Педагог заңы: пәрмен мен дәрмен
Педагог заңы: пәрмен мен дәрмен

Ел тарихында тұңғыш рет «Пе­­­да­­гог мәртебесі туралы» жеке заң қабылданды. Құжатты осы бей­сенбідегі отырысында Сенат құп­тап, ел Президентінің қол қоюына жол­дады. Депутаттар дән риза: олар жаңа заң ұстаз мәр­тебесін көтереді, оны қағаз­бас­тылық пен жүктемеден құт­қара­ды, материалдық тұрғыда ын­таландырады деп санайды. Алай­да мұғалімдердің көңіл толмайтын тұс­тар да жетерлік екенін жасыр­майды.

Адамзаттың көкірек кө­зін ашып, тіл ұстартып, сауаттан­ды­­­ра­тын мұ­ғалімнің мамандығы ХХ ға­­сырда елі­мізде әлемдегі бар­лық кәсіп ара­сындағы ең құр­­меттісі, қа­сиеттісі ретінде дә­ріп­телді. Ұстаз келе жат­са, үл­кен­­дер­дің өзі алыстан кү­тіп алып, сә­лем беру­­ге, тілдесіп қалу­ға тыры­са­­тын. Ал көше шаңын кө­­те­ріп, шапқылаған кір-қожалақ ойын баласы мұғалімге лайықсыз си­­патта көрінуден қаймығып, тым-тырақай қашып, тығылып қа­­латын.

Бірақ барлық салаға күйзеліс әкел­ген Кеңес Одағының құл­ды­рауы бұл мамандыққа да нұқ­сан келтірді. Педагог еңбегі елеу­сіз қала бастады, яғни бюджет бө­лісі кезінде білім беруге өзге «ст­ратегиялық» салалардан артыл­ған қаражат қана жұмсалатын. 90-жылдары ұстаздар өз ай­лы­ғы­ның коммерциямен айналы­са­тын кейбір шәкірттерінің табысынан әлденеше есе аз екеніне ұялатыны байқалатын.

Табанды, әділ, шыншыл мұ­ға­­­лімдерді сотқар оқушылар мен олар­дың ұрда-жық әкелерінің ұрып-соғу деректері де жиіледі. Жа­сы­ратыны жоқ, педагог беделі­нің түсуіне кейбір әріптестерінің жемқорлыққа бой алдыруы да ық­пал етті. Білім және ғылым ми­­­нистрлігінің өзі барлық мек­теп­ті жаппай «феминизация» жай­лағанын, салдарынан тарих, де­нешынықтыру, еңбек сабағы се­кілді бұрын ер мұғалімдердің кәсібі са­налған пәндер бүгінде әйел пе­дагогтер еншісінде қалғанын қынжыла мойындады.

Енді міне, педагог мәртебесін арнайы заңмен бекітуге тура келіп отыр.

 

Мыңдаған ұсыныстан тек 19 бап

Жаңа заң жобасын әзірлеу үшін БҒМ ғалымдардан, мұғалімдерден, заңгерлерден, депутаттардан жә­не бі­лім беру қызметкерлері кә­сі­­­по­дағының өкілдерінен тұра­тын арнайы жұмыс тобын құрды. Бір жылдай уақыт бойы осы топ мемлекетіміздің әр атырабында қап­таған кездесулер өткізді, ұстаз­дар қауымының талап-тілектерін тың­дап, ой-пікірлерін жинады. Нәтижесінде, 8600-ден астам ұсы­ныс келіп түскен. Содан топқа кір­меген былайғы сарапшылар да алақанын ысқылап, тұтас то­м­­ға бергісіз аса көлемді заң жо­­басын талқыға салуға іңкәр­лен­ді. Өкінішке қарай, «Педагог мәртебесі туралы» заңның Пар­ла­ментке енгізілген соңғы жоба­сы пышақ қырындай жұқа ғана бо­лып шықты. Өйткені Үкіметтің қар­жыға жауапты бөлігі шығыны көп ұсыныс-баптардың көпшілігін қабылдамай тастаған көрінеді.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жарты мил­лион­нан астам ұстазға қатысты заң жобасы небәрі 19 баптан тұра­­тынын жария етті. Мыңдаған ұсы­ныстан не себепті 19 бап қа­на қал­ғанына қатысты сұраққа ми­нистр А.Аймағамбетов: «Ең басты, ең керек нормалар қабылданды» деп қысқаша жауап берді.

Рас, Мәжіліс пен Сенатта пы­сық­тау барысында жоба шамалы то­лыққан. Бірақ оларды ауқымды деп айту қиын. Жұмыс тобында бол­ған төменгі палата депутаты Әбді­манап Бектұрғанов Мәжіліс депу­таттарынан 100-ге жуық түзету келіп түскенін айтады. Әйтсе де, жұ­мыс тобында қарау кезінде біра­зын алып тастау туралы шешім шы­ғарылған. Сөйтіп, Үкімет құп­таған 74 ұсыныс (оның ішінде ре­дакциялық түзетулер де бар) қа­на өтіпті.

Парламент енгізе алған өзге­ріс­тер мен толықтырулардың сал­мақ­тыларына ғана тоқталсақ. Үкіметтік нұсқада педагогтің әдеп-этикасын бұзған мұғалімге айып­пұл салу ұсынылды. Депутат­тар оны «әкімшілік құқық бұзушы­лық­тан» «тәртіптік теріс қылыққа» ауыс­тырды. Яғни, әкімшілік жа­за орнына сөгіс, жұмыстан қуу жә­не басқа да тәртіптік жаза қол­да­ны­лады.

Халықаралық олимпиада, кон­курс, спорттық жарыста озған жеңім­паз, жүлдегер оқушыны дайын­даған педагогке 3 лауа­зым­дық айлықақы (оклад) мөлшерінде бір­жолғы сыйақы төлеу туралы нор­ма қосылды. Бір кілтипаны сол, оған қажетті қаржыны әр мек­теп «өз қызметі бойынша үнем­дел­ген қаржы» есебінен табуы тиіс.

БҒМ заң жобасында педа­гог­­­терге ғана берілетін жеке мем­­лекеттік награданы та­ғайын­­дауды белгіледі. Бұған дейін мұ­­ғалімдердің төл төс бел­­гісі бол­майтын. Алайда мұ­ны азыр­қан­ған депутаттар «Қа­зақ­стан­ның ең­бек сіңірген ұстазы» құр­метті атағымен марапатталған пе­дагогке 1 000 айлық есептік көр­сеткіш (2020 жылы – 2 млн 651 мың тең­ге) біржолғы төлем тө­­­­ленуіне қол жет­кізді.

Мектепте ғана емес, сондай-ақ мәдениет және спорт саласын­да­ғы мемлекеттік білім беру ұйым­дарының және әскери оқу орын­дары­ның мұғалімдеріне де магистр дә­­­режесі үшін 10 АЕК (26 мың 510 теңге) қосымша ақы берілетін бол­ды.

Ауылдағы педагогтерге же­ке тұр­ғын үй салуы үшін жер учас­ке­сін бірінші кезекте беру кепілдігі көзделіп отыр.

Заң жобасының Үкімет әкелген нұс­қасында мұғалімді кәсіптік мін­детімен байланыспайтын жұ­мысқа тартуға тыйым салынды. Оны бұзған шенеуніктер айып­­­пұл­мен жазаланады. Со­ны­­мен бірге ұстаздарды «қоға­м­ның әлеу­меттік, мәдени және эко­но­микалық дамуына жәр­дем­десуге міндеттейтін» норма да қоса берілді. Бұған Мәжіліс тө­рағасы Н.Нығматулин бастаған де­путаттық корпус қарсылық біл­діріп, «бірін-бірі жоққа шыға­ра­тын ережелер» деп таныды және өт­кізбеді. Әйтпесе, осы талапты бас­­шылыққа алған жергілікті әкім-қаралар ары қарай да мұ­ға­­­­лімдерді жиналыс-кездесу ке­зінде залды толтыруға, үйлерді ара­лап, сауалнама жүргізуге, өрт не су тасқынымен күреске, ақы­сы төленбейтін басқа да қара жұ­мыс­тарға тарта беруі мүмкін еді.

Әскерге барғысы келмейтін боз­балалар тиісті оқуын бітіріп, мек­­теп не колледжге мұғалім бол­­са, армияға шақырылудан бо­­­сатылады. Бұл міндеттен ЖОО оқытушылары ғана құтылмайды. Бұрын әскери борышты өтеуді кейінге қалдыру ауылда жұмыс іс­тейтін мұғалімдер үшін ғана көз­делген еді. Енді қалалық педа­гог­терге де қатысты болады.

Зорлықпен сүйкімді болмай­сың. Соған қарамастан, бұдан бы­­лай оқушыларға, ата-аналарға, қо­­ғам белсенділеріне, тілшілер мен блогерлерге, жалпы қазақ­с­тан­­дықтарға педагогке қарсы бы­лапыт сөйлеуге, оны мазақ қы­луға тыйым салынады. Ақпа­рат құралдарын, WhatsApp мес­сенджерін, әлеуметтік желілерді пай­даланып, дәл осылай мұға­лім­нің ар-намысына тиетін әрекеттер жа­сауға да жол берілмейді. Бұл та­лапты бұзғандар әкімшілік жазаға ілі­гіп, айыппұл арқалайды.


Үкімет ұсынған игіліктер

Заңға сәйкес, бұдан былай БҒМ-ге және өңірлердегі білім бас­қармаларына педагогтен білім беру саласындағы заңнамада көз­дел­меген есеп түрлерін тапсыруды не өзге ақпаратты жинауды талап етуге рұқсат етілмейді. Мектепте заңда көзделмеген тексерулерді жүр­гізуге тосқауыл қойылады. Бі­лім ордасының басшысы педа­гогке қандай да бір тауарлар мен қыз­меттерді сатып алу жөнінде тап­сырма бере алмайды.

Мұғалімдер ұзақтығы 56 күнге дейін созылатын, ақысы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысына шығатын болды. Бұған дейін олар 42 күн демалатын. Бұлайша бірде-бір кәсіп иесі тынықпайтыны мә­лім.

Педагог балаларына тұрғы­лық­ты жері бойынша мемлекеттік тегін балабақшада бірінші кезекте орын беріледі. Ұстаздарға жыл сайын емделіп, сауығуға 1 айлықа­қы мөлшерінде жәрдемақы ұсы­ны­лады.

Тұтастай алғанда, Білім және ғы­лым министрінің мәліметінше, заңда көзделген шараларды жүзеге асыру үшін 2024 жылға дейін 5,3 трил­лион теңге шығындалады. Бюд­жет қаржысы ұстаздың жала­қы­сын екі есе арттыруға, оларға қо­сым­ша ақылар, үстемеақылар мен сыйақылар төлеуге, әлеуметтік кепіл­демелерді қаржыландыруға бағытталады.

Әйткенмен, шағын ғана заңда­ғы нормалар мұғалімнің ондаған жылдар бойы тапталған бедел-ажарын жақын арада асқақтата қоярына депутаттар да сенбейді.

«Ұстаздар және педагог маман­дығының артықшылығы туралы шынайы, қызықты мақалалар мен фильмдер жетіспейді. Педа­гог мамандығын насихаттау бойын­­ша жүйелі жұмыс жүргізу қа­жет. Мұғалімдерге арналған, ке­зін­де жабылып қалған ақпарат құрал­дарын, газет-журналдарды қайта ашу керек. Ол үшін бүгіннен бастап қандай жұмыстар, соның ішінде қандай заңнамалық тетіктер қажет екенін ойластыру керек», – дейді сенатор Бақытжан Жұмағұлов.


Ұстаздар неге қапалы?

Педагогтердің осы заңға қа­тыс­ты басты бір үміті – бейнеттің ерте зейнетін көру мүмкіндігімен байланысты болатын. Қоғамдық талқылауға салынған алғашқы нұсқада 30 жыл жұмыс өтілі бар мұ­ғалімдерге зейнеткерлікке ерте шығуға құқық беретін бап болды. Кейін ол жойылды. Кездесулер мен кеңестерде «педагогтер қауы­мы 100 пайыз қолдаған» (БҒМ де­регі) бұл жаңашылдықты Үкі­мет­тің қаржыгерлері құптамай қойып­­ты.

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев жұмыс тобы қараған бұл ұсынысқа Үкіметтің теріс қорытынды бергенін жеткіз­ді. Мұғалімдер үшін БЖЗҚ-ға жар­­на аударып тұратындай, мем­лекетте көп қаражат жоқ.

– Демек, қазір мұғалімдерге ер­­те зейнеткерлікке шығуға құ­қық берсек, олар зейнетақымен қам­тамасыз етуге жетерлік жинақ жи­нап үлгермеуі ықтимал. Ал ке­піл­­дендірілген базалық зейнетақы көлемі өте төмен. Сонымен қатар ауыр жұмыс істейтін шахтерлер мен өзгелер де осындай құқық беру мә­селесін көтереді. Сол себепті әзір­­ге бұл мәселе қаралмайды, – дей­­ді Ержан Жылқыбаев.

Бүгінде Білім және ғылым ми­нистрлігі «Педагогикалық әдеп қа­­ғидаларын» бекітуде. Оның ере­­­желері мұғалімнің кәсіби қыз­ме­ті мен еңбек тәртібі сапасын б­ағалаудағы критерийлердің біріне айналады. Ондағы жаңалықтарға сәйкес, «педагог сыбайлас жем­қор­­­лықтың алдын алу бойынша ша­ралар қабылдайды, өзінің шын­шыл, адал және әділ мінез-құл­қымен үлгі болады». Ұстаздар кор­­­рупцияға тосқауыл қою ісінің не себепті өздеріне жүктелгелі жат­қанын түсінбейді.

Әдеп кодексі бойынша педа­гогке өзге әріптесінің «кәсіби бі­лік­тілігіне көпшілік алдында кү­мән келтіруіне» тыйым салынады. Бұл – шенеуніктерге арналған кодекстен көшірілген норма. Сал­да­рынан мұғалімдер, мәселен оқу­лықтардағы қателерге қатысты пі­кір айта алмай қалады.

Қазақстанның Еңбек Ері, Пе­да­гогикалық ғылымдар академия­сы­ның академигі Айгүл Миразова заңда жас педагогтерді қолдауға және олардың құқықтарына мән бе­рілмегеніне назар аудартады.

«Жас мұғалім көп қиындыққа ке­зігеді. Жаңа ғана университет біті­ріп келгендіктен, санаты да жоқ, жетістік-көрсеткіштері де жоқ, демек жалақысы төмен бо­ла­ды. Оларға қол жеткізуі үшін 5-10 жыл кетеді. Арман-мақсаты биік бүгінгі жастардың көбі бұ­ған шыдамауы мүмкін. Егер әс­ке­­рилер секілді педагогтерге де зей­неткерлікке ерте шығу мүм­кін­дігі берілгенде, бұл жастарды қы­зықтырудың қуатты құралы бо­лар еді. Ұстаз еңбегі аса құнды», – дейді А.Миразова.

Білімді ұрпақ бақуатты бола­шақ­­ты түзеді. Мемлекеттің дамы­ған, бай, алдыңғы қатарлы болуы да соған байланысты. Ендеше ке­лешектің іргетасын қалайтын мұ­ға­лімнің беделін арттыру, саланы ең білікті кадрлармен толықтыру – мемлекеттік маңызды іс.