Цифрландыру жобаларының экономикалық қана емес, әлеуметтік әсері де мол.
Үкіметтік деңгейде бірнеше рет көтерілген «Цифрлық кеніш» бағдарламасы Қазақстандағы өнеркәсіпті цифрландыру бағытындағы жетекші жобалардың бірі.
Жобаны 2017 жылдан бастап республикадағы алтын өндіретін жетекші компаниялардың бірі пилоттық режимде жүзеге асыруда. Жобаның міндеті – жаңа технологиялы кен орнын құру, ондағы өндірістік цикл мен барлық бизнес-процесті толық цифрландыру. Алайда, бұл механизмді іске қосу үшін, ең алдымен, тұрақты, талшықты-оптикалық интернетпен қамтамасыз етілген желілік инфрақұрылым құру қажет болды. Өйткені диспетчерлік жүйе, өндірістік учаскелердегі интернеттің үйлесімді жұмысы үшін жоғары жылдамдықты Wi-Fi кеңістігі қажет. Сондықтан Huawei жобаның негізгі серіктестерінің біріне айналды.
«Huawei Technologies Kazakhstan-ның тарихы бай. Экономиканың түрлі саласында табысты жүзеге асырылған көптеген жобасы бар. Кез келген технология жаңалығы мен инновация нақты тұтынушының қолданысына еніп, сіңіп кетуі керек», – деді клиенттермен жұмыс істеу жөніндегі менеджері Михаил Чурсин.
Экономикалық әсері
«Цифрлық кеніш» жобасының басты мақсаты – бірыңғай базалы және жүйелі IT ландшафт құру. Оның ішіне сапалы байланыс арналары, серверлік инфрақұрылым, ақпаттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бизнесті басқаруды дамытуға арналған техникалық қолдау кіреді.
Жоба жетекшісі, «Алтыналмас АК» АҚ IT және корпоративтік даму жөніндегі вице-президенті Жанар Аманжолованың айтуынша, қазір осы жоба аясында жаңғыртылған диспетчерлік орталықтары бар IT инфрақұрылымы сәтті құрылған.
Жалпы, «Цифрлық кенішке» көптеген шағын жоба кіреді. Huawei және басқа компаниялармен бірлесе отырып шахталарға Wi-Fi жүргізіп, Ақбақай және Ақтоғай кен орындары жерүсті Wi-Fi-мен қамтамасыз етілді.
Қияқты темір жол станциясынан «Ақбақай» кенішіне дейін ұзындығы 125 шақырым болатын талшық-оптикалы байланыс желісі (ТОБЖ) салынды. 2019 жылдың сәуір айында «Ақбақай» жобасына жоғары жылдамдықты интернет ұсыныла басталды. Сондай-ақ Ақбақай және Бескемпір шахталарында 107 жерасты Wi-Fi нүктесі орнатылды.
Мұнымен қатар, «Ақтоғай» жобасы үшін карьер, орталық қойма, кен қоймасы, диспетчерлік және басқа да өндірістік учаскелерді қамтитын, жылдамдығы-300 Мб/с тұрақты сигнал беретін 23 нүктесі бар жерүсті Wi-Fi салынған.
Диспетчерлік орталық түрлі өндірістік жабдықтардан, соның ішінде Huawei коммутаторларынан құрастырылды.
«Цифрлық кеніш» жобасынан алынған алғашқы нәтижелердің бірі –
шығындарды азайту. Осылайша, диірмендегі шар деңгейін өлшеген кездегі (ескерт. кенді ұсақтау үшін) регламенттелген тоқтап тұруларды қысқарту нәтижесінде, 2020 жылы алтын шығаруды ұлғайтудан түсетін кіріс 424,7 мың доллар болды деп болжанған.
Алдын ала құрылған процестердің арқасында, қиындықтарға қарамастан, «Цифрлық кеніштің» жұмысы тіпті қатаң шектеулер кезінде де бір күнге де тоқтаған жоқ.
«Қазір таңда бұл технологиялар зор көмек көрсетті. Пандемия және карантин режимі кезінде біз учаскелерімізді қашықтан басқара алдық», – деді жоба менеджері.
Карантин енгізілгеннен кейін кен орнына бару немесе қызметкерлерді шығару мүмкін болмады. Алайда, жедел іске қосылған жүйелердің арқасында жұмысты бас кеңседен басқарып, бақылай отырып, қашықтан жұмыс режиміне көшірілді. Ал қызметкерлер сол жерде отырып-ақ отбасынан хабар алып отырды. Жоғары сапалы интернеттің арқасында мәжбүрлі оқшаулау кезінде отбасымен онлайн хабарласып отыруға мүмкіндік мол болды. Сапалы интернет байланысы барлық жүйенің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етті, оларды бақылау да үзілген жоқ. Сөйте тұра, компанияның барлық қызметкері қашықтан жұмыс істеуге көшірілді. Олар әлі де осы режимде жұмыс істеп жатыр.
Әлеуметтік әсері
Жобадағы негізгі қиындықтың бірі – нысанның халық аз қоныстанған ауданда орналасқаны болды. Жоба басталғанға дейін жергілікті тұрғындар мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандары мүлдем байланыссыз болды.
«Ақбақай» және «Ақтоғайдағы» инфрақұрылым аясында компания жақын маңдағы елді мекендер үшін де интернет арналарын таратты. Осылайша, жергілікті тұрғындар да айтарлықтай әлеуметтік қолдауға ие болды.
Карантин кезінде интернетпен қамтамасыз ету мәселесі ерекше маңызды болды. Интернетпен қарапайым азаматтар ғана емес, сонымен қатар әкімдіктер, медициналық пункттер, балалар мекемелері және т.б. нысандар да қамтамасыз етілді.
Бұның арқасында пандемия кезінде білім беру мекемелеріне бара алмайтын жастар мен мектеп оқушыларына қашықтан білім алуға мүмкіндік берілді. Байланыс операторлары желі жүргізуге құлшынбағандықтан, мұның барлығын компания өз есебінен жасады.
«Бұл жобаны жүзеге асырудың оң әсерін біз биыл өндірістік учаскелердегі операциялық қызметті пандемия режимінде қашықтан басқарған кезде көрдік. Сондай-ақ, жүргізілген инфрақұрылымдардың арқасында жақын маңдағы елді мекендерге әлеуметтік көмек пен қолдау көрсете алдық», – деп сөзін түйіндеді Жанар Аманжолова.
Болжам бойынша 2022 жылға қарай тау-кен кәсіпорындарының 30%-ы 5G, LTE, спутниктік және тіркелген желілер арқылы үйлестірілген стратегияларын әзірлейді және инвестициялайды деген жоспар бар. Бұл тұрғыда Huawei компаниясының рөлі де даусыз болмақ. Сондай-ақ, осы уақыт ішінде ірі тау-кен өндіруші компаниялардың 60%-ы цифрлық өндірістік инновациялық орталықтарға ие болады деп болжануда.