Бүгін еліміз бойынша коронавирус індетіне қарсы жаппай вакцинация басталды. «Спутник V» вакцинасын Тараз қалалық емханада алғашқылардың бірі болып Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Берік Нығмашев пен Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев салдырды.
Жалпы таң сәріден бірінші кезең бойынша медицина мамандары қалалық және аудандық ауруханалар мен емханаларда сынама тапсыруда. Облыс әкімінің орынбасары мен Денсаулық сақтау басқармасының басшысы да бірқатар сынамаларын тапсырып, оң нәтиже көрсеткеннен кейін коронавируске қарсы вакцина қабылдады. Екпеден кейін жарты сағат дәрігерлердің бақылауында болған шенділердің жағдайын арнайы барып біліп қайтқан едік. – Бүгін ерікті түрде вакцина салдырудамын. Ең бірінші өзімнің денсаулығымды ойлап, одан кейін көпшілікті вакцинацияға шақыру мақсатында осы қадамға барып отырмын. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та алғашқылардың бірі болып екпе салдырды. Өздеріңіз көріп отырғандай ол кісінің жағдайы жақсы. Сондықтан тұрғындарды ештеңкеден қорықпай, вакцина салдыруға шақырамын. Әрине адам болғаннан кейін бойыңда толқу болады. Бірақ екпе салғанда еш нәрсені сезген жоқпын. Өзімді жақсы сезініп отырмын, – дейді облыс әкімінің орынбасары Берік Болатұлы.Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы