. Орта салмақтағы IBF және IBO нұсқалары бойынша Әлем чемпионы Геннадий Головкин 9-орынға табан тіреді. Қазақстандық боксшы карьерасында 40 жеңіс (35 нокаут), бір жеңіліс және бір тең нәтиже көрсеткен.

Даңқты боксшының рейтингтегі орнына 2017 жылы Сауль Альвареске қарсы өткен жек­пе-жегі әсер етті. Өйткені бұдан бұрын тү­зіл­ген рейтингтерде Головкин алдыңғы қатар­дан көрінетін. Мансабын әуесқой бокстан бастаған ол кәсіпқой бокста әлемнің мен деген боксшыларының тізіміне енді. Әлемге Big Drama Show сөзімен танылған боксшы Канеломен екі рет кездесу өткізген соң, түзілімдегі орны алма-кезек ауысты. Мысалы, 2019 жылы WBA (Б­үкі­ләлемдік бокс қауымдастығы) жаңартқан рейтингте орта салмақтағы 15 үздіктің тізіміне кірмеді.

Назарларыңызға 2019 жылы Prosports.kz жарияланған бірнеше рейтингті ұсынамыз. The Ring пен BoxRec қорытынды есебі бойынша Геннадий Головкин 4-орында тұр. The Ring қазақстандық боксшыға Сауль Альварестен кейінгі 2-орынды берген. WBC пен IBF Голов­кин­ді орта салмақтағы үздік боксшы деп белгілепті.

Иә, спорт тарихы мен жанкүйер жеңілісті ке­шірмейді. Головкин мен Альварес жұдырық­тасқан бокс кеші талайды әлекке салды. Әлемдік БАҚ пен әлеуметтік желіде әлі күнге аталған кез­десудің нәтижесі туралы кереғар пікір жарияланады. GGG мен Канело арасында үшін­ші жекпе-жекті өткізу туралы бірнеше ке­ліссөз болды. Алғашқыда 2019 жылдың мамырына белгіленген кездесуді WBC тарапы қабылдамады. Өз кезегінде Альварес үшінші жекпе-жектің міндетті түрде өтетінін мәлімдеді. Өзінің тек мық­тылармен қолғап түйістіргісі келетінін, ке­лесі кездесуде Головкинді нокаутқа түсіруге қауқары жетерін айтты. Демек, көпшілік күткен кездесудің болары анық. Тек қос тарап қаржы жағы мен өтетін орнын айқындауы, WBC оң қабақ танытуы керек.

Головкин мен Альварес өзара жұдырықтаспаса да, 2019 жылы шаршы алаңға шықты. Геннадий 8 маусымда Стив Ролска қарсы жекпе-жек өткізіп, канадалық боскшыны нокаутқа түсірді. Украиналық боксшы Сергей Деревянченкомен өткен кездесуінде орта салмақтағы Әлем чем­пионы белбеуін қайтарып алды. Ал Сауль Альварес 4 мамыр күні Дэниел Джейкобспен, 2 қарашада Сергей Ковалевпен қолғап түйістіріп, жеңіске жетті.


 Айзат АЙДАРҚЫЗЫ