Экономика – 2019: қорытынды
Экономика – 2019: қорытынды

Жаңа жыл қарсаңында ескі жылдың есебін жасайтын дәс­­түр бар. Олай болса, биыл­ғы ел экономикасының аяқ алы­сы туралы не айтуға бо­ла­ды? Ресми дерек Қа­зақстан экономикасы 4,4 па­йыз­ға өсті дейді. Бұл цифр­мен келіс­пейтіндер де бар. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов он бір айдың қорытындысын жариялаған Үкімет отырысында жалпы ішкі өнімнің 4,4 пайызды құрағанын мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, эконо­ми­ка­ның өсуіне базалық салаларда өндірістің ұлғаюы, ішкі сұраныстың артуы және көрсетілетін қызметтер сек­торының дамуы, сондай-ақ ин­вестициялық жобаларды іске асыру фактор­лары ықпал еткен. Ал жалпы ішкі өнімнің өсуіне ең үлкен үлесті шикізаттық емес сектор қосыпты. Мұнда өңдеу өнер­кәсібі, көрсетілетін қызметтер секторы және құрылыс саласы негізгі рөл атқарған. Ал шикізат секторының, яғни ауыл шаруашылығы мен кен өндіру өнеркәсібінің эко­номикадағы үлесі
0,6 пайызды ғана құраған.

 

Ақшалы «Астана»

Қазақстан экономикасының өсімін қамтамасыз ететін басты бағыттардың бірі ретінде қарастырылатын «Астана» халықаралық қаржы орталығы үшін 2019 жыл табысты болды деуге негіз бар. Себебі АХҚО алаңы арқылы елімізге бір жылдың ішінде 130 млрд доллар ин­вестиция тартылды. Ағылшын құқы қағидатымен жұмыс істейтін қаржы орталығы биыл өз алаңында 250 ком­панияны тіркеуді мақсат еткен еді, нәтижесінде әлемнің 35 елінен 350 ком­панияны тіркеді. Қазақстан астанасы Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірінің рейтингінде 1-орынға шығып, Қаржы орталықтарының жаһандық индексінде (GFCI 25) 102-орыннан 51-орынға көтерілді. Ал «Белдеу және жол» бастамасының аясында АХҚО «Жыл жобасы» мәр­тебесіне ие болды.

Белгілі экономист, Стратегиялық бастамалар орталығының бас серіктесі Олжас Құдайбергеновтің пікірінше, биыл ел экономикасының аяқ алысы екінші жартыжылдықта ғана белсенділік танытты.

«Жалпы, биыл экономика тыныш­тау болды, ал жыл соңында мұнай бағасы мен теңге бағамы күтпеген жерден көтеріліп, оптимизмді қосты. Бірақ келесі жыл биылға қарағанда, қиындау болатын секілді. Бұл жыл саяси оқиғаларға толы болуымен есте қалды, экономиканың белсенділігі екінші жартыжылдықта ғана қалпына кел­тірілді. Ал экономикадағы жалпы жағдай нашарлап жатыр, өйткені барлық салада проблемалар бар және оны шешу үшін түбегейлі реформалар қажет», – дейді ол.

 

Әлемде 55-орындамыз

Есте болса, қазан айының басында Дүниежүзілік экономикалық форумы Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша есебін жариялаған-ды. Бұл есепте Қазақстан 141 елдің арасында 55-орын алды. Былтырмен салыс­тырғанда 4 орын алға жылжыппыз. Олжас Құдайбергеновтің айтуынша, аталған рейтингті жақсартуға негізгі үлес еңбек нарығын реттеу және эко­номиканың тұрақтылығын қамта­масыз ету шаралары ықпал еткен.


Президент айтқан сын

Мемлекет басшысы 15 қазанда өткен экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесте индустрияландыру бағдарламасы өнеркәсіп өндірісі мен өңдеу секторындағы құлдырауды тоқтатып, жаңа өнімдерді шығаруға мүмкіндік ашқанымен, экономика саласында түпкілікті серпіліс болған жоқ деп мәлімдеді. Президент айтқан түпкілікті серпілістің болмауының себебін экономист қаржыландырумен байланыстырады.

«Рас, индустрияландыру бағдарла­масы әлсіз нәтиже көрсетті, себебі ол өте аз қаржыландырылды. Бірінші бесжылдықта бөлінген ақша өңдеу өнеркәсібі саласына емес, жол құры­лысы және басқа салаларға жұмсалды. Екінші бесжылдықта бірінші бес­жылдықпен салыстырғанда, одан да аз ақша бөлінді. Сондықтан бағдар­ла­малардың көрсеткен максимумы – экономикадағы өңдеу өнеркәсіптің үлесін сақтау ғана болды», – дейді ол.

Алдағы жылы 2030 жылға дейінгі Ақша-кредит саясаты стратегиясы жасалмақ. Олжас Құдайбергеновтің пікірінше, қазіргі таңда экономикадағы басты проблема – ұзақмерзімді несие­лердің болмауы және жоғары пайыздық мөлшерлемелер. Бұл параметрлермен индустрияландыруды жүзеге асыру қиынға соғады. Сондықтан Ақша-кре­дит саясаты стратегиясы осы мәселені шешуі керек.

 

Ұлттық қор – «жедел жәрдем» бе?

Ел экономикасында Ұлттық қор маңызды рөл атқарып келеді. Мәселен, республикалық бюджет кірісінің төрттен бір бөлігіне жуығы Ұлттық қордың трансферті арқылы қамтамасыз етіледі. Бірақ болашақ үшін ашылған қазынаға үнемі қол салуға болмайтынын Президент те, сарапшылар да айтып жүр. Мысалы, Мемлекет басшысы Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерді біртіндеп азайтуды тапсырған. Алайда 2020-2022 жылдарға арналған Респуб­ликалық бюджетте Ұлттық қордан бөлінетін трансферт былтырғы деңгейде қалды, яғни азайған жоқ. Бюджет қоржынын Ұлттық қордағы қаржыға қашанғы тәуелді ете береміз? Олжас Құдайбергенов егер экономикалық модельді өзгертпей Ұлттық қордың аударымынан бас тарта алмайты­ны­мызды айтады. Сондықтан экономика­лық саясатты жаңарту қажет. Айтқандай, биылғы Стратегиялық бастамалар форумында Олжас Құдайбергенов Жаңа экономикалық саясат жобасын ұсынды. Жобада қысқа мерзімде экономикалық өсімге қол жеткізудің тетіктері баян­далды. Эко­номистің айтуынша, бүгінгі таңда барлық деңгейде жаңа эконо­мика­лық саясаттың шаралары талқы­ланып жатыр екен. «Біз бұл шараларды ал­ға бастыруға бар күшімізді саламыз», – дейді ол. Тәуелсіз сарапшылар осылай ел экономикасын дамытудың жаңа үлгісін ұсынып отыр. Ал Үкіметтегі жауап­ты министрлер экономикалық өсім­ді арттыру үшін қандай іс-шараларға көңіл бөлмек? Ұлттық экономика ми­нистрі орталық және жергілікті атқару­шы органдар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ерекше бақылауға, инвестициялық жобалар пулын іске асыруға, шағын және орта бизнесті жандандыру үшін жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға көңіл бөлуі тиіс деп санайды.

 

Мораторий

«Келесі жылдан бастап микро және шағын бизнесті тексеруге мораторий енгізіледі. Сондай-ақ олар үш жыл мерзімге табыс салығынан босатылады. Бұл экономиканы дамытуға жаңа импульс береді», – дейді Руслан Дәленов.

Министр айтқан тетіктердің эконо­миканың дамуына қаншалықты ықпал еткенін келер жылдың соңында білетін боламыз.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ