Козловқа күн көрсетпей жатыр
Козловқа күн көрсетпей жатыр

Кеңсені тінту Көкшетау қаласында Абай көшесінде орналасқан бизнес-орталықта 29 қаңтар күні түнде болған.

Бірнеше жігіт кеңседен қапқа оралған заттар мен компьютерлерді көтеріп шыққан. Оларды осы бизнес орталығында кеңселері орналасқан Trustchem chemical, «Азия Агрохим» және «Агрофирма «Берекет-2050» қызметкерлері үрпиіп шығарып салыпты. Оқиға орнына кәсіпкер Борис Козлов та жеткен. Оның фирмасы егін егетін пестицидтер шығарады. Зеренді ауданы әкімдігі Борис Козловты тарихи мұраларды көздің қарашығындай сақтап, рухани құндылықтарды дәріптейтінін айтып отыр. Уәли ханның қараусыз қалған моласын қоршап, белгі орнатқан. Осы оқиға бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ақылбек Смағұлов кәсіпкер жайлы өз пікірін білдірді.

«Мемлекет іс жүзінде әр кәсіпкердің құқын қорғауы тиіс. Салық пен жалақыны уақытылы төлеп отыр. Халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындап отырған кәсіпкердің де мүддесі заң бойынша қорғалуы керек. Ал іс жүзінде не болды? Кез келген құқық қорғау органы қылмыстық кодекске сүйеніп, қылмыстық құқықбұзушылық туралы фактіні дереу тіркеп, сотқа дейінгі тергеуге алып, кәсіпкерді барынша қуғындай бастайды. Ал бұл жерде қылмыстық іс жүргізу кодексі 2017 жылы қабылданған мамандандырылған ауданаралық сотының заңды күшіне енген шешіміне  қарама-қайшы келеді. Ал заң күшіне енген сот шешімі оның қатысушылары үшін бірдей екені конституциялық «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі» туралы заңда көрсетілген, – дейді Ақылбек Смағұлов.

Ал кәсіпкер Борис Козлов Мемлекет басшысынан араша сұрайтынын айтты.

«Үш жылдан астам уақыт ақша қарызы бар компанияларды рейдерлер еткісі келеді. Біз объективті тергеу жүргізуін өтінеміз. Егер мен кінәлі болсам, өз қателіктерім үшін жауап беремін. Бірақ менде бәрі заңды. Барлығы құжаттар дұрыс. Тәулік ішінде менің кеңсемді тінту жүргізгені ақылға сыймайтын дүние», – дейді Борис Козлов.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры да жедел тергеу іс жүзінде шектен шығып, құрылтайшы, оның туған-туысы мен қызметкерлерінің үйінде жүргізіліп жатқанын айтты. Ал құрылтайшының жауапкершілігі тек оның жарғылық капиталы мен заңды тұлғаның мүлкімен шектелуі тиіс екенін атап өтті. «Бұл туралы еліміздің азаматтық кодексінде, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер туралы заңда да жазылған. Біз бұл мәселені Бас прокуратура мен Ақмола облысының прокуратурасына қалдырмақпыз. Сотқа дейінгі тергеуді жоғарыдан бақылайтын қызметкелер тиісті құқықтық бағасын береді деген сенімдемін. Кәсіпкер Борис Козлов та үміттеніп отыр, – дейді Ақылбек Смағұлов. Облыстың кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта да қылмыстық тергеуге алынған кәсіпкерлерді қолдауды жалғастыруға бекініп отыр.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы